Павлодар қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бір топ оқушысы сусамырмен (қант диабеті) ауыратын адамдардың дертіне дауа болатын сусын ойлап тауып, оған патент алды. Ендігі міндет - өнертабысты өндіріске енгізу.
Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 309 мың адам сусамыр дертіне шалдыққан. Науқастардың арасында 2700 бала бар. Былтыр 30 мың қазақстандықтың осы дертке шалдыққаны анықталған.
Әлем бойынша өршіп келе жатқан дертке дауа тауып, қарсылық көрсету үшін Абылайхан Кәріпбай, Адель Камалдинова және Азиза Киреева есімді жас ізденушілер сусамырға қарсы сусын ойлап тапты. Шай саңырауқұлағынан өндірілген өнімнің құрамында қант жоқ. Яғни сусамыр ауруына шалдыққан науқастар сусынды алаңсыз іше алады.
Биология пәнінің мұғалімі Торғын Ғинаяттың айтуынша, жобаны әзірлеуге бір жарым жыл уақыт кеткен.
"2016 жылдың қаңтар айында биология ғылымының докторы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің биоценология және экологиялық зерттеулер орталығының директоры Бибігүл Жұмабекованың жетекшілігімен аталмыш жобаны қолға алдық. Ең әуелі шай саңырауқұлағынан алынатын өнімге түрлі сынақ жүргіздік. Жас ғалымдар оған қант, лимон, қант алмастырғыш қосып, дәмі мен сапасын және құрамын саралады. Зерттеу жұмысы мектепте сонымен қатар ПМПУ-да атқарылды. 2017 жылдың маусым айында нақты нәтижеге көз жеткізіп, қантсыз сусынның адам ағзасына, әсіресе қант диабетімен ауыратын науқастарға пайдалы екенін анықтадық. Ізінше оқушылардың ғылыми жаңалығын патенттеп алдық. Енді тағы бір тың жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз. Мақсатымызға жетсек, ғылыми ортаға өсімдіктерді жылдам өсірудің тәсілін енгіземіз", – деді Торғын Ғинаят.
Жоба авторлары бұған дейін түрлі конференциялар мен форумдарға қатысып, шай саңырауқұлағының маңыздылығын дәлелдеген. Жоба авторларының бірі, 9 сынып оқушысы Адель Камалдинова бізге ғылыми жұмыс кезінде бірқатар қиындықтарға тап болғандарын айтып берді.
"Бізге адам ағзасына пайдалы сусынның жобасын әзірлеп қана қоймай, оның өндірісінің макетін жасау тапсырмасы жүктелді. Алғашқы макет Алматыдағы конференциялардың бірінде қалып қойғандықтан, оны бірнеше рет қайта жасауға тура келді. Өндірістің қалай жүретінін көрсетуге қажетті шыны ыдыстар мен құтыларды табу, оларды бояп, бір-бірімен үйлестіру қиынға соқты. Жобаны жүзеге асыру барысында зерттеу жұмысына көп көңіл бөлдік. Ғылыми әдебиеттерді саралау кезінде шай саңырауқұлағынан біз ойлап тапқандай өнім алынады деген бірде бір мәлімет кездестірген жоқпыз. Сондықтан сусамырға қарсы сусынның авторлары екенімізді нық сеніммен айта аламыз. Бұған қолымыздағы патент дәлел", – деді Адель Камалдинова.
Жоба жетекшісі Бибігүл Жұмабекова оқушылар ойлап тапқан сусынды нарыққа енгізу жұмысы басталып кеткенін айтты.
"Өндіріске лайық орын таңдалып, қажетті құрал-жабдық орнатылып жатыр. Пластикалық құтыларға құйылып сатылатын өнімнің заттаңбасы да дайын. Көп ұзамай сусамыр дертіне шалдыққан науқастарға "Алтын батыр" атты емдік сусын ұсынамыз деген жоспарымыз бар", – деді Бибігүл Жұмабекова.
Ақтоты Қабдықайыр