Страде Бьянке. Якоб Фульсанг он үздіктің қатарында

1752

Тосканада өткен беделді италиялық біркүндік "Страде Бьянке" веложарысында Astana-Premier Tech шабандозы Якоб Фульсанг тоғызыншы орынға ие болды. Ал голландиялық Матье ван дер Пул жарыс жеңімпазы атанды.

Страде Бьянке. Якоб Фульсанг он үздіктің қатарында

Сайыс басталысымен бірден бес шабандоз алға озды. Бірақ пелотон жарысты өз бақылауында ұстап, көшбасшыларға алысқа ұзап кетуге мүмкіндік бермеді.

Жарыстағы басты оқиға сегізінші қиыршық тас учаскесінде, пелотон бірнеше топқа бөлінген кезде орын алды. Якоб Фульсанг көшбасшылардың ізіне түсіп, екінші топта болды. Ал біраз уақыттан соң  Astana-Premier Tech капитаны бастаған қуғыншылар тобы көшбасшыларға небәрі бес секундтай алшақтықпен қуып жетті. Алайда, алға озған топты қуып жету мүмкін болмады. Нәтижесінде жарыстың жеңімпазы көшбасшылар тобынан анықталды. Соңғы шақырымдарда шабуылға шыққан Матье ван дер Пул жеңіске жетті. Әлемнің қазіргі чемпионы Жулиан Алафилипп мәреге екінші, ал Эган Берналь үшінші болып келді. Якоб Фульсанг көшбасшылардан екі минуттан кейін жарысты аяқтап, 9-орынға ие болды.

"Әрине, бұл жарысты үздік бестік қатарында аяқтасақ өте жақсы болар еді. Бірақ жалпы алғанда біз бұл нәтижеге қуаныштымыз. Якобтың негізгі мақсаттары әлі алда. Оның бабы жақсарып келеді және бұл ол үшін осы маусымдағы үшінші жарыс болды. Шабуылдар басталған кезде Якоб көшбасшылардан сәл артта қалып қойды. Бірақ қайтып келуге тырысып, қуғыншылар тобында бар күшін салды. Ол алғашқы ондық қатарынан орын алды. Бұл жаман емес. Алекс Аранбуру мен Йонас Грегард жарысты жақсы өткізді. Олар баға жетпес тәжірибе жинады және жарыс басталғанда Горка, Фабио, Мануэле және Уголар Якобқа көмектесті. Біздің келесі жарысымыз - Тиррено-Адриатико. Ол жақта өзімізді көрсетуге мүмкіндігіміз болады деп ойлаймын", - деді спорт директоры Бруно Ченьялта.

"Әдеттегідей, "Страде Бьянке" қиынға соқты және бәрі жарыстың финалдық бөлімде шешілді. Соңғы қиыршық тас учаскелеріне жақындаған кезде мен қуғыншылар тобында болдым. Біз көшбасшы топқа ауысуға тырыстық. Бірақ топта бірлесе жақсы жұмыс атқара алмадық. Сондықтан көшбасшыларды қуып жету қиын болды. Дегенмен біз оларға өте жақын болдық. Мен үздік ондық қатарына ендім. Бірақ үздік бестікке енгенім жақсы болар еді. Енді менің бар ойым Тиррено-Адриатикода. Онда мен кезеңдердің бірінде жеңіске жету үшін күрескім келеді", - деді Якоб Фульсанг.

Страде Бьянке. Сиена – Сиена, 184 шақырым.

Үздік үштік: 1.Матье ван дер Пул (Alpecin-Fenix). 2.Жулиан Алафилипп (Deceuninck-Quick Step). 3.Эган Берналь (INEOS Grenadiers).

Astana–Premier Tech Үздік үштік: 9.Якоб Фульсанг. 22.Алекс Аранбуру. 50.Горка Исагирре.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу