Азия ойындарының он төртінші күні бірнеше алтын аламыз деп үміттеніп едік. Алайда көңілдегідей болмады. Десек те, бүгін 12 жүлде (үш алтын, алты күміс, үш қола) еншіледік. Ең соңында спорттық ойын түрлерінен екі медаль бұйырды. Ватерполшы жігіттеріміз алтынмен апталса, регбиші қыздарымыз қолаға қол жеткізді.
Су добынан ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы финалда Жапония жігітерімен кездесті. Кеше, жартылай финалда Қытай ватерполшыларын 9:8 есебімен әзер ұтқан жігіттерімізге бүгінгі жеңіс те оңайшылықпен келмеді. Тіпті матч барысында 2:6 және 3:7 есебімен ұтылып та жатты...
Бірақ матч соңында жанкештілік танытып, жеңісті жұлып алды. Әсіресе ойынның төртінші ширек бөлігінде көсіле сілтеді. Намысқа жүгініп, жұдырықтай жұмылып, алға қарай лап қойды. Ұжымдық бірліктері жоғары екендіктерін паш ете білді. Бұл ойындағы голдарды Рудай (3), Медведьев (2), Укуманов, Шәкенов және Әубәкіров соқты.
ХVІІІ жазғы Азия ойындарының чемпионы болған ұлттық құрамамыздың сапында мына жігіттер ойнады: Павел Липилин,Валерий Шлемов (қақпашылар), Мұрат Шәкенов, Мирас Әубәкіров, Алтай Алтаев, Руслан Ахметов, Рустам Укуманов, Равиль Манафов,Михаил Рудай, Алексей Шмидер, Роман Пилипенко, Евгений Медведев, Александр Годованюк.
Регбиден әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасының аруларыүшінші орын үшін Таиланд қыздарымен кездесіп, 29:7 есебімен үстем түсті. Сөйтіп, ХVІІІ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанды.
Ал волейболдан Қазақстан құрамасының қыздары 5-орын үшін Вьетнам құрамасымен додаға түсіп, 3:1 (25:18, 22:25, 25:22, 26:24) есебімен басым түсті. Яғни ХVІІІ жазғы Азия ойындарын бесінші орынмен тәмамдады.
Бүгінгі жүлделеріміз:
алтын
Ділдәш Күрішбаева (самбо, 68 келі)
Инна Клинова (байдаркада ескек есу, K-1, 200 м)
Қазақстан құрамасы (су добы, ерлер)
күміс
Аян Бейсенбаев (триатлон)
Қазақстан құрамасы (дзюдо, аралас командалық сын)
Асланбек Шымбергенов (бокс, 69 келі)
Әбілхан Аманқұл (бокс, 75 келі)
Сергей Токарницкий (байдаркада ескек есу, K-1, 200 м)
Қазақстан құрамасы (байдаркада ескек есу, K-4, 500 м)
қола
Әлібек Зекенов (самбо, 90 келі)
Мерей Медетов пен Тимур Хайдаров (каноэда ескек есу, C-2, 200 м)
Қазақстан құрамасы (регби, әйелдер)
Маруан Түсіп