Су тасқынынан зардап шеккен мұғалімдердің тізімі жасалуда

1593

Су тасқынына байланысты резерв ретінде балалар мен олардың ата-аналары үшін қосымша 7 мың орын әзірленді.

Су тасқынынан зардап шеккен мұғалімдердің тізімі жасалуда Фото: aikyn.kz

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Нұрмұханова мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Су тасқыны басталған кезден Оқу-ағарту министрлігі оқу процесін сапалы ұйымдастыру және балаларды орналастыру бойынша жұмыстарды жүйелі түрде іске асырып келеді. Қазіргі кезде осыған дейін эвакуациялық пункттерде болған 4 мыңға жуық бала ата-аналарымен бірге ыңғайлы орындарға орналастырылды. Оның ішінде 600-ге жуық оқушы сауықтыру орталықтарына, 2 мыңға тарта бала колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларына, тағы 600-ге жуық бала республикалық маңыздағы инновациялық мектеп-лицей жатақханаларына жіберілді. Резерв ретінде балалар мен олардың ата-аналары үшін қосымша 7 094 орын әзірленді", – дейді Мереке Нұрмұханова.

Ол оқушылар қажет оқу құралдарымен, тамақтандырумен және киіммен қамтамасыз етілгенін айтты.

ҚТЖ компаниясымен бірге балалар сауықтыру орталықтарына тегін тасымалданды. 

"Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі балалар үшін емтихан тапсыру мерзімдері қайта қаралды. Бұдан бұрын Ақтөбе және Атырау облыстарында ТЖБ мен БЖБ өткізілмейтіні хабарланды. Қазір Солтүстік Қазақстан облысының зардап шеккен елді мекендерінде тұратын балалар үшін де ТЖБ мен БЖБ-ны алып тастау шешімі жасалды. Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында шешім жағдайға қарай қабылданады", – деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, қазір келтірілген шығынды анықтау және су тасқынынан зардап шеккен педагогтердің тізімін құру жұмыстары іске асырылып жатыр.

Жекеменшік білім беру ұйымдарының қауымдастығы зардап шеккендерге көмек қорын ашты.

Ұсынылған деректерге сәйкес, 12 млн теңгеден астам қаржы жиналған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу