Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық "Странджа кубогында" қазақ боксшылары тағы 1 алтын 3 күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нақтырақ айтсақ, ерлер арасында 71 келі салмақта қос бірдей қазақстандық боксшы финалда алтын жүлдені сарапқа салды.
Аталған салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов пен Фарух Тоқтасынов өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, Абылайхан жеңіске жетіп чемпион атанса, Тоқтасынов күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Сонымен қатар, ерлер арасында 80 келі салмақта тағы бір отандасымыз Ерасыл Жақпеков Өзбекстан боксшысы Фазлиддин Еркінбоевпен алтын медалді сарапқа салып, өкінішке қарай төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді.
Ұлттық құрама мүшелері арасында Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг), Төрехан Сабырхан (67 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Бекзат Нұрдәулетов 86 (кг) чемпион атанды.
Сондай-ақ, ел боксшылары арасында Төрехан Сабырхан "Странджа" турнирінің ең жас жеңімпаз ретінде тарихқа енді.
Бұдан бөлек, Даниял Сәбит (51 кг), Тимур Қабдешов (54 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Фарух Тоқтасынов (71 кг), Тимур Нұрсейітов (75 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг), Нұрбек Оралбай (86 кг), Айбек Оралбай (+92 кг) күміс медальға ие болды. Ал Теміртас Жүсіпов (48 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Данияр Рахымбердиев (92 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.