Бессайыс спорты бойынша Қытайдың Ухань қаласында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Сол сайыста Қазақстан намысын қорғаған Елена Потапенко жекелей сында 12-орыннан көрінді. Осы нәтиженің арқасында ол Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Еленаның алдын ораған спортшылардың ішінде Оңтүстік Корея елінен 4 спортшы, Жапония мен Қытайдан үш спортшыдан болды. Ал жолдама бір мемлекетке біреуден ғана беріледі. Сондықтан да кезекті жолдама Потапенкоға бұйырды.
Сонымен қатар жекелей сындағы бессайыста ел намысын қорғаған Павел Иляшенко 4-орыннан көрінді. Жолдама алғашқы бес орынға берілгендіктен, отандасымыз жолдамалар қатарына еніп кетті. Сонымен Қазақстан дәл осы мезетте Токио Олимпиадасына 25 жолдама алып отыр.
Ермұхамед Мәулен