Соңғы жылдары Шығыс Қазақстандағы суармалы жерлерге 20 млрд теңгенің суару жүйесі тартылды. Алайда инфрақұрылым ел игілігіне жұмыс істеп жатқан жоқ. Жыл сайын әр гектары 1,5-2 млн теңгенің өнімі береді делінген алқаптардың 20%-ы ғана еңбекқор қолға тиген. Қалғаны игерушінің емес, құр иеленушінің меншігінде тұр.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты cу ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің қатысуымен Көкпектіде өткен семинарға суармалы алқап иелері мен сала басшылары қатысты. Астанадан ұшақ қанатын талдырып келген төраға қазына қаржысына канал тартқызып алып, оны қаңсытып қойған аудан әкімдерін жерден алып, жерге салды. Бірақ айтылған сөздің көбі далаға кеткендей болды. Жиынның қандай рәуіште өтетінін білді ме, әйтеуір Көкпектіден басқа аудан басшылары бұл жиында төбе көрсетпеді.
Қайтпаған қаржы
Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай Шығыс Қазақстанда 92 мың гектар суармалы алқап шаруалардың игілігіне берілуі тиіс. Келесі кезеңде 200 мың гектардан астам алқапқа қажетті инфрақұрылым тарту көзделген. Комитеттің дерегіне сенсек, Үржар, Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Көкпекті, Ұлан және Жарма аудандарында осыншама суармалы жер игерілмей жатыр. Дегенмен бұл алқаптың барлығына жер жаралғалы кетпен тимеген деуге келмейді. Бағзыны қойып, кешегі кеңестік жүйенің кезінде де Шығыс Қазақстанның қазақ аудандары су қоймалары мен каналдардың шырмауында жататын. 1997 жылдан бастап оның барлығы иесіз қалып, материалдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Арада 15 жыл өткенде тоналған танаптардың қажеттігі еске түсіп, бұрынғы суару жүйелері қалпына келтіріле бастады. Игілікті іс қайта жанданғалы да бес жылдан астам уақыт өтті. Сол аралықта тек Шығыс Қазақстан облысына ғана республикалық бюджеттен 20 млрд теңге бөлінген. Бөлінген қаржы игерілгенмен, қайтарымы болмай тұр.
"Су келсе болды, қол қусырып отырған ауыл халқы түгел жер игеруге кіріседі" деген ұраншыл мәліметтердің мәйексіз екені енді белгілі болып жатыр. Су ресурстары комитетінің дерегі шынымен ойлантады.
2014 жылдан бері Шығыста 19072 гектар алқапты қамтитын магистралдық канал тартылған. Үржар ауданының Егінсу, Келдімұрат, Құсақ өзендерінен, Тарбағатай ауданының Тебіске, Базар өзендерінен, Зайсан ауданының Жеменей өзенінен қайта канал тарту үшін 5,8 млрд теңге жұмсалған. Өкініштісі, қыруар қаржыға салынған инфрақұрылым қайта қаңси бастаған. Қолданысқа берілгеніне екі жыл болса да, 14780 гектар алқап әлі игерусіз жатыр. Бұл мәліметті аудандарға шаққанда төмендегідей көрініс шығады. Тарбағатай ауданында - 4575 га, Үржар ауданында - 8,5 мың га, Жарма ауданында - 789 га алқап қараусыз қаңырап тұр. Ал Зайсан қаласының маңайындағы 1855 гектар алқапқа тартылған магистралдық каналдың тек 100 гектары ғана ел игілігіне берілген.
Сала басшылары жұмыстың неге жүрмей жатқанына тап басып жауап бере алмайды. Бірі елдің жер өңдеуге құлқы жоқ екенін айтса, енді бірі басқа сылтауды алға тартады. Сорақысы сол, суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жобасының мазмұнын толық білмейтін басшылар да бар болып шықты. Магистраль тартылғанмен, одан егіске дейін су жеткізуге көптеген шаруаның қаржылық мүмкіндігі жетпейтіні бұдан бірнеше рет айтылған болатын. Көп нәрседен бейхабар басшылар осы мәселені алға тартты. Бұған Ислам Әбішев: "Біз бұл мәселенің шешімін 2014 жылы айтқанбыз. Мемлекет суды алқапқа дейін апарып бере алады. Магистраль мен ішкі каналдарды да, алқапаралық арықтарды да төсеп береді. Тіпті оның жобалық-сметалық құжаттамасын да жасайды. Бұл үшін жергілікті әкімдік арықтар мен каналдарды комитеттің балансына өткізуі керек. Осылай деп қақсап келе жатқанымызға 4 жыл болды. Ал сіздер бүгін жаңалық ашып отырсыздар", – деп жауап берді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев қазына қаржысы желге ұша жаздағанын мойындады.
"Мен бұл істе кемшілікке жол берілгенін жоққа шығармаймын. Бұдан былай мәселе тікелей бақылауымда болады. Міндет пен мақсат айқын. Іс оңалады, алға басады", – деді басқарма басшысы.
Комитеттің дерегіне сенсек, соңғы 3 жылда бір ғана Үржар ауданы суармалы алқаптардан түсетін 30 млрд теңгеден қағылған. Салғырттықтың салдарынан республика бюджетінен бөлінген 20 млрд теңге қайтарым бермей қалған.
"Суармалы жердің бір гектарынан бір маусымда ең кем дегенде 1 млн теңге табыс табуға болады. Әйтпесе 1,5-2 млн теңге еркін айналады. Жоғарыда аталған аудандардың есебінен 4 жылда бөлген 20 млрд теңгені бір ғана маусымда артығымен ақтап алуға болар еді. Бірақ жергілікті әкімдерге суармалы жердің ел игілігіне жарауы қажет емес сияқты. Небір маңызды жобалардың аузынан жырып, қаржыны сіздерге бөлдік. Өйткені аудан әкімдері мен облыс әкімінің сол кездегі орынбасары 55 мың гектар суармалы алқапқа жергілікті шаруалар мұқтаж болып отырғанын жазбаша мәлімдеген болатын. Біз өз тарапымыздан каналдарды қайта қалпына келтіріп, су жеткізіп бердік. Енді сол мұқтаж деген шаруалардың біреуі жоқ. Мемлекет қаржысын бұлай желге ұшыруға жол берілмейді. Бұл мәселе облыс әкімі мен үкімет басшысының алдына қойылады", – деді cу ресурстары комитетінің төрағасы.
Суармалы алқап – стратегиялық нысан
Суармалы алқап иелері тартылған инфрақұрылымның пайдаға аспай жатуының бір себебін тау өзендерінің көбі күзге қарай тартыла бастайтынымен түсіндірді. Олардың айтуынша, Тарбағатай мен Қалбатау сілемдерінен бастау алатын өзендерде тамыз айына қарай су азайып қалады екен. Салдарынан су магистральдерге жетпейтін көрінеді.
Дихандар осы проблеманы жою үшін каналдардың басына су қоймаларын орнату қажет деген ұсыныс айтты. Комитеттің келешек жоспарында бұл ұсыныс ескерілетін болды. Бірақ қандай да бір су қоймасы салынбас бұрын, оның ылғалын егістікке тарататын каналдар "Қазсушар" мемлекеттік мекемесінің меншігіне өтуге тиіс.
Тартылған инфрақұрылым игерусіз жата берсе, сұқ көздердің құртын қоздыруы мүмкін. Тоқсаныншы жылдардағыдай тонауға түспес үшін қалпына келтірілген нысанның барлығына жауапты қызметкерлер тағайындалған. Әр каналдың, әр тораптың, әр қойманың жағдайына "Қазсушар" мекемесінен айлық алып отырған жергілікті мамандар басымен жауап береді. Комитеттің "кез келген нысан жөнделмес бұрын меншігімізге өтуі керек" деген талабы осындай қажеттіліктен туындап отыр.
Семинарда суармалы жерді не өзі игермей, не өзгенің игілігіне бермей отырған иелердің де бар екені айтылды. Жөнделуі тиіс нысандардың "Қазсушар" меншігіне өтуіне кедергі келтіріп отырған солар екен.
Ислам Әбішевтің айтуынша, "Жер" кодексіне бұл туралы өзгеріс енгізу ұсынылыпты. Онда аудан әкімдеріне игерілмей жатқан жерлерді өзге мұқтаж жандарға өткізу құқығын беру бастамасы көтерілген көрінеді.
Шығыстағы шенеуніктер шабан тартты екен деп, су ресурстары комитеті стратегиясын өзгертпейді. Бұл сөзімізге комитеттің алдағы жылдарға арналған жоспары дәлел. 2021 жылға дейін Тарбағатай ауданында Орта Ласты өзеніне су қоймасы мен магистралдық канал, Құсты өзенінен су қоймасы мен торап, Қарғыба өзенінен су қоймасын салу жоспарланған. Ал Үржар ауданында Көктерек өзенінен магистралдық канал мен торабы бар су қоймасы, Қарабұта өзенінен су қоймасы салынады. Зайсан ауданындағы Кендірлік су қоймасы да 2021 жылы қолданысқа берілуге тиіс. Осылайша бұрын болмаған 6 гидронысан салынып, 43315 гектар суармалы алқап игеріледі.
Апаттық жағдайда деп танылған 6 су қоймасы жөнеуден өтеді. Оның үшеуі Үржарда, қалған үшеуі Тарбағатай, Күршім, Ұлан аудандарында болады. Соның арқасында көктем сайын елдің үрейін алатын нысандар жөнделіп қана қоймай, 17,7 мың гектар алқап қайта суармалы жерге айналады.
Суармалы жерге бай жеті ауданның төртеуі – шекаралық аудан. Иесіз жерге жаттың көзі түсетінін ескерсек, Тарбағатай, Зайсан, Үржар және Күршім аудандары үшін суармалы алқаптарды игерту стратегиялық мәні бар шаруа болмақ. Осыны жергілікті атқамінерлер түсінсе қанеки?
Есімжан Нақтыбайұлы