Суармалы алқаптың тең жартысы Павлодар облысына тиесілі

6388

Бірақ бұл бағытта әлі де күрмеулі мәселелер бар. 

Суармалы алқаптың тең жартысы Павлодар облысына тиесілі

Өткен жылы елімізде айналымға енгізілген суармалы жердің жартысы Павлодар облысында орналасқан, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов тұрғындар алдындағы есептік кездесуі кезінде баяндады.

"Өткен жылы Павлодар облысында 25 мың гектар суармалы алқап пайдалануға берілді. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту арқылы облыс экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді", – деді Әбілқайыр Сқақов.

Иә, былтыр аймақта суармалы алқап көлемі 25%-ға көбейді. 2019 жылы шаруалар 102 мың гектар алқапты игерсе, былтыр олардың иеліктеріне 127 мың гектар жер берілді. Алдағы уақытта бұл көлемді одан әрі арттыру жоспарланған.  

Бірақ бұл жоспардың орындалуына бірнеше мәселенің кедергі келтіретін түрі бар. Солардың бастысы – қаржының болмауы.

Мәселен, Аққулы ауданындағы ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Бақытбек Аққазиев серіктестерімен бірлесіп 2100 гектар жерді суармалы етуді жоспарлап отыр.

"Суармалы алқап көлемін кеңейтуге қатысты жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Маусым айында құжаттарды ресімдеуге байланысты шаруалар аяқталуға тиіс. Ал оны жүзеге асыру үшін 1 млрд теңге көлемінде қаржы керек", дейді Бақытбек Аққазиев.

Десе де, жергілікті бюджетте бұл жобаны қаржыландыратын қомақты сома жоқ. Сондықтан екі мың гектардан астам суармалы алқап тек келесі жылдың бюджеттік жоспарына енгізілмек.

Ал Ақсудағы "Гүлмира" шаруа қожалығының суармалы алқапты игеруі үшін инфрақұрылым жетпейді. Шаруашылық басшысы Гүлмира Ұлықпанованың айтуынша, егістік жерлеріне электр энергиясы тартылмаса, техникаларды іске қосу мүмкін емес. Сондықтан жарықпен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Тек тиісті жұмыстарды қолға алу үшін қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр. Бұл мәселе өңірлік үйлестіру кеңесінің алдағы отырысында қаралуға тиіс. Кеңес мүшелері қолдау білдірген жағдайда ғана шаруаның ісі өрлейді.

Осы орайда Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы директорының кеңесшісі Леонид Баталов каналдан жайылымға босатылатын су көлемінің тым аз болуы шаруаларға кері әсер тигізеді деп дабыл қағып отыр.

"1968 жылдан бері сәуір айының алғашқы күндері жайылымдық жерлерге 100 млн текше метр су босатылатын. Биыл "Қазсушар" компаниясы бар-жоғы 39 млн текше метр су босатпақ. Бұл – мұхитқа құйған тамшыдай. Мұндай көлем жақын аумақта орналасқан екі бірдей ауданның жерлеріне жетпейді", дейді Леонид Баталов.

Бірақ қазіргі уақытта жоспарға өзгеріс енгізіп, су көлемін көбейтуге мүмкіндік жоқ. Себебі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 39 млн текше метр су босатуға қажет қаржыны ғана қарастырды.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген министр Мағзұм Мырзағалиев өңірде суармалы алқапты арттырудың әлеуеті зор екенін баса айтқан болатын. Тіпті, аймақтағы суармалы жердің көлемін 200 мың гектарға жеткізу бойынша жоспармен бөліскен еді. Алайда, бұл салаға тиісті қаржыландыру болмаса, жоспардың да орындалуы екіталай.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу