Болгарияда өтіп жатқан халықаралық "Странджа" турнирінде Қазақстан құрамасының боксшылары ширек финалда шаршы алаңға шықты. Күн тәртібінде 10 отандасымыздың жекпе-жегі жоспарланған болатын. Нәтижесінде екі боксшымыз жартылай финалға жолдама алса, қалған спортшылар жарыс жолын аяқтады.
50 келі салмақта ел чемпионы Даниал Сәбит турнирді сенімді бастады. Ол ширек финалда Түркия өкілі Улас Ялчинкаямен қолғап түйістірді. Екі раунд қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы айқын басымдық танытып, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Қарсыласы қабағындағы жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Ал 55 келідегі Бағлан Кенжебек үшін турнир сәтсіз аяқталды. Моңғолиялық Билгуунсейхан Хархууға қарсы өткен үш раундтық кездесуде қарсыласы 5:0 есебімен басым түсті.
Әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов те ширек финалдық кезеңнен аса алмады. Ол Париж Олимпиадасының қатысушысы, әзербайжандық Малик Хасановтан 0:5 есебімен жеңілді.
70 келіге көтерілген Париж Олимпиадасының қатысушысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да жарысты ерте аяқтады. Ол АҚШ спортшысы Лавант Броулимен өткен айқаста 0:5 есебімен жол берді.
Жағымды жаңалықты Фарух Тоқтасынов жеткізді. Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Германияның жас боксшысы Рэнди Ботикалимен болған тартысты кездесуде 4:1 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Айта кетейік, Фарух 2025 жылғы осы турнирдің күміс жүлдегері.
85 келіде өнер көрсеткен Сұлтанбек Айбарұлы әлем чемпионы Акмалжон Исроиловпен жұдырықтасты. Бірінші раундта жақсы қарқын көрсеткенімен, кейін қарсыласы басымдықты өз қолына алып, жекпе-жек 0:5 есебімен аяқталды. Осы салмақтағы тағы бір өкіл Бекзат Таңатар да украиналық Матвей Ряжбадан 0:5 есебімен ұтылып, жарыстан шығып қалды.
90 келіге ауысқан Дәулет Төлемісов АҚШ боксшысы Джозеф Авинонгиамен кездесіп, 0:5 есебімен жеңілді. Нурмагамед Юсупов те өзбекстандық Самир Собировтан 0:5 есебімен ұтылды.
Ал аса ауыр салмақта (+90 келі) Нұрлан Сапарбай Өзбекстан өкілі Озодбек Әлиевке 0:5 есебімен жол берді.
Осылайша, ширек финал қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасынан екі боксшы жартылай финалға өтті. Турнирдің келесі кезеңдерінде олар жүлде үшін таласты жалғастырады.