Студенттер пәтер жағалап жүр

1782

Нұр-Сұлтан мен Алматыда білім алып жатқан студенттерге жатақхана жетіспейді, деп хабарлайды inbusiness.kz мәжілісмен Елнұр Бейсенбаевтың премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалына сілтеме жасап. 

Студенттер пәтер жағалап жүр

"Еліміздегі жастардың басым бөлігін студенттер құрайды. Мемлекет басшысының бастамасымен бөлініп жатқан гранттардың саны, сондай-ақ тегін техникалық білім берудің едәуір көбеюі жылдан-жылға студенттердің санын көбейтіп жатыр. Дегенмен жас студент үшін жатақхана мәселесі шешімін табар емес. Cтуденттің сапалы білім алуы үшін жатақханамен қамтамасыз етілуінің маңызы зор. Елімізде 1,1 миллионнан астам студент білім алады. Оның тек 16% ғана немесе 174 мың студент қана жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде жатақхана жетіспеушілігі 80 мың орынды құрап отыр. Бұл мәселені уақытында шешу үшін Елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған. Бірақ аймақтарға келетін болсақ, бастама әркелкі жүзеге асуда. Әсіресе cтуденттер жатақханасының ең үлкен жетіспеушілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына тиесілі", – деді депутат. 

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, Алматы қаласында білім алатын 170 мыңға жуық студенттің 31 мыңы ғана жатақханамен қамтылған. Дәл қазір Алматыда жатақхана жетіспеушілігі 35 мың орынды құрап отыр. 

"Алматыда 2022 жылдың соңына дейін 16 мың орындық 38 жатақхананың құрылысы аяқталуға тиіс. Соңғы 3 жылда 1 600 орынға арналған 6-ақ студенттік жатақхана бой көтерді", – деді депутат. 

Ол премьер-министрдің орынбасарынан студенттік жатақханаларды аса маңызды әлеуметтік нысан ретінде қарастырып, әкімдіктер тарапынан жер бөлу, сондай-ақ құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды бюрократизмге айналдырмай шешу жолын қарастыруды сұрады. 

Қанат Махамбет


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу