Ол құс асыраудың, баптаудың қиындығынан соң көпшілік бұл саладан тез арада қол үзетінін айтады.
Inbusiness.kz тілшісі қызылордалық құсбегімен тілдесіп қайтты.
– Бізде қаршыға да, ителгі де бар еді. Екеуін де асырауға мүмкіндік болмады. Олар күніне 200-250 грамм таза ет жейді. Құсбегілікті атадан қалған мұра және өз қызығушылығымыз ретінде ғана ұстап отырмыз. Құс баптау – үлкен өнер. Шаршаған уақытта онымен сөйлесіп, демалып қаламыз. Жалпы, құсты баптаудың өзі – демалыс терапиясы, – дейді ол.
Шынын айту керек, бәрі айналып келгенде қаржыға тіреледі. Қызылордада құсбегілікке арнайы штат ашу да көптен бері қозғалғанымен, шешімін таппай отыр. Сырбойылық спорт саласының мамандары осы күні ат спортының өзіне штат ала алмай жүрген көрінеді.
– Қолдағы бүркітіміз күніне 400-500 грамм таза ет жейді. Күніге базардан алдырып отырамыз. Бүркіт сәл иісі шықан етті, шандыр болған етті жемейді. Дәл осы уақыт – құстардың ет жейтін кезі. Жарыс алдында ғана құстың етін береміз. Ол жеңілдеу болады, мұны ақжем деп атайды. Негізі, біздің Жаңақорған ауданындағы Қаратауға да құсты баптап, құсбегілік өнерді жандандыруға болады. Осы күні біз бүркітті тек жарыс бағытында ұстап отырмыз. Егер саятшылыққа салсақ, құс мертігеді. Қызыл көрген соң тоқтап қалмайды дегендей, – деп сөзін жалғастырды құсбегі.
Ғалымжан Өміртай – құсбегі ғана емес, жамбы атудан ұлттық құраманың мүшесі, Қазақстан чемпионы. Ол "құс баптау, ат баптау өмірімнің бір бөлшегіне айналды" дейді. Кәсіби мамандардың кеңесі арқылы білімін жетілдіретінін жеткізді.
– ҚР Құсбегілік федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, құсбегіліктен аға жаттықтырушы Базарбек Күнтуған секілді кәсіби мамандармен хабарласып, хат алмасып ақыл-кеңес сұрап отырамыз. Құсты баптау, оның тілін түсіну, арнайы жаттығулар жасау – бәрі-бәір оңай шаруа емес. Бүркітті алыс және жақын қашықтыққа ұшырамыз. Жалпы, Қазақстанда құсбегілікті, саятшылықты Алтай өңірінен, Қытай, Моңғолиядан келген қандастарымыз ұстап отыр, – дейді Ғалымжан Өміртай.
2022 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында құсбегілердің, саятшылардың чемпионаты ұйымдастырылған болатын. Ғалымжан Өміртай да чемпионатқа бүркітін қосты. Жеңімпаздар сапынан көрінбегенімен, көп тәжірибе алмасты.