Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгін Құрылтайда еліміздің 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы таныстырылды.
– Болжам әлемдік экономиканың даму болжамдары мен сыртқы нарықтардағы конъюнктураны ескере отырып жасалды. Халықаралық валюта қорының шілде айында жаңартылған болжамына сай, 2027 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,4 пайызды құрайды. Халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға мұнай бағасына қатысты болжамдарын төмендетті. Консенсус-болжам барреліне 70,3 АҚШ долларына дейін төмендетілді. Осыны ескере отырып, базалық нұсқада мұнай бағасы барреліне 70 АҚШ доллары деңгейінде алынды. Сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда, – деді А.Әмрин.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрінің сөзінше, базалық нұсқаға сәйкес, 2027-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5 пайыздан жоғары деңгейде болжанған. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2 жылда 245 трлн теңгеге дейін өседі.
– Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан жоғары болады. Әрі оған металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру негізгі үлес қосады. Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5 пайызды құрайды. Құрылыста өсу қарқыны 2027 жылы 16 пайыздан 2029 жылы 17,3 пайызға дейін артуы болжануда. Бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік-инфрақұрылымды жаңғырту ықпал етеді, – деді вице-министр.
Қызмет көрсету саласында да тұрақты серпін сақталады деп күтілуде. Сауда орта есеппен жылына 5,7 пайызға, көлік және қоймалау 10,4 пайызға, ақпарат және байланыс 9,2 пайызға өседі.