Сыр өңірінде интернет сапасына сын көп

Облыста 20-ға жуық елді мекен интернетке қосылмаған. Десе де, облыс орталығында 5G іске қосылатын күн алыс емес секілді.

Сыр өңірінде интернет сапасына сын көп Фото: pixabay.com

Шаһардан алыс орналасқан аудан, ауылдарды айтпағанда, кейбір орталық көшелерде де интернет жұмысы өте баяу, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін елордада 4G-ге қарағанда 3G-дің жақсы тартатыны сөз болған-ды. Сол секілді, облыста да әр жерде әртүрлі интернет жылдамдығы бар екені белгілі болды. Интернет тартылған ауылдардың өзінде сапасына айтар сын көп екен.

Облыс орталығынан 50-60 шақырымдағы кейбір ауылдарда ұялы телефондағы интернеттің әлсіздігінен тұрғындар интернет провайдерлеріне жүгінуге мәжбүр. Олардың өзі кешкі мезгілдерде жұмысын тым баяулатады. Мұны мамандар тұтынушылардың бір мезетте интернет қолдануымен байланыстырады.

Бірнеше ай бұрын Қызылорда облысының әкімі өңірді сапалы интернет байланысымен қамтуда шешімін таппаған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берген болатын. Оның ішінде "Қазақтелеком" және "Транстелеком" провайдерлеріне Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесіп, қала аумағын талшықты-оптикалық байланыс арнасымен толық қамту жөнінде нақты ұсыныс енгізу жайын сөз қылған-ды.

"Алыс елді мекендерді интернетпен қамту және ондағы байланыс сапасын арттыруға байланысты "Жол картасы" дайындалып жатыр. 2023-2027 жылдар аралығында "Қолжетімді интернет" ұлттық пилоттық жобасы аясында ауылдарды интернетпен қамту жұмысы жүргізіледі", - дейді Қызылорда облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла.

Жауаптылар алдағы екі-үш жылда облыс орталығында 5G іске қосылатынын айтады.

Бірнеше ай бұрын "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы тақырыбында Үкімет отырысы өткен болатын. Онда 17 000 шақырым республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту бойынша жұмыс жүргізілетінін сөз болса, ол үшін 500-ге жуық тиісті антенна-діңгекті құрылыстарды орнату жоспарланғаны айтылды.

Осы жұмыстар өз деңгейінде атқарылса, республикалық маңызы бар қалалар мен кейбір облыс орталықтарында 5G ұялы байланыстың жаңа толқыны енгізілмек.

2027 жылға дейін республикалық маңызы бар қалаларды сапалы интернетпен қамту 75%-ды, облыс орталықтарын қамту 60%-ды құрайды деп жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу