Мұны Орталық депозитарийдің статистикасы дәлелдейді. Олардың барлығы жеке инвесторлықпен айналыса ма? Мұндай "инвестициялық бумның" басталуына не себеп? Inbusiness.kz тілшісі зерттеп көрді.
Орталық депозитарийдегі шоттардың нақты саны – 2 030 000. Олардың 1 343 000 – омнибус шоттар. Ал жеке тұлғаларға тиеселі шоттар саны – 686 мың. Омнибус шоттар да жеке тұлғаларға тиеселі. Алайда ондағы операциялар брокердің атынан жасалады. Бұл жеке тұлға атынан жасалған операцияларға қарағанда арзан әрі жеңіл.
Қазақстандық жеке инвесторлардың басым бөлігі – 50,2% ер азаматтар, ал 49,8% әйелдер. Ал жас айырмашылық бойынша ең көбі – 35-54 жас аралығындағы қазақстандықтар. Ресми статистика осындай. Алайда сарапшылар нақты инвесторлықпен айналысатындар саны әлдеқайда аз екенін айтады.
Алматылық Қарлығаш Ахметова жақында кредитін жауып болған. Әрі аздаған ақша жинап үлгеріпті. Енді ол қаражатын көбейткісі келеді. Оның алдында 2 түрлі құралдың бірін таңдау тұр: бірі – дәстүрлі түрде депозитке салу; екіншісі – акция, облигацияға салу. Көптеген қазақстандықтар сияқты ол да депозит онша көп табыс әкелмейді деп санайды. Оның пайымынша акция, облигация керісінше көбірек табыс әкеледі. Мұндай ойға блогерлердің әлеуметтік желіде күні-түні жариялап жататын видеолары мен кеңестерінен кейін келген. Олардың видео дәрістеріне қарап отырып, арнайы шот ашып, акция сатып алған. Алайда оны әрі қарай қалай басқарып, табыс табуды білмеген соң, қайтарып алуды шешкен.
"Дәл осындай жағдайдағы қазақстандықтар көп. Өйткені әлеуметтік желіде, медиада жылдам табыс табу туралы ақпарат өте көп және ондай ақпараттың көпшілігі толық, терең бола бермейді. Кейбір блогер, коучтардың мақсаты адамды қызықтыратын деректерді жариялап, толық ақпаратты арнайы ақылы дәрістен алуға шақырады. Алайда кейбір адамның ақылы курсты алуға ақшасы болмауы, түрлі ақпаратты оқып, үйренуге ынтасы болмауы мүмкін. Бірақ ақшаны көбейтуге құлшынысы зор. Сондықтан өз бетінше сатып алып-сатуға кірісетіндер көп. Тағы бір мәселе қазір акцияны сатып алу, сату жеңіл. Ол үшін кейбір банктік қосымшаны жүктеп алып, арнайы бөлімінде қажетті операцияны жасай беруге болады. Сондықтан көптеген адамдар жеке инвестор болуға қызығып, шот ашуы мүмкін. Шын мәнінде нағыз жеке инвесторлар саны млн-мен емес, жүз мыңдармен өлшенеді. Көпшілігі қызығушылық деңгейінде. Акция, облигацияда кепілдендірілген табыс жоқ. Депозитте кепілдік бар. Сондықтан акция туралы толық ақпаратыңыз болмаса, басында дәстүрлі құралдарды қолданған жөн", – дейді "Инвестиция әліппесі. Ақшаны қалай көбейтеміз?" кітабы авторларының бірі Ербол Азанбек.
Қазақстанның миноритарлық акционерлер ассоцияциясы басқару кеңесінің төрағасы Ерқанат Әбенидің айтуынша, жеке инвесторлыққа келу үшін, ең алдымен, білім алып, үйрену керек.
"Бұған мысал ретінде көлікті алуға болады. Баратын жерге жылдам жетуге болатын өте ыңғайлы құрал ғой. Бірақ оны жүргізе алмасаң, өте қауіпті. Сондықтан оны ең алдымен басқаруды үйрену керек. Газ, тежегішті қалай басамыз? Қалай жылдам тоқтауға болады? Сонымен қатар көшедегі жол жүру ережелерін білу керек. Осыларды толық меңгерген соң ғана, көлік рөліне отырған дұрыс. Акция сатып алу-сату нарығына да осындай дайындықпен келу керек. Өйткені бұл құралдың тәуекелі жоғары, сондықтан білім, зерттеуді қажет етеді", – дейді жеке инвестор.
Қазіргі таңда жеке инвесторлар Қазақстанның және әлемдік компаниялардың акцияларын Қазақстанның қор биржасынан, Tabys қосымшасынан, Freedom Finance, Halyk Finance, Jysan Invest, BCC Invest сынды ТОП-5-тікке кіретін брокерлердің қосымшаларынан сатып алып-сатуға болады.
Мамандар инвестиция әлеміне қосымшаларды өз бетіңізше зерттеп, инвестиция саласындағы кітаптарды, сарапшылардың ақпараттарын оқып, зерттеуден бастау керек екенін айтады.
"Ал блогерлердің ақпараты туралы айтар болсақ, олар көбейіп кетті. Біріншіден, олардың тәжрибесін қарау керек. Олардың қаржы нарығына қандай қатысы бар? Қай жерде жұмыс істеді? Зерттеген соң ғана тыңдау керек", – дейді Ерқанат Әбени.
Сарапшылар ең бастысы – қор нарығын ойын түріндегі, нақты ақша емес, Paper шот арқылы зерттеп алуды ұсынады.
"Толық түсінген соң, акцияны аз ғана ақшаға сатып алып, зерттеп көріңіз. Соңғы ақшаңызға акция сатып алмаңыз. Толық ақпарат, түсінік пайда болған соң, түрлі сектордың акцияларын алып, зерттеп көріңіз", – дейді сала мамандары.
Зерттеу, оқу, кезеңінен өткен соң барып қана, акцияларды сатып алып, сатуға кіріссеңіз болады. Егер күні-түні осы саламен айналыссаңыз, трейдер болып есептелесіз. Ал акциялар арқылы ұзақ мерзімді табыс алғыңыз келсе, онда инвесторлар қатарына қосыласыз.
Айта кетейік, бұл жағынан озық ел АҚШ-та елдің еңбекке қабілетті азаматтарының 70%-ға жуығы жеке инвестор санатында. Алайда қор нарығында табысқа 100% кепілдік жоқ , тәуекелі көп. Сондықтан табысын еселеуді ойға алғанда, мұның бәрін естен шығармауы шарт.