Тағы бір қазақстандық теннисші пайда бола ма?

1651

Ресей азаматы Александр Шевченко енді көк туымызды жамылмақ. 

Тағы бір қазақстандық теннисші пайда бола ма?

Қазақстан теннис федерациясы ресейлік теннисшілерге құжат беріп, ұлттық құрама сапына алғанын білеміз. Енді осы күні кеше ғана тағы бір ақпарат жылт ете түсті. Теннисші Александр Шевченко Қазақстан азаматтығын алды деген. Стокгольм қаласында өтіп жатқан теннис турнирінде А.Шевченко Павел Котовпен кездеседі. Негізінде екі теннисші де Ресей азаматы. Алайда жарыс ұйымдастырушылары А.Шевченконы Қазақстан азаматы деп белгілеп, ресми хаттамаға солай тіркейді. Оны Тимур Мәуленов есімді теннисші скриншот жасап, әлеуметтік желіге салады.

Міне, осыдан кейін еліміздегі бірнеше спорт пабликтері бұл жағдайды көшіріп шығарады. Артынша еліміздің белді спорт сайттары ақпарат ретінде тарата бастады. Алайда Қазақстан теннис федерациясы бұл мәліметті жоққа шығарды. Олар ҚТФ ресми сайтына арнайы ақпарат жариялап, ресми жаңалықты күтіңіздер деген.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей теннисшісі Александр Шевченко спорттық азаматтығын өзгертті және бұдан былай Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді деген ақпарат тарады. Қазақстан теннис федерациясы Александр Шевченконың бізге хабарласқанын  растайды. Оның ұсынысы қарастырылып жатыр. Соңғы кездері шетел теннисшілерінен Қазақстан атынан ойнауға ұсыныс көп түсіп жатқанын мәлімдейміз. Әр жағдай ыжағаттылықпен мұқият қарастырылады. Шетел теннисшілерінің Қазақстан азаматтығын алғаны туралы ақпарат шыққан жағдайда Қазақстан теннис федерациясы бұны жедел баспасөз өкілдеріне және өз жанкүйерлеріне хабарлайды", – делінген хабарламада.

Дей тұрғанымен, Тимур Мәуленовтің салған сторисін Александр Шевченконың өзі репост жасап отыр. Демек теннисшінің өзі Қазақстан атынан ойнауға қарсы емес деген сөз. Жас теннисші әзірге әлемдік рейтингте алғашқы жүздікке енбеген. Бірақ болжам бойынша жуырда еніп қалуы ықтимал. Біршама жасқа келген Михаил Кукушкиннің орнын басып, Қазақстан атынан өнер көрсетуді көксеп отырғаны да белгілі. Себебі Ресей теннисшілеріне көптеген елде жарысқа қатысуға тыйым салынған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу