Табысты адамдар табысты жерді іздейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3303

Шетелдік сарапшы Марк Йендл "Астана" халықаралық қаржы орталығын әлемдік деңгейге көтерудің жолдарын айтты.

Табысты адамдар табысты жерді іздейді

Жаһандық қаржы орталықтарының рейтингін жасайтын Z/Yen компаниясының директоры Марк Йендлдің айтуынша, қаржы орталықтарын әлемдік ауқымға шығарудың бес жолы бар.

"Біріншіден, халықаралық деңгейдегі адамдарды тартпайынша, халықаралық орталық атану қиын. Яғни, ұйымның жұмысына білімді, тәжірибелі шетел мамандары шақырылуы керек. Себебі, қазір өзге елдің нарықтары арқылы адами капиталды дамыту маңызды болып отыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы қаржы орталықтары халықаралық деңгейдегі таланттарды құшақ жая қарсы алады. Екіншіден, табысты адамдар табысты жерде жұмыс істегісі келеді. Үшіншіден, адамдар ерекше қалаларда тұрғанды қалайды. Төртіншіден, абырой, бедел жинау керек. Бесіншіден, сенім қажет. Ең бастысы да – осы. Өзгелер сенім артпайынша, табысты болу мүмкін емес", – деді Марк Йендл Астана экономикалық форумында.

 Z/Yen компаниясы директорының айтуынша, АХҚО-ның әлемдік деңгейдегі халықаралық қаржы орталықтарының қатарына қосылу мүмкіндігі жоғары. Өйткені, "Астана" қаржы орталығы жоғарыда аталған бес бағытқа ерекше көңіл бөліп отыр дейді шетелдік сарапшы.  

"Наурыз айында халықаралық қаржы орталықтарының индексін түздік. АХҚО аталған индекске алғаш рет енді. Бұл бірер ай бұрын ғана құрылған қаржы орталығы үшін тамаша жетістік. Меніңше, осыдан-ақ "Астана" қаржы орталығының жұмысы оң жолға қойылғандығын аңғаруға болады", – дейді Марк Йендл.

Z/Yen компаниясы "Астана" халықаралық қаржы орталығына қатысты зерттеу жүргізген екен. Атап айтқанда, әлемнің түкпір-түкпіріндегі белгілі қаржы сарапшыларының АХҚО жайлы пікірін сұрап біліпті.

"Сауалнамаға қатысқан Батыс Еуропа елдері сарапшыларының 30%-ы АҚХО туралы негативті пікір білдірді. Сондай-ақ, Солтүстік Америка өкілдерінің 5%-ы да дәл осындай пікірде. Ал Азия-Тынық мұхиты өңірінің өкілдері оң көзқарас танытып отыр. Сондай-ақ, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия сарапшыларының да көзқарасы дұрыс", – дейді Z/Yen компаниясының директоры.

Ұлыбританияның сауда және инвестиция министрі болған Френсис Модтің пікірінше, "Астана" халықаралық қаржы орталығының Орталық Азия аумағында алар орны ерекше.

"Бүгінде қаржы орталықтары қарқынды дамып келеді. Мұндай орталықтар әлемнің түкпір-түкпірінде ашылып жатыр. Демек, нарық пен қаржылық қызметтерге сұраныс мол деген сөз. Қаржы орталықтары осы үдеден шыға білуге тиіс", – деп есептейді Френсис Мод.

Оның сөзінше, қазір әлемдік қаржы ағыны Азия елдеріне қарай ойысуда. Оның ішінде Орталық Азияға қаржы құю тенденциясы байқалып отыр.

"Осы тұрғыдан алғанда "Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылуы ойластырылған стратегиялық қадам болды деп есептеймін. Қазір әлем мемлекеттері инвесторларға барынша жағдай жасап отыр. Ал инвесторларға не керек? Олар қаржыны табысы мол салаға жұмсауды көздейді. Сондай-ақ, қауіпсіздікке, яғни заң үстемдігіне мән береді. Өз құқықтарының бұзылмағанын қалайды. Сондай-ақ, бюрократиядан қашады. "Астана" халықаралық қаржы орталығында осының бәрі ескерілген. Қаржы орталығы Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның дамуына үлкен серпін бермек. Сондықтан оны дер кезінде құрылған ұйым деп білген жөн", – дейді Френсис Мод.

"Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, экономикалық ықпалдастық Азияға беттеп келе жатқандықтан, Орталық Азияға әлемдік қаржының құйылғаны маңызды.

"Ал бұл істі алға бастыратын "Астана" халықаралық қаржы орталығы болмақ. Орталық үлкен мүмкіндіктерге жол ашады", – дейді ол.

Қайрат Келімбетов атап өткендей, бүгінде "Астана" халықаралық қаржы орталығына 13 компания тіркелген. Алдағы үш жылда олардың санын 500-ге жеткізу көзделіп отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу