RU KZ
«Сұлулық – бұл әдемі қартайған дүние»

«Сұлулық – бұл әдемі қартайған дүние»

14:14 31 Қаңтар 2019 12995

«Сұлулық – бұл әдемі қартайған дүние»

Автор:

Сұлугүл Бакесова

Британдық дизайнер, заманауи суретші Марк Хамфри күнделікті біз көріп жүрген, қарапайым нәрселерден әдемілікті көре  білетін, жай ғана көріп қоймай олардан нағыз сиқыр жасайтын ерекше  жан.

Ол қырық төрт жасқа қараған шағында архитектурада, интерьер дизайнында, өнеркәсіптік дизайнда, бірнеше атақты мүсіндер мен есте қаларлық инсталляцияларды жасап үлгерді, олардың кейбіреулері Корольдік Британдық легионның тапсырысы бойынша жасалған болатын. Марк сондай-ақ, әлемге аты әйгілі Apple, Rolls-Royce, Audi, Kenzo, Dior, Fendi Casa және Ralph Lauren-мен ынтымақтаса жұмыс істеп, Клауди Шиффер, Михаэл Шумахер, Ринго Старра,  Джордж Харрисон сынды танымал тұлғалардың үйлерін безендірумен де айналысады.  Ол музыка да жазады, талантын жоғалтпаудың бір жолы болса керек, үнемі блокнотқа сурет салады және әрдайым жайдары күліп жүреді. Марк Хамфри міне, осындай жан-жақты,  барлық жағынан талантты адам. Ең бастысы, ол бізді осыншама атағының дардайлығына қарамастан, қарапайымдылығымен тәнті етті. Біз Марк Хамфримен Астанаға алғаш келіп, бір апталық  «Art Nouvean» халықаралық дизайн мектебінде «Интерьер контексіндегі заттық дизайн» интенсив-курсын өткізгенде  танысқан едік.  Белгілі дизайнерден Заттық дизайнды оқып үйрену бойынша бұл Қазақстандағы бірінші курс. Дизайнер мамандығы үнемі даму мен өз білімін толықтыруды қажет ететін мамандық, сондықтан да курс тыңдаушылары британдық әріптестерінің әр сөзін жадына түйіп қалуға тырысты. Британдық дизайнер курсын тыңдауға көрші елдерден арнайы келгендер де болды. Курс тыңдаушылары, дизайн данышпанымен өткізген 5 күнде, олар бүкіл оқу жылдарында өткендерінен көп біліп, көп нәрсені меңгергендерін мойындап та жатты. Олардың айтуынша, білім мен таланттан бөлек, Марк бойға күш-жігер беретін, шығармашылық әлеуетті ашатын, эмоциялық  көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын тамаша қабілетке ие. Олардың айтуынша, бұл оқыту курсы қазақстандық дизайн әлемін төңкеріп, индустрияға баға жетпес үлес қоспақ. Өйткені, әлемге әйгілі дизайнер данышпан идеяларды жасау құпияларымен бөліскен болатын.

Егер Хамфридің өмір жолына көз жүгіртсек, жас кезінде маэстро немен ғана айналыспады  десейші... свитерлер тоқып, спорттық құрал-жабдықтарды жасап, ойындар ойлап тапты. Оның құпиясы, жиырмадан асқан шағында ол бөлмеде көрген барлық нәрсені, есік тұтқаларын, төбелерді, интерьер бұйымдарын, заттарды өз қолымен жасауды үйренген. Әдемі және функционалды жасау, оның ұстанымы болтын. Кейін Марк Middlesex университетіне түскен кезде – қатаң дедлайндар мен жобаларды орындауға берілетін  қысқа  мерзімдер, оны уақытты босқа жұмсауға жол бермеді. Жиырма жылдан астам табанды еңбегінің арқасында Марктің потрфолиосы әлемге танымал көптеген жобалармен толықты. Ең танымал жұмыстардың арасында Корольдік қару-жарақ палатасында мака түрінде инсталляцияны, Лондондағы St. James  театрының Мәрмәр сатысын, Osborne Samuel галереясындағы Art in Life көрмесін, қонақүйлер желісінің бірі Jumeirah Living-дегі Іce-circles рождестволық инсталляцияны атауға болады.

Марк Хамфри өзінің дизайнерлік заттарының желісі туралы қысқаша айта отырып, Астанада Хан Шатыр ауданында жоспарланған инсталляция және 2021 жылы Астанада көрме өткізу туралы ҚР Ұлттық музейімен келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы құпиясымен де бөлісті. Дизайнердің басқа да ой-пайымдарымен сұхбатымызда кеңірек таныса аласыздар.

– Сіздің бұл Қазақстанға алғаш келуіңіз, елордасы Астанадан алған алғашқы әсеріңіз қандай? 
Мен Қазақстанға жолға шығар алдында, сіздің ел туралы интернетте оқып білдім. Ұшып келгенімде, бірінші алған әсерім Астана өте салқын және бір жағынан маған Шанхайды еске салғандай болды. Астанада маған Хан шатыр ғимараты әдемілігімен, өзгешелегімен әсер қалдырды. Әңгіме былай ғой, мен Лондонда Норман Фостердің үйіне жақын тұрамын және таңертең жүгіруге шыққанда, оның жұмысының макеттері көрініп тұратын терезесіне көз саламын. Маған Хан шатырдың макеті  ұнайтын, ал оны Астанада арайланып атып келе жатқан таңда «тірілей»  көріп, оған таң шапағы түскендегі әдемілікті көргенде, еріксіз таңдай қақтым.  Екіншіден, мен түскен қонақ үй Экспоның қасында орналасқан. Менің номерімнің терезесінен үлкен шыны шар көрінеді. Мені шардың өзі емес, оның жарық сәулелері таңдандырды. Бұл нағыз өнер туындысы! Жарық пен түстердің сан түрлі құбылуын сағаттап қарауға болады, өте әдемі екен.
Сіздің Астанаға келгендегі мақсатыңыз не, қазақстандық дизайнерлерді не үйреткіңіз келеді?
– Жұмыстағы тәсіліңіз қандай?
Мен сұлулықты бәрінен көремін. Дизайнер жұмысы еңбек пен таланттан ғана тұрмайды, сонда-ақ, табандылық, сенім, өжеттілік, өзіне деген сенім мен батылдық та қажет. Былай айтқанда, мінез болу керек. Ал жұмысқа қатысты тәсіл туралы айтар болсам, тапсырыс-идея-нәтиже, тағы да тапсырыс-идея-нәтиже. Барлық нәрсені әдемі және функциональды жасау керек. Кім болса да талғамды дамыта алады, ол үшін тынымсыз және табанды еңбек ету қажет. Егер сіз көп, көп жұмыс істеп, дами отырып, тырысудың үстіне тырыса түссеңіз және сол жолда тоқтамасаңыз, әрине, жақсара түсеріңіз, нәтижеге қол жеткізеріңіз анық.
– Мінсіз дизайнер болу үшін бірінші кезекте қандай қасиеттер болу керек? Сіздің көзқарысыңызда нағыз дизайнер қандай болуы тиіс?
Біріншіден, оның стилі мінсіз болу керек, екіншіден, дизайнердің өзі фукнционалдық тұрғыдан да, әдемілік тұрғысынан да сапалы дүниелер жасау керек.  Ал нағыз дизайнердің таңдай қақтырар ғажайып портфолиосы болуы керек, бұл адам жан дүниесінің шығармашылық лабиринттеріне ашылған терезесі болмақ.
– Сіз қазақстандық дизайнерлерді білесіз бе?
Өкінішке қарай, білмеймін.
– Ал әлемдік дизайнерлер арасында кімді атар едіңіз?
Менің бір тұрақты  кейіпкерім, тұғырда бір маңызды тұлғам жоқ, бірақ мен көрмелерге жиі барып, ойға шомғанды жақсы көремін. Көп ойлаудан әйтеуір бір идея туары анық.  Барбара Хепуорт, Аниш Капур сияқты мүсіншілердің,  суретші Дэмиен Херсттің не істеп жатқанын байқамау, елемеу  мүмкін емес, олардың жасағаны және жасап жатқаны өте керемет дүниелер. Мен олардың жұмыстарын көріп, таңданатыным рас.
– Өмірде өзіңіздің еңбегіңізді кездейсоқ кездестіргенде қандай әсерде боласыз?
О, бұл ғажап сезім! Иә, мақтаныш, бірақ бір мезетте сен оның өткенің екенін түсінесің... ал басың дәл қазіргі уақытта ағымдық жобаларды жүзеге асырумен қатуда. Өткенің ешкімді аса алаңдата қоймайды.
– Gucci, Dior, Louis Vuitton сынды атақты брендтермен жұмыс істеу мен атағы соншалықты танымал емес маркалармен жұмыс істеу арасында айырмашылық бар ма?
Менде танымалдығы аз тапсырыс берушілер жоқ деуге болады (күледі).  мысалы, мен бай адамның үйіне арналған дизайн жасаймын, ол оншалықты танымал болмауы мүмкін, бірақ, бай. Егер оның ақшасы бар болса, ол табысты адам болғаны, яғни, өмірде бір нәрсеге қол жеткізген. Бұл маңызды нәрсе, ал мен үшін танымал және танымал емес тапсырыс беруші арасында айырмашылық жоқ. Тапсырыс арасында айырмашылық жоқ, жоғарыда айтып өткенімдей, бұл жердегі схема: тапсырыс-идея-нәтиже, тапсырыс-идея-нәтиже. 
– Сіздің ойыңызша, мінсіз тапсырыс беруші қандай болу керек?
Қызық сұрақ. Тапсырыс беруші – бұл жай ғана қалталы бай адам. Дұрысы, бай және өз ойын дұрыс жеткізе алатын адам. Және де оған сенің жұмыстарың ұнауы керек (күледі). Алайда, барлық дизайнерлер қымбат тұрады деген қате ой. 
– Соңғы сұрақ, сіз үшін сұлулық деген не?
Сұлулық ... Бұл әдемі болуы мүмкін нәрсе. Міне, мысалы, мына ағаш бағанасын алайық, ол әдемі болған, қазір де әдемі және ұзақ уақыт әдемі болып қалмақ.  Сондықтан, меніңше,  сұлулық бұл әдемі қартайған нәрсе.
Әңгімеңізге рахмет!

PS: Қазақстанға маэстроны шақыртқан «Art Nouveau» мектебінің директоры, дизайнер және декоратор Елена Дегтярь: «Бүгінгі күні ол ең жарқын аты танымал дизайнерлердің бірі болып саналады. Марк өз жұмысында өнер мен дизайнды біріктіру идеясын насихаттайды. Біз бұл жобаны ұзақ дайындадық және біз үшін Марк Хамфри сияқты деңгейдегі маманды Қазақстанға шақырып, интенсивті  курсты ұйымдастырғанымыз үлкен қуаныш. Дәріс тыңдап, өз білімдерін байыту үшін бізге Ресейдің бірнеше қалаларынан дизайнерлер мен студенттер келді. Олар мұндай дарын иесінен білім алу үлкен мүмкіндік екенін жақсы түсінеді. Оның лекцияларының қорытындысы бойынша шеберлік сыныптары барысында жасалған барлық жобалардың финалдық көрсетілімі болды. Әрбір қатысушы Марк Хамфри алдында өз жобасын қорғады, ал ол тәжірибелі және кірпияз тапсырыс беруші қатарынан болды.  Соңғы сабақтың мақсаты,  дизайнерлерді өз жобаларын таныстыру кезінде сенімді болуға, әзілдеу сезімін жоғалтпауға және жобаның авторы өз идеясын ұсыну барысында өнер көрсететін бейнені ұмытпауға үйрету болып табылады»  дейді.

Сұлугүл Бакесова

Ұқсас материалдар:

×