StartupWeekend: "күн шамы" мен Ice Killer

4825

Астана әкімдігі елорданы миллиондаған теңге үнемдеуге мүмкіндік беретін Sunproject-тің "күншамымен" жарықтандырмақшы.

StartupWeekend: "күн шамы" мен Ice Killer

Sun project "күн шамы" – бұл 14-16 шілде аралығында Астанада өткен Startup Weekend байқауының жеңімпазы: көшені дәстүрлі көмір электр энергиясын қолданбай жарықтандырудың жобасы. Sun project инноваторлар тобының алдына қойған мақсаты – бас қаласының көшелерін жарықтандыруға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін миллиондаған шығынды азайту. Тіпті осындай ауқымды соманың өзі Астананың маңындағы қалаларды жарықтандыруға жеткіліксіз болып жатады.

Жеңімпаздар ұсынған стартап-жоба шам бағанасын орталық электр жабдықтау құрылғысынан тәуелсіз етіп, электр қуатын төлеуге жұмсалатын шығынды толығымен алып тастайды. Шам күндіз күн сәулесінен қуат алатын батареядан тұрады (энергия бағананың түбінде жинақталады), ал кеш батысымен "ақылды" шам күні бойы жинаған энергия қорын жұмсай бастайды, бұл энергия ертеңгі таң атқанша дейін жетеді.

Арнайы орнатылған датчик жиналған энергияны бекер жұмсауға жол бермейді: осындай шамның астында адам немесе көлік жүрмесе, шамның жарығы күңгірт тартып тұрады, ал шам жарық беретін аумақта қозғалыс басталған кезде жарық айқынырақ жанады. Яғни күн ұзаққа жиналған энергия қоры тіпті бұлтты ауа-райының өзінде бірнеше түнге жетуі мүмкін.

Жоба тиімділігімен қызықтырады. Sun project тобының өкілі Санат Сейітов атап өткендей, мұндай шамдағы бір лампаны пайдалану кезеңі он алты жылды құрайды, ал люминесцентті шам үш жыл пайдаланылса, қыздыру лампасында бұл кезең қырық бір күнді құрайды. Жарықдиодты шамның тағы бір артықшылығы – жарық түсіру айқындығы мен ультракүлгін және инфрақызыл сәулелердің болмауы, люминесцентті және қыздыру шамдары туралы олай айтуға болмайды.

Аталмыш жобаны өнеркәсіптік өндірісте іске қосуға қажетті инвестиция құны, жоба авторларының бағалауы бойынша, екі миллион екі жүз отыз екі мың теңгені құрайды. Жоба бір жыл және екі ай мерзімнен кейін жұмсалған шығынның орнын толтырады дейді авторлар. Sun project тобының есептеулеріне сүйенсек, егер жоба биыл іске қосылса оның таза табысы қаланы жарықтандыру қажеттілігіне орай миллион төрт жүз он тоғыз мың теңгені құрайды, 2019 жылы – сегіз миллион сегіз жүз отыз тоғыз мың теңге, ал 2020 жылы он бес миллион тоғыз жүз тоқсан бір мың теңгені құрамақ.

Жобаны іске қосу үшін бастапқы кезеңде екі млн-нан сәл артық қаражат салу инвесторды қызықтырары сөзсіз, сондай-ақ бұл жоба болашақ тұтынушы – жергілікті билік үшін де тартымды болып отыр. Sun project-тің есептеулеріне көз жүгіртсек, екі жылда бір жарықдиодты шамға жұмсалатын шығын алпыс мың теңгені құрайды, бұл шамның өзіндік құны және орнатуға жұмсалатын шығынын қосқандағы сома. Ал осы кезеңде қарапайым өнімге жұмсалатын шығын елу тоғыз мың жеті жүз тоқсан төрт теңгені құрайды, бұл өнімнің өзіндік құны мен электр энергиясына жұмсалатын шығын.

Осылайша, қысқа мерзімде күннен қуат алатын шам өзінің дәстүрлі баламасына жол беріп отыр – бұл кезеңде оған жұмсалатын шығын 206 мың теңгеге жоғары. Алайда ұзақ мерзімде Sun project-тің өнімі бұл айырмашылықты лампаның жұмыс істеу мерзімінің ұзақтығы және дәстүрлі электр энергиясын үнемдеу есебінен жабады. Бір жарықдиодты шамға он бес жылда кететін шығын сол алпыс мың теңгені құрайды. Ал қарапайым лампаның бір шамына жұмсалатын шығын 245 мың 955 теңгені құрайды.

"Нәтижесінде бір шамнан он бес жылда жүз сексен бес мың тоғыз жүз елу бес теңге үнемдейміз, ал осы уақыт ішінде мың шамнан жүз сексен бес миллион тоғыз жүз елу бес мың теңге үнемдеуге болады", – деді өз жобасын таныстырды Санат Сейітов.  Startup Weekend байқауының қорытындысы бойынша Sun project  жобасы бірінші орын алып, жүлделі екі жүз елу мың теңгеге ие болды. Сонымен бірге қалалық әкімдік бұл жобаның Астана қаласында іске асуына қызығушылық танытып отырғанын айтып кеткен жөн.

Қала әкімдігі "күн шамы" авторларының идеясын іске асыру үшін инвестор қарастырып жатыр, сөйтіп жобаны өндіріске шығармақ. Бұл өнімнің негізгі тұтынушысы әкімдіктің өзі болып отыр, сондықтан бұл инновацияны өткізу нарығын қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ осы байқаудың  екі жеңімпазы– Ice Killer және Tazalyk жобаларының авторларына қолдау көрсетіледі. Ice Killer жобасының авторлары Астана қаласындағы жаяу жүргіншілер жүретін жердегі көктайғақ салдарынан туындап жататын көше жарақаты проблемасын шешуді ұсынды. Олар шағын механикаландырылған жабдықты пайдалану арқылы жолдардағы мұзды тез тазалап шықпақшы.

Жоба авторларының айтуынша, бұл құралдың әлеуетті өткізу нарығы бес миллиард жеті жүз мың теңге, қол жетімді нарығы үш миллиард тоғыз жүз мың, ал мақсатты нарығы сегіз жүз он бір миллион тоғыз жүз мың теңге. Бұл жоба негізінен қаланың коммуналдық қызметтері, сервистік компаниялар үшін қажет.

Tazalyk Startup Weekend-те қатты тұрмыстық қалдықтарды өндірушілер мен тазалаушылар арасында байланыс орнатуға мүмкіндік беретін мобильдік қосымшасын ұсынды. Осылайша, қоқыс таситын көліктер белгілі бір бектіліген кесте бойынша емес, қоқыс жәшіктері толған кезде ғана жинау үшін шығады. Үш жүлделі орыннан басқа бұл іс-шарада Астана әкімінің бастамасымен Әсет Исекешевтің арнайы жүлдесін "Басқарудың әмбебап модулі" жобасын жасаған Double Bro's тобы иеленді. Әкім бұл топтың идеясын қош көріп, байқау жеңімпаздарымен қатар бұл өнімді ілкі жобалар тізіміне енгізуді шешті.

Double Bro's идеясы – бір жеке үйдің не толық ауданың болсын инфрақұрылымын басқаруға мүмкіндік беретін модуль құру. Бұл жобаны мынадай салаларға енгізуге болады: ПИК-ті автоматтандыру (су тарту, электр энергиясы туралы мәлімет жинау), "ақылды үй" (жарықты, бейнебақылау жүйелерін басқару), қаланың инфрақұрылымы (сыртқы жарықтандыру, логистика).  Бұл өнімнің болашақ тұтынушылар тізімі айтарлықтай кең: ПИК, жеке тұлғалар, жекеменшік ұйымдар, бизнес-орталықтар мен қала әкімдіктері.

Айта кету керек, шілдеде өткен Startup Weekend Астана әкімдігіне қала өмірін жақсартуда жаңа шешімдерді іріктеп, іске асыру үшін және инвесторлар іздеуге мүмкіндік беретін соңғы іс-шара емес. Бұл стартаптар байқауы Astana Innovations Challenge – жыл соңына дейін кезең-кезеңмен өткізілетін алты байқаудың қатарына кіреді. Серия төрт Startup Weekend пен екі хакатоннан құралған (мұнда инноваторлар алдын-ала дайындалған жобаларын таныстырмай, әкімдік айтқан проблемаларды шешуде бас қатыратын болады).

Әйгерім Сүлейменова, Дарья Покидаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу