Сыртқы қарыз 1,1 млрд долларға азайды

4613

Қарыздың негізгі бөлігін фирмааралық берешек құрап отыр.

Сыртқы қарыз 1,1 млрд долларға азайды Фото: nalogikz.kz

2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 157,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл – ІЖӨ-нің 90,7%-ы. Жыл басынан бері көрсеткіш 2,4%-ға азайған.  

"Сыртқы борыш құрылымында бұрынғысынша фирмааралық берешек (63,9%) басым. Кредиторлар алдындағы корпоративтік сектордың сыртқы борышы 24,8%-ды, мемлекеттік сыртқы борыш 7,9%-ды, банк секторының сыртқы міндеттемелері 3,4%-ды құрап отыр", – деп жазды Ұлттық банк.

Жалпы, 2019 жылғы I тоқсанда елдің сыртқы борышы 1,1 млрд АҚШ долларына қысқарды.

Мемлекеттің сыртқы борышы шетелдік инвесторлар тарапынан Ұлттық банктің қысқамерзімді ноттарына сұраныстың артуы және тәуелсіз еурооблигациялардың нарықтық құнының өсуі есебінен 102,4 млн АҚШ долларына азайды. Банк секторының сыртқы міндеттемелері 414,0 млн АҚШ долларына, оның ішінде "Қазақстан Халық Банкі" АҚ еурооблигацияларын мерзімінен бұрын ішінара өтеу (200 млн АҚШ доллары мөлшерінде) және Қытайдың қаржы ұйымдарынан "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ қарыздары есебінен қысқарды.

Корпоративтік сектордың үлестес емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышы 555 млн АҚШ долларына азайды, ол негізінен, "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-ның еурооблигацияларды мерзімінен бұрын өтеуі (номиналды құны 961,5 млн АҚШ доллары), сондай-ақ резиденттердің кредиттік берешегі қысқаруы (198,3 млн АҚШ долларына) есебінен орын алды. 

Талдамалық мақсатта сыртқы борыш құрылымында есепті кезеңде 1,2 млрд АҚШ долларына азайып, 2019 жылғы 1 сәуірде 21,6 млрд АҚШ долларын құраған мемлекет бақылайтын ұйымдардың сыртқы борышы (мемлекеттік сектор капиталына 50%-дан астам тікелей немесе жанама қатысатын банктер мен ұйымдар) жеке бөлінеді.

"Қазақстан Республикасының таза сыртқы борышы 2019 жылғы 1-тоқсанда 145,3 млн АҚШ долларына азайып, 47,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте мемлекеттік және банк секторлары қалған әлемге қатысты таза кредиторлар, ал корпоративтік сектор таза қарыз алушы болып табылады", – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу