Оның айтуынша, қаңтар-ақпан айларында еліміздің барлық өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өткен жылдың аяғы мен биылғы жылдың басында ауа-райы жауын-шашынды болып, қар көп түсті. Бүгінде, еліміздің шамамен 90% аумағын қар басып жатыр. Мұның барлығы су тасқыны қаупін арттыра түседі. Қазірдің өзінде, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында елді-мекендерді су басып, жолдарды шайып кеткен фактілер кездесіп отыр. Сонымен қатар, желтоқсан айының ортасында Алматыда Есентай өзені де арнасынан асып кетті. Су деңгейі 1,5 метрге көтерілді. Мұндай жағдайлар қыс ортасында, алдағы су тасқыны кезеңіне дейін орын алып отыр. Сондықтан, өңір әкімдіктері аталған мәселелерге арнайы назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі керек", – деді Үкімет басшысы.
Қазгидрометтің болжамы бойынша, биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында еліміздің барлық өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде.
"Бұған дайын болу керек. Су ресурстары министрлігі осы бастан су қоймаларын толтыру көлемін анықтап, оны тұрақты түрде бақылап отыруы қажет. Көршілес мемлекеттермен су шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіп туралы үзбей ақпарат алмасу керек. Қажет болған жағдайда, су қоймаларынан суды алдын-ала және қауіпсіз жіберу жөнінде шаралар қабылдануы тиіс", – деп түсіндірді Премьер-министр бірнеше мәселеге назар аударып.
Біріншіден, өткен жылдың тамыз айында су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі іс-шаралардың алдын-ала және сапалы өткізілуін қамтамасыз ету тапсырылды. Алайда, жекелеген қажетті шаралар ұзақ уақыт бойы қабылданбай келеді. Осыған байланысты, мүдделі мемлекеттік органдар су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауға алуы қажет. Соның ішінде, өңір әкімдіктері жоспарланған барлық іс-шараларды аяқтауға міндетті.
Екіншіден, өткен жылы еліміздің оңтүстік өңірлерінде орын алған су тасқынына елді-мекендердің айналасында су бұру каналдарының, арықтардың, бөгеттердің жоқтығы себеп болған.
Сондықтан, оңтүстік және батыс өңірлер қазірден бастап өткен жылғы жағдайлар мен жаңа болжамдарды ескере отырып, жоғары дайындық режиміне өтуі қажет. Арықтар мен кәріздерді тазарту, уақытша топырақ үйінділері мен бөгеттер салу жұмыстарын күшейту керек.
Үшіншіден, гидротехникалық құрылыстардың жағдайына ерекше назар аударған жөн. Су ресурстары министрлігі тек республикалық маңызы бар объектілердегі жөндеу жұмыстарын назарға алады. Дегенмен, кейбір коммуналдық және жекеменшік су қоймалары мен бөгеттердің жағдайы үлкен қауіп төндіріп отыр. Иесіз қалған объектілер де жөндеуді қажет етеді.
"Су ресурстары министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы құрылыстарды жөндеу шараларын қабылдауы тиіс. Жалпы, Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ақпан айында "Көктем-2024" оқу-жаттығуларын өткізіп, су тасқыны жағдайы қиындаған кезде нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауы тиіс. Сондай-ақ, жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қажетті қорын дайындап, халықты хабардар ету жүйелерінің дайындығын тексеру қажет. Қосымша күштер мен құралдарды орналастыру жерлерін, эвакуацияланатын тұрғындарды қабылдау пункттерін және ауыл шаруашылығы жануарларын көшіру үшін қауіпсіз учаскелерді айқындау қажет", – деп түйіндеді Үкімет басшысы.