Пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сүйінші, ардақты ағайын! Париж Олимпиадасының алғашқы жүлдесі қоржынға түсті. Жарыстың алғашқы күнінде мергендеріміз – Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Олимпиаданың қола жүлдегері атанды! Баршаңызды осынау айтулы нәтижемен шын жүректен құттықтаймын! Мергендеріміз қола жүлде үшін таласта Германия өкілдерін айналып өтті. Олардың жеңісті жолы басқа отандастарымызға да жұғысты болсын! Мергендеріміз алдағы уақытта да жанкүйер қауымды қуантады деп сенемін. Өйткені олардың мүмкіндігі жоғары. Бұл жетістік аталған спорт түрінің бізде елде қарқынды дамып келе жатқандығының жарқын көрінісі. Мергендеріміз мүлт кетпесін! Тілектеспіз!" – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, Ислам мен Александра жұбы былтыр Ханчжоуда өткен жазғы Азия ойындарында қола жүлдегер атанған.