Табанды еңбек зор табысқа жеткізеді – Мемлекет басшысы

3102

Республика күні қарсаңында еліміздегі энергетика саласының қызметкерлері де мемлекеттік наградаларға ие болды.

Табанды еңбек зор табысқа жеткізеді – Мемлекет басшысы Фото: Максима Морозова

Ұлттық мереке – Республика күніне орай еліміздің экономикасындағы маңызды саланың бірі – энергетика кәсіпорындарының қызметкерлеріне еңбегі мен саланы дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалар табысталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан марапаттарды "KAZENERGY" Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев 10 жылдан аса уақыт осы салаға арнап, кәсіби тұрғыдан биіктерге жеткен кәсіпорындардың қызметкерлеріне табыстады.

Мысалы, "Шеврон Мұнайгаз Инк." Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс саланы дамытуға, халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды.

"Компаниямыз 30 жылдан бері Қазақстан Республикасымен тығыз әріптестікте жұмыс істеп келеді. Бұл аралықты энергетика саласындағы табысты ынтымақтастықтың үлгісі деуге толық негіз бар. Бүгін менің "Достық" орденімен марапатталуым – біздің достығымыздың жылдар бойы Қазақстанның дамуы мен өркендеуі бағытында қызмет еткенінің белгісі. Достығымыз әрі қарай да табысты ынтымақтастықтың негізі болатынына сенімім зор. Біз одан әрі де Қазақстан халқының игілігі үшін Қазақстанның мұнай-газ саласын тығыз ынтымақтастықта дамытуды жалғастыруға ниеттіміз. Себебі Қазақстан халқы – елдің басты байлығы", – деді Дерек Магнесс.

Алматыдағы ЖЭО-3-те 30 жылға жуық еңбек еткен Лариса Тулакшина мереке қарсаңында IІI дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен марапатталды. Еңбек жолын электромонтер болып бастаған Лариса бүгінде электр станцияның электртехникалық зертханасын басқарады, осылайша елдің оңтүстік өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз үлесін қосып келеді.

"Мен үшін бұл наградаға ие болу үлкен мәртебе. Осынау марапат үшін ел Президентіне алғысымды қалай жеткізерімді де білмей тұрмын. Бұл награданы ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында алып отырғаныма қуаныштымын. Мен үшін бұл елдігімізді нығайтатын күн ғана емес, сонымен қатар барша қазақстандықтардың бірлігі мен достығының да белгісі іспеттес", – деді Лариса Тулакшина.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде еліміздің табысын арттыруға азаматтарымыз маңдай терімен үлес қосып жүргенін атап өтті.

"Табанды еңбек зор табысқа жеткізеді. Барлық саланы, әсіресе, өндірісті білікті мамандар дамытады. Сондықтан біз бір ел болып қоғамда еңбекқорлықты дәріптейміз", – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу