Сыртқы қарызды ұлттық қордың ақшасымен жабуға бола ма?

Сарапшылар кедендік өткізу бекетін салу үшін Қытайдан қарыз алуға қарсы.  

Сыртқы қарызды ұлттық қордың ақшасымен жабуға бола ма?

Елордада өтіп жатқан стратегиялық бастамалар форумында сөз сөйлеген белгілі сарапшы Олжас Құдайбергенов Қазақстанның сыртқы қарыздарынан Ұлттық қордың есебінен құтылуды ұсынды. 

Center for Strategic Initiatives орталығының аға серіктесі форум алқасына "Жаңа экономикалық саясат" атты дамудың жаңа моделін ұсынған болатын. Орталық мамандары ол үшін Сингапурдың даму жолын Қазақстан жағдайына икемдеуді ұсынып отыр. Сингапурдың кейінгі 50 жылда қалай түрленгенін экономика тілімен түсіндірген сарапшы Қазақстан билігін "қарызға даму" моделінен бас тартуға шақырды.

"Біз белсенді инвестициялық саясат керек екенін болжап отырмыз. Жіңішкелеп айтсақ, бұған дейінгі капиталға қатысты рақымшылық шаралары сырт көзге сәтті өтті. Бірақ сыртта әлі көп ақша жатыр. Қалған ақшаны да қайтаруға болады деп ойлаймыз. Егер экономикалық саясатты жаңадан құру керек болса, әуелі сыртқы мемлекеттік қарыздардан түгел бас тартуымыз керек. Мысалы, Сингапурдың сыртқы қарызы нөлге тең. Біз де осылай істей аламыз. Әсіресе ұлттық қорымыздың бар екенін ескерсек", – деген Олжас Құдайбергенов кедендік өткізу бекетін салу үшін Қытайдан 300 млн доллар қарыз алу идеясын сынады.

"Бізде кедендік өткізу бекетін сыртқы қарыз есебінен қаржыландыру жобасы бар. Бұл түбірімен қате жол. Бұл жобаға ғана емес, мемлекеттік мақсатқа сырттан қарыз тартуға мүлде болмайды", – деді сарапшы.

Маманның бұл ұсынысына Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов пікір білдірді. 

"Мен ұлттық қорды белсенді пайдалануды жақтамаймын. Өйткені оның өсімі шамамен 3-4% десек, біз алатын қарыздың мөлшерлемесі 5-6%. Біз осы жолмен де ұтып отырмыз. Бизнес сияқты мемлекет капиталында да қарыз болуы керек. Ол қарыз экономиканың қозғаушы күші болуы шарт. Ондай қарыздың көлемі маңызды, әрине. Дәл қазір оның мөлшері соншалық үлкен емес. Үкіметтік қарыз – 23%. Қауіпсіз деңгейде тұрмыз деп айтуға болады. Ал елдің жалпы қарызы жалпы ішкі өнімнің 86%-ына тең. Бір кездері ол көрсеткіш 105-107%-ға шыққанын білесіздер.  Жалпы ішкі өнім өсіп жатыр. Ал сыртқы қарыздың өсімі бәсең. Пайыздық қатынаста айтсақ, жағдайымыз жақсы", – деді ол. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу