"Сүтті су тегінге қабылдауды қалайды"

6340

Ауылдықтардың еңбегі тәжірибеге айналдырар "ойыншық" па?  

"Сүтті су тегінге қабылдауды қалайды"

Табыс көзінен айырылды

Павлодар ауданы Луганск ауылының тұрғыны Ержан Жұмабеков біраз уақыттан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. Қорада 20 ірі қара ұстап, сиырдан алған сүтті өңдеу орындарына тапсырып, содан күнделікті нәпақасын тауып отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Өткен жылдың жазында сүт зауыттары Ержан Жұмабеков пен оның ауылдастарынан сүттің бір литрін 160 теңгеден қабылдаған еді. Бағаның өсуі тұрғындарды ынталандырып, кейбіреулері тіпті ірі қара басын көбейтіп, сүт тапсыруға жаппай кірісті. Ал осы аптаның басынан бері өңдеуші кәсіпорындар сүттің бір литрі үшін небәрі 100 теңге ұсынып отыр.

"Ауылда мал ұстау оңай емес. Жем-шөбі қымбат, күтім жасауға көп уақыт кетеді. Ірі қараға жұмсалатын шығынды есептесек, бір күнде шамамен 20 мың теңге жұмсалады екен. Ал сүттің литрін 100 теңгеден өткізетін болсам, қолыма 15 мың теңге ғана береді. Бұл табыс көрмек түгілі шығынды жаппайды", – деп ашынады Ержан Жұмабеков.

Осы ауылдың Салтанат Тезекбаева есімді тұрғыны бағаны бірден 60 теңгеге төмендету – дұрыс емес деп пайымдайды.

"Қазір бір литр судың бағасы сүттің литрінен екі есе қымбат тұрады. Тым құрығанда бағаны 15-20 теңгеге азайтып, 140-145 теңгеге қабылдауға болар еді. Жергілікті кәсіпорындар сүтті қабылдау бағасын көтермейінше, шикізат бермейтін болып шештік",– дейді ол.

Тұрғындардың айтуынша, жұрт ауылда тұрақты жұмыс орны аз болғандықтан, сүтті тапсыруды жақсы табыс көзіне айналдырды. Ал баға төмендесе, табыстан қағылатын түрі бар. Ірі қараның барлығын ет ретінде сатса да ұтылады. Сондықтан өңдеу орындары сүтті бұрынғы бағасы бойынша қабылдасын деген талап қойып отыр.

"Тұрғындардың өздері кінәлі"

Павлодардағы ірі сүт зауыттарының бірі – "Best Milk" ЖШС директоры Илья Тарабиннің айтуынша, сүт қабылдау бағасының өсуі пилоттық жоба болатын. Ал оның әрі қарай жалғаспай, бағаның төмендеуіне тұрғындардың өздері кінәлі.

"Қыс кезінде сүттің сапасын арттыру үшін оның бір литрін 150–160 теңгеден қабылдай бастадық. Тұрғындарға бұл уақытша шара екенін бірден ескерттік. Олар болса, бағаның қымбаттағанын пайдаланып, сүтке су араластырып, көлемді көбейту үшін қулыққа басты. Қысқасы, мол табысқа кенелуді көкседі. Сөйтіп, сүттің сапасы керісінше түсіп кетті. Ауылдағы жеке аулалардан жинап әкелген шикізаттың 30%–ы жарамсыз болып шықты. Соның салдарынан біз шығынға бататын болдық. Ал бүгінгі баға – бір литр үшін төленетін 100 теңге – облыстағы жоғары бағалардың бірі. Өңірдегі сүтті қабылдаудың орташа құны қазір – 90 теңге", – дейді зауыт басшысы.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Шұғаев кәсіпкердің сөзі – жөн сөз дейді. Сүт зауыттарының жалғыз қателігі –түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбеуі дегенді айтты.

"Облыстың екі ауылында сүттің сапасын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба басталып, тұрғындардан 150 теңге көлемінде қабылдана бастады. Мұндай баға әдетте заманауи технологиялармен жабдықталған тауарлы сүт фермаларына ғана беріледі. Жарты жылдық тәжірибе көрсеткендей, әуелдегі жоспар орындалған жоқ. Сүт өңдейтін кәсіпорын өкілдері де тұрғындарға жобаның мән-жайын түсіндірмеген. Сондықтан осындай түсініспеушілік туындап отыр", – дейді Марат Шұғаев.

Сүт тапсыру ақысын арттырудың жалғыз жолы – тұрғындардың бірігіп, ауыл шаруашылығы кооперативін ашуы. Сол кезде мемлекет тарапынан сүттің әр литрі үшін 20 теңге субсидия төленеді. Бірақ жергілікті жұртшылық мұндай ұсынысқа келіспейтін көрінеді. Себебі кооперативтерден қабылданатын сүтке қойылатын талап тым жоғары.

Толық қамти алмай отыр

Тұрғындар мен кәсіпорындар арасында шикізат бағасына қатысты келіспеушіліктер туындаған тұста облыстың өңдеу орындары сүттен дайындалатын өнімдермен өңір тұтынушыларын толық қамти алмай отыр. Мәселен, дүкендердегі майдың 47%-ы, ірімшіктің 30%-ы және сүзбенің 14%-ы ғана жергілікті зауыттарда шығарылады. Қалғанының барлығы – сырттан келетін өнімдер.

Облыс әкімінің орынбасары Асайын Байхановтың айтуынша, сүт өңдеу орындарын шикізатпен қамту – мәселенің бір шеті ғана. Жақында 8 сүт зауытымен сүт өңдеуді тереңдетіп, май, ірімшік, сүзбенің көлемін 15%-ға дейін арттыру туралы меморандум жасалыпты. Мұндай шараның сүт өнімдерімен қамтуда қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетер. Бір анығы, жоғарыда аталған өнімдердің көлемін арттыру үшін шикізат көлемі де көбеюі тиіс. Ал облыс тұрғындары сүтті арзан бағаға тапсырудан бас тартып жатқан тұста өңдеу орындарының шикізатты қайдан және қандай бағаға алары әзірше белгісіз.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу