Сырбойылықтар балуан Айдос Сұлтанғалиді сән-салтанатпен күтіп алды

Ол грек-рим күресінен өткен Әлем чемпионатында ел қоржынын тарихи медальмен толтырған еді.  

Сырбойылықтар балуан Айдос Сұлтанғалиді сән-салтанатпен күтіп алды Фото: qaz_team_official

Осыған орай, бүгін "Қорқыт ата" атындағы халықаралық әуежайынан жеңімпазды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлем чемпионын құттықтауға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев және сырбойылық жанкүйерлер қатысты.

– Батыр ұлымыз Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта грек-рим күресінен Әлем чемпионатының финалында белдескен санаулы қазақ балуандарының бірі болса, осы ғасырда алтыннан алқа тағып, жеңіс тұғырынан көрінген алғашқы спортшымыз атанды. Осы орайда, жерлесіміздің жарқын жеңісіне себепші болған бапкерлеріне, ата-анасына және спортшыларға шексіз алғысымды білдіремін. Қазақ елінің, Сыр өңірінің атын шығаратын чемпиондарымыз көп болсын, – деді ол. 

Өз кезегінде Сыр елінің сайыпқыраны Айдос Сұлтанғали барша жерлесіне шексіз ризашылығын білдірді. 

– Қазақ спортында 26 жылдан кейін тарихи алтынды сыйлағаныма өте қуаныштымын! Бұл жеңіс – менің ғана емес, күллі қазақтың жеңісі! Қаншама жылдан бері мені қолдап, демеп жүрген барша жанкүйерге, отбасым мен бапкерлеріме алғысым шексіз. Алдағы уақытта да еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп, туған жерімнің мерейін асыра беруге бар күшімді саламын, – деді ол. 

Балуан Айдос Сұлтанғалидің жеке бапкері Ғабиден Райымбекұлы да Сыр жұртшылығына өз алғысын білдірді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу