Суперкубоктың жүлде қоры анықталды

2298

Футболдан Қазақстан суперкубогының жүлде қорына 40 миллион теңге бөлінді. 

Суперкубоктың жүлде қоры анықталды

Қазақстан суперкубогының ойыны әдет бойынша маусымашар кездесу болып саналады. Оған көп жағдайда Қазақстан чемпионы мен Қазақстан кубогының иегері қатысуы тиіс. Бірақ, өткен жылы коронавирусқа байланысты Қазақстан кубогы сарапқа салынбады. Соның салдарынан ел чемпионы "Қайратқа" қарсылас табылмай қалды. Осы жағдайды реттеу үшін Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы жарыстың өту әдісін өзгертіп жіберді. Енді әдеттегідей екі команда емес, кубокты 4 бірдей ұжым тартысқа салады. Олар: ел чемпионы "Қайрат", күміс жүлдеген "Тобыл", қола жүлдегер "Астана" және соңғы турда Конференция кубогына қатысуға мүмкіндік алған "Шахтер". 

Жарыстың өту мәнері өзгергенімен қоймай жарыс болатын орын да өзгерді. Жыл сайын Суперкубок матчы "Астана Арена" стадионында ойналатын. Биыл бұл дода Түркістан қаласында жаңадан салынған "Түркістан Арена" спорт кешенінде өтеді. Сонымен бірге, суперкубок жарысына биыл демеуші де табыла кетті. Елімізге танымал "OLIMPBET" компаниясы жүлде қорына 40 миллион теңге бөліп отыр. OLIMPBET-Суперкубогы екі жартылай финал ойындарынан (2, 3 наурыз) және үшінші орын үшін кездесу (5 наурыз) мен финалдан (6 наурыз) тұрады. Турнирдің жартылай финал кезеңінің жеребе тарту рәсімі 15 ақпанда елорда уақытымен сағат 14:00-де өтеді және де тікелей эфирде көрсетіледі. 

Қазақстан Суперкубогы — 2008 жылдан бері жеңімпаздар арасында қолма-қол өтіп, өзінің бастапқы қалпында сақталған жалғыз жүлде. Әр түрлі уақытта бұл жүлдеге Самат Смақов, Андрей Финонченко, Андрей Аршавин, Жерар Гоу, Марин Томасов және де басқада танымал ойыншылар қол жеткізді.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу