"Сыбаға" бағдарламасына өтінім қабылдау жалғасуда

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5920

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры биыл 50,1 млрд теңгеге қолдау көрсетпек.

"Сыбаға" бағдарламасына өтінім қабылдау жалғасуда Фото: liter.kz

Етті мал шаруашылығын дамытуға бағытталған "Сыбаға" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау жалғасуда. Бағдарламаға жауапты Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры шаруаларға несие беруге әзір.

Еске сала кетейік, былтыр ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту, отандық ет экспортын ұлғайту мақсатында арнайы бағдарлама әзірлеген болатын. Оның қаржылық операторының бірі – "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ. Осыған сәйкес, "Сыбаға" бағдарламасына деген сұраныс та артып отыр.

Министрлік бекіткен салалық бағдарламаның шарттарына сәйкес, несие асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ қара мал алуға ғана емес, сондай-ақ мал шаруашылығына қажетті жабдықтарды сатып алу үшін де беріледі. Бұдан бөлек, айналымдағы қаражатты толықтыруға да мүмкіндік бар.

Яғни, шаруалар малмен ғана шектелмей, техникалық паркті жаңартуға, қажетті жабдықтарды, мал азығын сатып алуға мүмкіндік алып отыр. Бұл қадам алдағы бес жылда мал шаруашылығындағы еңбек өнімділігін және қайта өңдеу өнімдерінің экспорттық көлемін 2,5 есе арттырмақ.

"Былтыр ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 679 өтінішті мақұлдады. Оған 15,6 млрд теңге жұмсалды. Бөлінген қаражатқа 23,8 мың ірі қара мен 75,4 мың ұсақ мал сатып алынды. Дәл қазіргі уақытта отандық шаруалардың иелігіндегі мал саны 9,3 мың ірі қарамен толықты", – дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ кредиттеу департаментінің директоры Геррард Бааль.

Қор қаңтар айының өзінде 1,3 млрд теңгенің 42 өтінішін мақұлдаған. Бүгінде ол қаржыға 1,2 мыңнан астам ірі қара мал және 3,2 мың ұсақ мал сатып алыныпты. 

Геррард Баальдің айтуынша, "Сыбаға" бағдарламасы бойынша шаруаларға үлкен жеңілдіктер қарастырылып отыр. Мәселен, шетелден асыл тұқымды мал сатып алған шаруашылықтар жеткізілген түліктің әр басына 225 мың теңгеден субсидия алады. Сондай-ақ мемлекет кредиттің пайыздық мөлшерлемесін 14 пайыздан 4 пайызға дейін төмендетеді. Бұдан бөлек, шаруашылықтарға бұқаларды бордақылау алаңына тапсырған кезде тірі салмағының әр килограмына 200 теңгеден субсидия төленеді.

Атап өтерлігі, "Сыбаға" бағдарламасы бойынша кепілдікке несие қаржысына сатып алынатын ірі қара мал алынады.

Бүгінгі таңда қор шаруалардан өтінім қабылдауды жалғастыруда. Бағдарлама арқылы 70 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Қарыз 15 жылға дейінгі мерзімге 4 пайыздық мөлшерлемемен (субсидияны қоса есептегенде) беріледі.

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ – "ҚазАгро" холдингінің құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым. Қордың негізгі міндеті – ауыл халқының қаржылық қызметтер мен ресурстарға қолжетімділігін арттыру.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қордың несие қоржыны 124,5 млрд теңгеге тең. Былтыр несие қоржыны 120,9 пайызға көбейген.

Қарыз алушылардың саны 47,1 мыңға жеткен. 2018 жылы олардың саны 3,3 мыңға артқан.

2018 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 53,8 млрд теңгеге 10 420 қарыз берген. Соның нәтижесінде 12 555 адам жұмыспен қамтылды.

Қор биыл шаруаларға 50,1 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетуді көздеп отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу