Жаман айтпай, жақсы жоқ, бірақ "су үшін соғысатын күн алыс емес" деген болжамды мамандар жиі-жиі айтып жүр. Ол жағдай болмас үшін елімізде қазақ суының стратегиялық саясаты қалыптасуы керек.
Inbusiness.kz тілшісі cу тақырыбын зерттеп жүрген сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаевамен сөйлесіп, еліміздегі су саясатындағы салғырттықтар төңірегінде әңгіме өрбітті.
Сарапшының пікірінше, Су комитеті әр министрліктің босағасында жүріп көп игілікті жоғалтқан. Сондықтан, Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуынан ел мұрабтары көп үміт күтетінін айтады.
Осы уақытқа дейін әр министрліктің босағасында жүрген Су комитеті ел мен су мүддесі жолында көп игілікті жоғалтты. Ең әуелі, су мамандары, мықты кадрлар бағаланбады. Министрлікте қазақ суының мүддесін қорғайтын кадрлар қалыптаспады.
Трансшекаралық сулардың бөлінісінде Қазақстан әлі ұтылып келеді. Қазақстанда мемлекеттің ең бағалы, стратегиялық байлығы су саясатына мән берілмеді.
Мәселен, Су Кодексінде трансшекаралық сулардың құқықтық аспектілері мүдде ескерілмеген. Кодексте тек ішкі суларды пайдалануға, ауылшаруашылыққа қажетті сулар реттеуге ғана маңыз берілген, - деді ол.
Су саласына тиісті қаржы бөлінбеді дей алмаймыз. Тіпті, триллиондаған қаржы қаралған. Бірақ, баяғы жартас – сол жартас.
Осы жылдар ішінде ішкі су жолдарын аршуға, тазалауға, жөндеуге триллиондаған қаражат жұмсалды. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Сол 50-60 жылғы тозған гидроқондырғылар. Әлі де су тораптарында қолмен іске қосылатын механизм "сақалдары" сапсиып тұр. Озық елдерде бәрі цифрланған. Бүкіл ел бойынша көрініс осындай, - дейді Айткүл Жетібайқызы.
Журналист бұған дейін еліміздегі су мәселесіне қатысты Үкіметке ұсыныс жасаған еді. Онда Қазақстандағы су саясатының әлсіз екенін мойындап, су саясатын күшейтуді шұғыл қолға алуды сұраған. Сондай-ақ, "Су саясатын Ұлттық Қауіпсіздік дәрежесіне көтеру керек" деген ұсыныс та айтқан болатын.
Ішкі шаруашылық суларын реттейтін ОДСП мекемесінің жұмысын күшейту үшін заңға тиісті нормалар енгізу қажет. Жалпы қазақ суына құрбандықпен еңбек етіп жүрген су саласы қызметкерлері мен жұмыскерлерінің жалақысы мардымсыз. Олар – маңдайын күнге күйдіріп, табанын тасқа тілдіріп жүрген бейнетті мамандықтың иелері. Қазақстанда суды пайдалану, реттеу, сақтау саясаты болмағандықтан, трансшекаралық суларды пайдалануда есеміз кетті. Судың бастауындағы көршілер қазақпен есептесуді жөн көрмейді, мәмілесуде өктемдік танытатыны да шындық. Су Кодексі әлі қабылданған жоқ, - деді Айткүл Шалғынбаева.
Мамандар елімізде қазақ суының стратегиялық саясаты толық қалыптаспайынша, алдағы жылдар мен ғасырлар су үшін болатын соғыс заманына айналуы мүмкін екенін растап отыр.