Су тасқынынан жүздеген адам қырылып жатыр

363

Пәкістан мен Үндістанда із-түссіз жоғалып кеткендер саны қисапсыз.  

 Су тасқынынан жүздеген адам қырылып жатыр Фото: Euronews.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанда су тасқыны мен нөсер жауынның салдарынан көптеген адамның қаза тауып, зардап шегуіне байланысты осы елдің Премьер-министрі Шахбаз Шарифке көңіл айту жеделхатын жолдап, көңіл айтқан болатын.

"Қаза болған адамдардың отбасыларына көңіл айтып, қайғысына ортақтасамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін", – деп жазылған жеделхатта.

Тоқтаусыз жауған ұзақ жауыннан кейін тосыннан әрі қатарынан басталған су тасқыны және сел Пәкістан мен Үндістанда көптеген елді мекенді су мен тасты лайдың астында қалдырды. Құрбандардың саны мыңға дейін жетіп қалды. Оның көбі Пәкістанға тиесілі.  

Бұл елдің Бунер, Баджаур, Сват, Шангла, Мансехра, Баттаграм өңірлері табиғи апат аймағы деп жарияланды.

Dpa мыңдаған адамның хабар-ошарсыз кеткенін қаперге салды. Гималай өңірінде тұтас ауылдарды, шағын қалаларды су мен сел басып қалды.

Пәкістанның Табиғи апаттармен күрес жөніндегі агенттігі Ауғанстанмен шекаралас жатқан Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Бунер округі барынша көп зардап шеккен аймақ саналатынын мәлімдеді. Онда алапат нөсерден кейін құтқарушылар тірі қалғандарды іздеуді, сондай-ақ үйінділердің, лайдың астынан қаза тапқан адамдардың мәйіттерін алып шығуды жалғастыруда.

Бірақ жауын-шашынның тоқтамауы, ауа райының ары қарай бұзылуы, апат болған аудандардың орталықтан қашықта, қиянда, көбіне тау жақта орналасуы құтқару жұмыстарын мейлінше күрделендірді. Пәкістан құтқаруға елдің армиясын жұмылдырып жатыр.  

Салдарынан, әскерилер арасында адам шығыны тіркеле бастады. Хайбер-Пахтунхва провинциясы үкіметінің басшысы Әли Амин Гандапур хабарлағандай, Мохманд округінде Ми-17 тікұшағы апатқа ұшырады. Ол топан су басып, сыртқы әлеммен байланысы үзілген аумақтардағы бірінші кезекте қажетті өнімдерден тарыққан, ашыққан жұртшылыққа гуманитарлық көмек апара жатыпты. Қос ұшқышты қоса алғанда, экипаждың бес мүшесі бақилық болды. Провинция үкіметі 16 тамызды аза тұту күні деп жариялады.

Табиғи дүлей апаттың әлек салғанына бірнеше күн өтсе де билік әзірге келген шығынның көлемін есептемеген.

Үндістанда жүзге жуық адам құрбан болған, 200-ден аса адам жараланған, оның көбісінің жағдайы ауыр екені мәлімделді. Кашмир өңірінің үнділер бақылауындағы бөлігінде құтқару операциялары жалғасып жатыр.

Құтқарушылар құрбандардың әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін ескертті. Өйткені мысалы, ұланғайыр жерде орналасқан, алайда көлік қатынасы қиын, шалғай жатқан Киштвар округінде өлген адамдар бар деп болжанды.

Бұл орын индуистердің зиярат ету сапарының танымал маршрутіндегі аралық аялдама болып табылады. Мәселен, биліктің мәліметінше, қолдан жасалған далалық асүй жасақталған жерге 100-ден аса зиярат етуші жиналыпты, сол кезде, 14 тамыз күні оны арынды ағын басып қалып, толығымен шайып кеткен.

Құрбандар Кашмирдің Пәкістан бақылауындағы бөлігінде, Гилгит-Балтистан өңірінде де тіркелуде.

Күрделі жағдай климатологтарды алаңдатып қойды. Бұл әлемге зұлмат қауіп төніп келе жатқанының кезекті нышаны болуы ықтимал. Себебі, муссондар маусымында Пәкістанда жыл сайын, үнемі көп жауын жауады. Дегенмен, сарапшылар биылғы жазғы муссонның өзгеше болып тұрғанына назар аудартады. Ол басталғалы бері 600-ден астам адамның өмірін жалмады.

Биылғы шілдеде 255 миллион тұрғыны бар Пәкістан халқының жартысына жуығы өмір сүріп жатқан алып Пенджаб провинциясында былтырғыға қарағанда 173%-ға көп жауын-шашын жауды.

Адамдар да бұрынғыдан көп өлді. Өлім-жітім көлемі өткен жылғы муссондар маусымының бүкіл кезеңіндегісін толық алғандағыдан да асып түсті. Енді оған қазіргі алапат апаттар қосылып, құрбан санын еселеп арттыруы мүмкін.

Үндістан биылғы тамызда осымен екінші ірі тасқынды бастан өткеруде. Өткен аптада сел ағысы Уттаракханд штатындағы гималайлық Дхарали ауылын төбесінен жауып қалды. Қаза тапқандардың саны бағалау бойынша, 70 адамнан асады. Нақты саны әлі күнге жоқ.

Апаттар осы аймақтағы өзге мемлекеттерге де "айтпай келді". 2025 жылғы сәуірдің ортасынан бері Непалда муссондар әкелген су басу мен селдер кесірінен кем дегенде 124 адам опат болған.

Шұғыл ден қою қызметтері төбе шашты тік тұрғызатын тағы бір жайтты мәлім етті: мәселен, Пәкістанда аса қатты зардап шеккен Пир-Баба, Малик-Пура сияқты елді мекендерге жеткен құтқарушылар қызыл су қайтқанда, бұрынғы көшелер, тұрғын үйлер мен ғимараттар орнында оларды мыжғылап тастаған дәу-дәу тастар жатқанына куә болған. Елді мекендерді әлдебір дүлей күш алып тастармен үстемелете соққылағандай...

Жергілікті билік органдары әлдеқалай тірі қалғандарға уақытша баспана ретінде палаткалар және азық-түлік топтамаларын ұсынуда.

"Менің отбасымның 25 мүшесі құтылу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаса да, ақыры суға қарық болып, батып өлді. Жиенім Малайзиядан оралып келе жатты, ағаларымның бірі соны алып кету үшін барған. Менімен бірге олар да аман қалды. Мен ол кезде мектепте болғанмын", – дейді Бунер тұрғыны, мұғалім Сулейман Хан Euronews-ге сұхбатында.

Ресми мәлімет бойынша биылғы жылы аймақта муссондық жауын-шашындар нормадан айтарлықтай асып түсті. Нөсерлеткен ақ жауын кем дегенде тағы бес күн жүреді деген жорамал жарияланды. Әрбір күн жүздеген адамның өлуіне соқтыратындықтан, бұл болжам халықтың үрейін ұшыруда.

"Еуроньюс" телеарнасының мәліметінше, мәселен Киштвар өңірінде өзендер бөгендермен буылып, қаптаған гидроэлектростанциялар тұрғызылуда. Экологтар мұның ақыры жақсылыққа соқтырмайтынын, өлкенің нәзік экожүйесіне қатер төндіретінін талай ескерткен екен.

Мамандар жолындағысының бәрін жайпап өтетін сұрапыл тасқын туғызатын, бірнеше күн бойы тоқтаусыз жауатын нөсерлер үндістандық Гималайда және Пәкістанның солтүстік өңірлерінде жыл өткен сайын көбейіп, жиілеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Эксперттер бұған климаттың өзгеруі ықпал етіп отырғанын атады.  

Бұдан бұрын, 2022 жылы да Пәкістанда ел тарихындағы ең қуатты муссон маусымы тіркелген болатын. Сонда 1700-ден астам адам қаза тапты. Мемлекетке 40 миллиард доллардан артық шығын келген. Биылғы зұлмат бұрынғыдан асып түспесе, кем болмайын деп тұрғандай.

Сондай-ақ ғаламат нөсердің және лезде көтерілген су тасқынының салдарынан Американың Техас штатында 43 адам өлгені белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу