Атақты ресейлік теннисші Вероника Кудерметованың сіңілісі Полина Кудерметова спорттық азаматтығын ресми түрде өзгертіп, халықаралық аренада енді Өзбекстан атынан өнер көрсетеді.
Қазіргі таңда Полина WTA рейтингінде 104-орында тұр және өз буынының ең талантты әрі болашағы зор теннисшілерінің бірі саналады. Ол мансабындағы ең жоғары жекелей рейтингке 2025 жылғы 14 сәуірде қол жеткізді. Ол уақытта Полина WTA рейтингінде 54-орынға дейін көтерілген.
Кәсіби деңгейде Кудерметова жекелей сында 8 ITF титулын, жұптық сында 2 ITF титулын жеңіп алған. ITF World Tennis Tour турнирлерінде тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп, соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан теннисшілердің бірі ретінде танылды.
Кудерметованың Өзбекстан құрамасына қосылуы – елдің әйелдер теннисін дамытуда елеулі қадам. Бұған дейін Камилла Рахимова, Мария Тимофеева, Александра Бармичева және Лайма Владсон спорттық азаматтықтарын өзгерткен болатын.
Айта кету керек, қазан айының басына дейін Өзбекстан теннис федерациясында ТОП-1000 қатарында бірде-бір теннисші жоқ еді. Ал, қазір олардың саны төртке жетті. Ресейлік теннисшілерден бөлек, Өзбекстан туына литвалық теннисші Лайма Владсон (WTA рейтингінде 881-орында) да ауысты.
Спортта азаматтық ауыстыру қалыпты жағдай. Мысалы, теннис әлемінде Қазақстан атынан өнер көрсететін Елена Рыбакина, Александр Бублик, Юлия Путинцева, Александр Шевченко сияқты спортшыларымыз бар. Олар бұған дейін Ресей атынан сынға түкен. Бұл құбылыс спортшыға халықаралық аренада мүмкіндіктерін кеңейтуге, ал қабылдаған елге өз құрамасын нығайтуға мүмкіндік береді.