"Сыныптастары баламды қазақ тілін үйреніп жүргені үшін ұрады"

3490

Қазақстанда буллинг мәселесі ушығып барады. Баланы жәбірлеудің профилактикасы қағидалары оған тосқауыл қоя ала ма?

"Сыныптастары баламды қазақ тілін үйреніп жүргені үшін ұрады" Фото: yandex.kz

Inbusiness.kz елімізде балаларды буллингтен қорғаудың қағидалары бекітілгенін жазды. Құжат бұған дейін екі рет қоғамдық талқылауға шығарылып, сарапшылардың, ақпарат құралдарының және ата-аналардың қатаң сынынан кейін кері қайтарып алынды. Жоба тым шикі болып шықты. Бірақ ары қарай соза берсе, Президенттің тікелей тапсырмасы орындалмай қалатын түрі бар. Ал келесі жылдың басында Үкімет отставкаға кетеді деп күтілуде.

Құжаттың соңғы нұсқасы да қоғам белсенділері мен ата-аналардың үлкен бөлігінің қарсылығын туғызды. Айтқандай, аяусыз сынаушылар арасында антиваксерлік топтардың өкілдері де болды. Олар нақты фактісіз, дәлелдеуге де тырыспай, министрлікті "осы арқылы батыстың мүддесі үшін жұмыс істеп жатқанына" айыптады. Яғни, олар биліктің жазалау тетіктері бар кез келген бастамасына қарсы шығады. Сонымен қатар олардың арасында тәуелсіз Қазақстанның билігін абыройдан айырып, мемлекеттілікке нұқсан келтіруді көздейтіндері де болуы мүмкін. Мұны олардың қит етсе, кеңес заманын аңсап, сондағы көнерген білім беру жүйесін қайтаруды талап ететінен аңғаруға болады.

Дегенмен, конструктивті, байсалды сын да жетерлік.

"Педагог тарапынан балаға қатысты буллингті Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес қарайды делінген. Сонымен бірге "буллингке" анықтама нақты емес, бұлыңғыр. Мұғалім баланы жәбірледі деп тану үшін оған қандай нақты іс-әрекеттер жататынын айқындап алу керек еді. Әрине, буллингтің, әлімжеттіктің түрі тым көп, оның бәрін қамту мүмкін емес деген дәйектеме айтылды. Мен мұнымен келіспеймін. Себебі, мысалы, жол жүрісі ережелерінде жүргізуші нақты қандай әрекет жасаса, қозғалыс қағидасы бұзылды деп танылатыны нақты жазылған. Яғни, әрбір жүргізуші не жасаса, жазаланатын нақты біледі, соны жасамауға тырысады. Айталық, өзін нашар ұстайтын балаларды мұғалім сабақ соңында алып қалып, тақта, шкафтарды сүрткізеді, немесе қосымша тапсырмалар орындатқызады. Ата-аналар, еркетотай баласының талап етуімен мұны да буллинг деп жариялауы мүмкін. Ал педкеңестер мұғалімді қолдамайды, әсіресе, адуынды, немесе бай, ықпалды ата-аналардан қорқады. Солардың жағына шығуы мүмкін", – деп алаңдайды елордалық тәжірибелі педагог Майра Шәймерден.

Бірақ қалай болғанда, балаларды буллингтен қорғайтын уақыт жетті. Оның үстіне әлімжеттік оқиғаларының көбі оқушылар тарапынан жасалады. Қарағанды тұрғыны Екатерина Сергеевна қаладағы №53 мектепте оқитын ұлы Иванды мемлекеттік тілді үйренуге, мұғалімімен таза қазақ тілінде сөйлесуге тырысатыны үшін өзге сыныптастарының жек көріп кеткенін, сол үшін ұратынын айтады. Ол осыған қатысты Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке де шағым хат жазыпты. Әзірге министрлік жауап бермеді.

"Ұлым 4-ші сыныпта оқиды. Ол сыныптастары тарапынан зомбылықтың құрбанына айналды. Мысалы, соңғы оқиғада оқушы Алексей тұтқиылдан оның көзіне соққы жасаған. Балам өзін қорғап, қарымта қайтармақшы болғанда, Константин артынан жабыла кетіп, қылғындырған. Никита дегені де оған күн бермейді. Иван мемлекеттік тілді жақсы білгісі келеді, осы мақсатта жігерлі түрде, тынбай үйреніп жүр. Осы үшін басқа орыс балалары тарапынан үнемі қудалауға ұшырап келеді. Бұл не масқара? Қазақстандамыз ба, қайда отырмыз? Министрден шаралар қабылдауды сұрадым. Қысымның бәрі мектепте, сыныпта, сынып жетекшісінің көз алдында болады. Педагог ештеңе де жасамады, тіпті профилактикалық әңгіме жүргізбеген. Балаларға мұндай зомбылықтың соңы неге соқтыруы мүмкін екенін түсіндірмеген. Әлде солардың ісін қолдай ма?", – деп ашынады Екатерина.

Ол ұлын ауруханаға апарып, тексерістен өткіздіріпті. Содан соң полицей шақыртып, өтініш жазған. Алайда іс ары қарай жылжымаған.

Мектебіндегі сынып жетекшісімен де сөйлесіпті. Учаскелік инспектор еш қауқар танытпады дейді.

"Тентек-телі еш жазасыз тайраңдап, құтырып барады. Сыныпқа өз ережелерін таңады. Таяуда әлгі үшеуі бірігіп, ұлыма далада топтық шабуылды дайындапты. Ұлымды қарсы алуға ерте барған әжесі оның жүзеге асуының алдын алды. Ұлыма бойкот жарияланды, онымен ешкім араласпайды, әлгі бұзықтардан қорқады. Үлкен моралдық қысым жүргізілуде. Мектепте баламды қолдайтын, сүйеу болатын ешкім жоқ. Бәрі әрекетсіз, ал бұзақылар жазасыз қалуда. Жиналыста ата-аналар да бізді түтіп жей жаздады. Яғни, білім ордасында жұрттың көзінше баланы ұрып-соғу, қорлау жүзеге асырылады, соған жауаптыларға ештеңе болмайды. Ұлым озат оқушы, спортшы, білім олимпиадаларына қатысып, жеңіп жүр. Мектептен ұлым былапыт сөйлеуден басқа ештеңеге үйренген жоқ. Білімді оған үйде әжесі береді. Бұған қоса, курстарға, үйірмелерге апарамын. Қазақ тілін тереңдетіп оқып жүр. Қосымша пианино, спорт, ағылшын тілі үйірмелеріне барады", – дейді Екатерина Сергеевна.

Жалпы, орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінің мұғалімдері де үлкен қысым аясында жұмыс істейтіні педагогтердің онлайн форумдарында айтылып қалады. Оларды орысша мектеп мұғалімдерінің ұжымы жақын қабылдамай, жатсынып жатады. Ал сабақта мемлекеттік тілді жаратпайтын өзге тілді оқушылар өзі үйренбегені сыртында, өзгелердің де оқып үйренуіне кедергі келтіріп бағатын, мұғалімді үнемі келеке етіп, ұлттық намысына тиіп, беделін түсіруге тырысатын көрінеді. Педагогтер оларға қарсы еш шара қабылдай алмайды екен. Шара қабылдаса, буллингке айыптауы мүмкін. Бұрынғыдай, директорға шағымдану да нәтиже әпермейді. Содан қазақ тілінің бір мұғалімі әлгіндей сотқарлар сойқанды бастаған сайын қол-аяғы қалшылдап, сөзінен жаңылып, жыларман халге жететінін, ал егер олар келмей қалса, кәдімгідей қуанатынын айтып, мұң шақты.

Оқу-ағарту министрлігі құптаған қағидаларда буллингке – "баланы қорлау сипатындағы жүйелі, екі және одан көп әрекеттер, қудалау, қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілері пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер (кибербуллинг)" деген анықтама беріліпті.

Дегенмен, буллингтің аясы әлдеқайда кең екені байқалады. Білетін адамдар, қаскөйлер оны мектептегі оқу процесін бұзып, зиян келтіру, балалардың білім деңгейін құлдырату, жас ұрпақтың мемлекеттік тілді меңгеруіне тосқауыл қою және басқа заңсыз істер құралы ретінде де пайдалануы ықтимал. Мысалы, қылмыстық топтар жоғарғы сынып оқушыларынан алым жинау, өз тапсырмаларын орындату үшін буллингті қолдана алады. Әсіресе, кибербуллингті шағын "ақпараттық соғысқа" да теңеуге болатындай. Олай болса, қағидаларда пәрменді тетіктер қарастырылғаны жөн. Әзірге ол жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу