Стати ісі: Люксембургтегі сот ұзаққа созылуы мүмкін

2957

500 млн доллардың тағдыры әлі белгісіз.

Стати ісі: Люксембургтегі сот ұзаққа созылуы мүмкін

Люксембург кассациялық соты Қазақстанды 500 млн доллар төлеуге міндеттейтін төрелік шешімді апелляциялық сотқа кері жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Еске салсақ, 2017 жылғы тамызда Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom Group S. A. және Terra Raf Trans Trading Ltd (Стати) тарабы Люксембург сотында өздеріне тиімді сот шешіміне қол жеткізген болатын.  Яғни, 2013 жылы Қазақстанға қарсы Энергетикалық Хартия шарты бойынша шығарылған төрелік шешім Люксембург Ұлы герцогтігінде орындалуға жатады деп ұйғарылған. Қазақстанның аппеляциялық сотқа шағымданған әрекеті сәтсіз болып,  2019 жылғы 19 желтоқсанда әуелгі шешім өзгеріссіз қалған.  

"2020 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы кассациялық шағым берді. Атап айтқанда, Люксембургтің апелляциялық соты Статидің алаяқтығының аса маңызды дәлелдерін, яғни Статидің бұрынғы аудиторлары KPMG-дің Статиге тиесілі үш компанияның үш жылдағы қаржылық есептілігі бойынша шығарылған аудиторлық қорытындыларды жарамсыз деп тану туралы хаттарын дұрыс қарамады деп мәлімдеді. 2021 жылғы 11 ақпанда Люксембург кассациялық соты Қазақстан Республикасының шағымын қанағаттандырып, Люксембург апелляциялық сотының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы шешімінің күшін толығымен жойды. Кассациялық сот апелляциялық соттың заттай дәлелдемелерге сүйенгенімен, тараптар арасындағы пікірталасқа жол бермеу арқылы іс жүргізу процедурасын бұзды деген қорытындыға келді. Осы негізде кассациялық сот апелляциялық соттың шешімі тиісті құқықтық процедураны бұзады, сондықтан жарамсыз деп танылуы керек деп шешті. Енді бұл істі Люксембург Апелляциялық сотының басқа палатасы қайта қарайды", - деп жазады минстрліктің баспасөз қызметі.

Жыл басында Люксембург округтік соты да Стати іс бойынша түбегейлі шешім қабылдаған болатын. 2021 жылдың 8 қаңтарында Қазақстан тарабының Статиге қарсы берген қылмыстық арызы салмақты екенін мойындап, қылмыстық процесс аяқталғанға дейін Статидің төрелік шешімге қатысты құқықтарын тоқтатқан болатын.

Әділет министрлігінің өкілдері кассациялық соттың осы жолғы шешімі Стати тарабының әрекет аясын тарылта түсті деп бағалайды. 

"Енді, кассациялық соттың осы іс бойынша жақында қабылдаған шешімінен кейін, Статидің төрелік шешімге Люксембургте мүлдем құқықтық негіздері жоқ. Люксембургте бұған дейін өткен істерде Стати тарабы KPMG хаттары сияқты дәлелдемелерді барынша жасырып баққан. Ал бүгінде KPMG мен Стати арасындағы 2016 жылғы хат-хабарлардың табылғаны айқын болды. Бұл хат-хабарлар Статидің Қазақстанға салған инвестициялары туралы бухгалтерлік ақпараттың дәлдігі мен заңдылығына күмән туғызады. Осы уәждер мен дәйектердің бәрі Люксембург апелляциялық сотына ұсынылады", - делінген министрлік сайтында.

Министрлік мәліметінде Қазақстанның ұстанымы мен Статидің заңсыз әрекеттерін жақында профессор Джордж Берманн мен профессор Кэтрин Роджерстің тәуелсіз қорытындылары да растағаны айтылған. Қазақстан атақты сарапшылардың осы қорытындысын енді Люксембургтің аппеляциялық сотына ұсынбақшы. 

Профессор Джордж Берманн Қазақстан мен Стати арасындағы дауды толық талдау үшін тараптардың мінез-құлқының құқықтық салдарын анықтау арқылы тәуелсіз қорытынды жасаған. Ол тіпті Статидің әрекеттеріне "алдамшы корпоративті құрылым" мен "жалған компаниялар" арқылы "басқалардың есебінен өздерін байыта алды" деген баға берген көрінеді. 

Әділет министрлігінің ақпаратына сенсек,  профессор Кэтрин Роджерс те "Статидің қаржылық құжаттары мүлдем сенімсіз және маңызды бұрмалаушылықтар мен кемшіліктер арқылы алынған" деп көрсеткен.

"Біз Люксембург кассациялық сотының шешімін құптап, Люксембург апелляциялық сотында Статидің алаяқтығына қатысты ісімізді қорғаймыз. Біз табысқа жету мүмкіндігіне оптимистік көзқарастамыз. Өйткені Статидің алаяқтық схемаларын жетекші заңды және қаржылық тәуелсіз сарапшылар растап үлгерді. Ал біз Стати тарапынан бұған ешқандай қарсы дәлелдер көрген жоқпыз", - дейді Әділет министрі Марат Бекетаев.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу