Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, осы жылдың қаңтар-қазан аралығында өңірдегі өнеркәсіптің нақты көлем индексі 98,7 пайызды құраған. Бұл ақшалай мәнде 854,1 млрд теңгеге тең. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 1,3 пайызға төмен.
Басқарма басшысының орынбасары Р.Сұлтангереевтің түсіндіруінше, төмендеудің өзіндік себебі бар. Атап айтқанда, кен орындарының сарқылуы мен сулануына байланысты мұнай өндіру көлемі жоспарлы түрде қысқарған. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыста 3 355 мың тонна мұнай өндірілген. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 207 мың тоннаға төмен.
"Өңдеу өнеркәсібі саласында осы жылдың 10 айында 193,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға артты. Былтыр дәл осы кезеңдегі өнім көлемі 141,7 млрд теңгені құраған болатын. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің мынадай салаларында өсім байқалды: металлургия өндірісі 12,2 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдар өндіру 25,8 пайызға, өзге де бейметалл минералдық өнімдер 3,2 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 53 пайызға, тамақ өнімдерін өндіру 10,4 пайызға артты", – деді Р.Сұлтангереев.
Өңірде "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу" Ұлттық жобасының индустриалды-инновациялық даму бағыты бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында құны 613,1 млрд теңгені құрайтын 37 жобаның жүзеге асырылуы жоспарланған. Бұлар іске қосылғанда 6,8 мың адамды жұмыспен қамтуға жол ашылады.
"2022 жылдың 10 айында іске қосылған жобалармен 48,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,5 пайызға (2021 жылдың қаңтар-қазанында 41,5 млрд теңгені құраған) артты. Картаға енген жобалар арқылы өндірілген өнім көлемінің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 25,1 пайызға тең. Мәселен, 2021 жылы техникалық іске қосылған шыны зауыты осы жылдың 9 қазаннан бастап алғашқы өнімін шығаруда. Сонымен қатар осы жылдың маусым айында "Нұр Орда Жолы" ЖШС-нің (құны – 87 млн теңге, жұмыс орны – 7 адам, Қызылорда қаласы) бетон зауыты іске қосылды", – деп нақтылады Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары.
Сондай-ақ биыл құны 4 млрд теңгені құрайтын, толық қуаттылыққа шыққанда 275 жұмыс орны ашылатын 5 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Олар құс фабрикасы, балық өңдеу және күріш ақтау цехтары, балық ұнын шығару мен құрғақ құрылыс қоспаларының өндірістері.
Р.Сұлтангереевтің дерегінше, облыс аумағында жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы саны – 104-ке тең. Оның ішінде 72 келісімшарт және 13 лицензия негізінде кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен 71 жер қойнауын пайдаланушы айналысады.
Өнеркәсіпті өркендету үшін сыртқы байланыстарды дамыту да маңызды. Бұл ретте сыртқы байланыстарды дамыту мақсатында жыл басынан ері 10 роуд-шоу ұйымдастырылған. Өңірге шетелдік инвестиция тарту мақсатында түркиялық Tat gida, Aksa, Barem Ambalaj, Isiklar Holding, Milat Hali компанияларымен, австралиялық Fortescue Future Industries компаниясымен, Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Елшілігімен және Корея Республикасының Бас консулдығымен жұмыстар жүргізілуде.
"Қазіргі күні облыс бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 40-қа жуық экспорттаушы кәсіпорын жұмыс істейді. Облыс экспортының тауарлық құрылымындағы негізгі үлесін уран тотығы-шала тотығы, күріш, ас тұзы, цемент, балық өнімдері және аммоний метаванадаты өнімдері құрайды. Облыстың экспорт географиясы 20-дан астам елді қамтиды. Олардың ішінде негізгі сауда-экономикалық серіктестер – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Украина, Түрікменстан, Тәжікстан мемлекеттері", – дейді Р.Сұлтангереев.
Статистикалық деректерге сүйенсек, осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде облыстың шикізаттық емес экспорт көлемі 135,9 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45,8 пайызға өскен.
Қазіргі таңда онлайн сауда алаңдарының өзектілігі мен танымалдылығын ескере отырып, "QazTrade" АҚ-ның қолдауымен облыс экспорттаушыларын өңімдері Alibaba.com халықаралық сауда платформасына шығарылуда. Биыл"Абай Даулет" ЖШС, "Абзал және Компания" ЖШС және "Асыл Дән LTD" ЖШС-на "Alibaba" халықаралық электрондық алаңында Gold Supplier ("Алтын жеткізуші") мәртебесі бар аккаунттар берілген.