Табиғат vs өнеркәсіп: кей зауыттар экологиялық талапты орындай алмай жатыр

165

Қай елдің де экономикасының қозғаушы күші өнеркәсіп саналатыны белгілі.

Табиғат vs өнеркәсіп: кей зауыттар экологиялық талапты орындай алмай жатыр Фото: guu.ru

Алайда экологиялық тұрғыдан оның да кері әсері болатынын жасырмау керек. Қазір Қазақстанның солтүстігі мен орталығындағы аймақтар осы күрделі мәселеге тап келді. Алаңдатарлық жайт, кей өңірдегі тұрғындар жылына жүздеген келі зиянды қалдық жұтып өмір сүріп жүр.

Мысалы, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы атмосфераға тараған зиянды қалдықтар көрсеткішін жан басына шаққанда Павлодар облысының әр тұрғыны 882,1 келі қатерлі ауа жұтқан. Сол секілді Ұлытау облысы – 429 келі, Қарағанды облысы – 399,8 келі, Атырау облысында бір адам 225,4 келі зиянды затпен тыныстаған. Бұл өңірлердің барлығында да ірі өнеркәсіп кешендері мен энергияны көп қажет ететін зауыттар шоғырланған.

Жалпы ел аумағын қарайтын болсақ, әр қазақстандық 2020 жылы 130,1 келі зиянды ауа жұтса, былтырғы көрсеткіш 111,9 келі болды. Азғантай төмендеу бар, алайда бұл проблеманың жойылып кеткенін көрсетпейді. Дегенмен жалпылама көрсеткішке едәуір әсер етіп отырған Павлодар (660 мың тонна) және Қарағанды (452,8 мың тонна) облысы. Республикадағы зиянды ауаның жартысына жуығы аталған екі өңірге тиесілі.

Зиянды қалдықтардың көп бөлінуіне әсер етіп отырған басты фактордың бірі – еліміздің электр энергиясының басым бөлігін көмірден алуы. Қазір Қазақстан жалпы қуат көзінің 60 пайыздан астамын көмірден алады. Бірақ ресурстың тұрақтылығы үшін бұдан мүлде бас тарта алмайтынымыз тағы бар. Тек жасыл энергетиканың үлесін арттырып, биыл қабылданған "таза көмір" тұжырымдамасы арқылы зиянды қалдықтың мөлшерін азайтумен шектелеміз.

Жан басына шаққанда зиянды қалдықты ең көп жұтатын өңірлердің алғашқы төрттігінде Атырау облысы тұрғанын айттық. Қазір мұндағы халық ауадағы жағымсыз иіс мәселесін жиі көтеріп жүр. Тіпті жұрттың шағымы республикалық деңгейде де айтылды. Жақында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы тексеру нәтижелеріне қатысты деректер жария болды. Өңірдің Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің сөзіне сенсек, ауаға тараған зиянды қалдықтар расымен де шамадан тыс асып кеткен. AirKZ қосымшасы мен "Қазгидромет" мәліметтері де растаған.

"Шекті концентрациядан асу фактісі бар. Ол тіркелді. Негізінен мұндай ластану түнгі және таңғы уақытта байқалып отыр. Тұрғындар шағымынан кейін, лезде қыркүйек айының басында екі күн жүргізілген зертханалық зерттеу нәтижесінде кейбір ластаушы заттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан бірнеше есеге жоғары екені анықталды", – деді Асқар Жүсіпов.

Шаһарды жайлаған күлімсі иіс әлеуметтік желідегі уақытша "дауыл" эффектісінде қалған жоқ. Жаппай шағымнан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері тексеру барысында экологиялық талаптардың бұзылғанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, зауыттың күкірт өндірудің аралас қондырғысы мен каталитикалық крекинг қондырғысында авариялық жағдайлар болған. Соның салдарынан газ факельді қондырғыда жағылған. Осы кезеңдерде жағылған газдың жалпы көлемі 100 тоннадан асқан екен. Яғни халық осы газды жұтқан.

Экология министрлігінің мәліметінше, зауыттың кейбір технологиялық пештері мен резервуарлары бойынша шығарындылар мүлде есептелмеген, рұқсат етілген шығарындылар нормативтері белгіленбеген. Сондай-ақ автоматтандырылған мониторинг жүйесіне және қолайсыз метеорологиялық жағдайларда шығарындыларды азайту шараларына қатысты заңбұзушылықтар тіркелген.

Дегенмен халық саулығына зиян келді деп өндірістің тағы тұралап қалмайтыны рас. Өнеркәсіп өкілдерінің өз шындығы бар. Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы да шаһардағы экологиялық проблемаларға зауытты айыптай бергенді құптамайды. Өйткені 2020-2026 жылдары атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін 20,1 мың тоннадан 14 мың тоннаға дейін азайтқандарын алға тартты. Оның үстіне, жағымсыз иістің көзі біреу ғана болмауы мүмкін.

Өңір экологтары шаһардың ауасын ластауға "Квадрат" булану алаңы, "Атырау облысы Су Арнасы" КМК-ның кәріз нысандары, мұнай-газ кәсіпорындары, жылу электр орталықтары да әсер етіп отырғанын айтады. Мысалы, эколог Галина Чернова "Квадрат" булану алаңына жүргізілген өлшеулер кезінде күкіртсутек пен мұнай өнімдері сияқты зиянды қалдықтарды анықтаған. Сондай-ақ "Су Арнасы" кәсіпорны қабылдайтын сарқынды су бақылаусыз қалған. Осы аталғанның бәрі зерттеліп, сараптама қорытындысы шықпайынша, жағымсыз иіс пен ластанған ауаның мәселесі шешілмеуі мүмкін.

Бұл – бір өңір жайы. Әйтпесе еліміздің кез келген өңірінде кәсіпорындар толық талапқа сай жұмыс істеп жатқанына сену қиын. Осылайша, экологиялық мәселелер, халық саулығы өнеркәсіп саласымен бетпе-бет келіп отыр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу