Сыртқы қарыз 74,6 млрд долларға өсті

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3023

2017 жылдың 1 қазанында Қазақстанның сыртқы борышы 168,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Сыртқы қарыз 74,6 млрд долларға өсті

Мұндай ақпаратты бүгін Ұлттық банк таратты. Қаржылық реттеушінің жариялаған мәліметтеріне сүйенсек, соңғы он жылда елдің сыртқы қарызы 74,6 млрд АҚШ долларына өскен.

Сыртқы борыштың 62%-ы – фирмааралық берешек. Фирмааралық берешек дегеніміз – тікелей инвесторлар мен еншілес кәсіпорындар алдындағы міндеттемелер. Негізінен сыртқы қарыздың өсуіне ел аумағындағы шетелдік компаниялар филиалдарының қосқан "үлесі" зор. Олардың мұнай-газ саласындағы жобаларды жүзеге асыруына байланысты фирмааралық берешек 76,7 млрд АҚШ долларына артқан.

Сонымен қатар, сыртқы қарыздың 26%-ы – басқа секторларға, 8%-ы – үкімет пен Ұлттық банкке, ал 4%-ы екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан даму банкіне тиесілі.

Экономиканың қаржылық емес секторының және үкіметтің сыртқы борышының өсуі байқалып отыр. Қаржылық емес сектордың қарызы қарызы 26,2 млрд АҚШ долларына көбейсе, үкіметтің берешегі 10,8 млрд АҚШ долларына артты. Бұған еурооблигацияларды шығару және сырттан кредиттер мен қарыздарды тарту себеп болып отыр.

2017 жылдың үшінші тоқсанында елдің сыртқы борышы 1,0 млрд АҚШ долларына өскен. Бұған "ҚазТрансГаз" АҚ-ның еурооблигациялардың 10 жылдық шығарылымын 750 млн АҚШ долларына тең жалпы номиналдық көлеммен орналастыру, резиденттердің коммерциялық кредиттер бойынша берешегін ұлғайту (204,8 млн АҚШ долларына көбейді) және еурооблигациялардың қолданыстағы шығарылымдары бойынша купондық сыйақы есептеу (185,7 млн АҚШ долларына көбейді) себеп болған.

Сыртқы борыштың ішкі жалпы өнімге қатынасы 2017 жылдың үшінші тоқсанында 3,5%-ға жақсарды.

Мемлекет бақылайтын ұйымдардың сыртқы борышы 2017 жылғы 1 қазанда 26,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық банктің сыртқы міндеттемелері елдің сыртқы борышы көлемінің орташа есеппен 0,6%-ына тең. Нақты іс жүзінде ештеңе өзгерген жоқ десе де болады.

Негізінен қаржы секторының сыртқы қарызы 39,1 млрд АҚШ долларына қысқарды. Бұған банктердің ("Қазақстанның Даму Банкі" АҚ-ын қоса алғанда) кредиттер мен қарыздар бойынша берешегінің 37,4 млрд АҚШ долларына азаюы себеп болды.  

Еске сала кетейік, заңнамаға сәйкес, елдің сыртқы борышының статистикасын қалыптастыру және қаржы ұйымдарының сыртқы борышын реттеуге қатысу Ұлттық банктің құзыретіне жатады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу