Түрікменстан-Ресей экономикалық ынтымақтастығының үкіметаралық комиссиясының 13-ші жиыны екіжақты ықпалдастықтағы тарихи серпінге жол ашты. Үкіметаралық комиссия отырысы аясында екі ел "Түрікменстан мен Ресей арасындағы оңайлатылған кедендік дәлізді" салтанатты түрде іске қосты. Бұл туралы түрікменнің ресми Tmrl.gov.tm порталы хабарлады.
Комиссияға РФ тарапынан Үкімет төрағасының орынбасары Марат Хуснуллин, ал, түрікмен тарапынан – Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Нокергулы Атагулыев төрағалық етеді.
"Екі елдің одақтастығын нығайтудың маңызды мәселесі – кедендік өзара ықпалдастықты күшейту болып табылады. Екі елдің арасында тауарлар мен жүктердің ұшқыр қозғалғаны өте маңызды! Сондықтан келіссөздерді де жылдамдатып, өрістетіп жатырмыз. Екі елдің кедендік қызметтерінің делегациялары енді жиі араласа бастады, екі елге, яғни, бір-біріне сапарлауда. "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша жұмыс жандандырылуда", – деді Марат Хуснуллин Президент Сердар Бердымұхамедовпен кездесуінен кейін.
Айта кету керек, кезінде Еуразиялық одақ та осылай, алдымен кедендік одақтастықты ресми рәсімдеуден басталған болатын. Комиссия отырысында Мәскеу және Ашхабат (Aşgabat) осы мақсатта кедендік қызметтердің жұмысын өзара үйлестіру, тығыз қарым-қатынасты жолға қою мәселелерін пысықтаған.
Сондай-ақ Түрікменстанның Мемлекеттік кеден қызметінің төрағасы Мақсат Құдайқұлиев пен РФ федералдық кеден қызметі басшысының орынбасары Сергей Шкляев жеке кездесіп, келіссөздер жүргізді. Ресми мәлімет бойынша жабық өткен бұл жүздесуде екі елдің кеден саласындағы жаңа стратегиялық серіктестігінің ағымдағы жағдайы мен келешегі талқыға салыныпты. Тарихи сипаты бар жаңа келісімге де сол екеуі қол қойды.
"РФ федералдық кеден қызметі мен Түрікменстанның Мемлекеттік кеден қызметі арасында Тауарлар мен көлік құралдарының қозғалысы кезінде кедендік операцияларды жүзеге асырудың жеңілдетілген тәртібін ұйымдастыру туралы Келісімге қол қойылуы – маңызды кездесудің басты қорытындысына айналды. "Оңайлатылған кедендік дәлізді" құратын бұл келісім өзара сауда үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Сондай-ақ ол екі мемлекеттің кедендік процедураларын айтарлықтай жеделдетеді, кедендік әкімшілендірудің жалпы тиімділігін арттырады", – деп хабарлады түрікмен ақпарат құралдары.
Кеңес заманынан бері осы екі "одақтас" өзге елдер арқылы барыс-келіс, алыс-беріс жасап келді. Ресейден шыққан теміржол құрамдары Қазақстан және Өзбекстан территорияларын басып өтіп, содан кейін ғана түрікмен еліне жететін. Ары қарай бұл жол "Теджен – Серахс" шекаралық өткізу бекетінде Иранның теміржол желісіне шығатын.
Бертінде Қазақстан бұл бағыттың ұзындығын біраз қысқартып берді және жүк анағұрлым тез жететін болды. Осы мақсатта Астана бұрыннан жолға қойылған маршруттен Өзбекстанды алып тастады.
Яғни, 2014 жылы Қазақстан Үкіметі Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы "Болашақ" ауылынан Түрікменстанға тікелей теміржол желісін тартты. Бұл бағыт "Солтүстік–Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізінің "Болашақ" жаңа желісі деген атауға ие болды. Ол Түрікменстан жерін бойлай өтіп, "Этрек – Горган" шекаралық өткізу бекетінде Иран Ислам Республикасына ұласатын.
Осылайша, қазіргі кезде Түрікменстан ресейлік тауарлардың импортын және РФ-қа өз өнімдерінің экспортын Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асырып жүр. Алайда жағдай өзгеруі мүмкін. Жаңа стратегиялық серіктестік аясында Мәскеу және Ашхабат өзара қатынастан тағы бір делдалды – Қазақстанды алып тастап, Каспий теңізі арқылы тікелей байланысты күшейтуге уағдаласуда.
Себебі түсінікті әрі прагматизмге толы: кейінгі жылдары Қазақстан және Ресей арасындағы шекарадан тең-тең жүк тиелген алып фуралардың өтуі қиындады. Бүгінде 7 мыңнан астам үлкен жүк көлігі Ресей жаққа өте алмай, шекарада қаңтарылып тұр.
"Жаңадан іске қосылған "оңайлатылған кедендік дәліз" жүктердің екі елдің – РФ пен Түрікменстанның шекараларын кесіп өту мерзімін барынша қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл Түрікменстан және Ресей басты рөл ойнайтын "Солтүстік–Оңтүстік" халықаралық көлік коридорын дамыту үшін төтенше маңызға ие", – деп мәлімдеді "Туркмендениздеряёллары" (Türkmendeňizderýaýollary agentligi, Түрікменстанның теңіз және өзен көлігінің мемлекеттік агенттігі).
Егер шынымен екі ел теңіз арқылы тікелей тасымалды дамытса, онда "Солтүстік–Оңтүстік" дәлізінің маршруті келесідей болып, қайта құрылуы мүмкін: Ресей – Түрікменстан – Иран – Пәкістан – Үндістан. Сондай-ақ бұл дәліз тауарлар ағынын Иран арқылы Парсы шығанағы елдеріне – Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак, Кувейт, Бахрейн, Қатар мен Оманға жеткізеді. Осының бәрінен Қазақстан шеттетілуі ғажап емес.
"Солтүстік–Оңтүстік" дәлізі кезінде мысырлық Суэц (Эс-Сувайс портты қаласының атымен аталған) каналына балама ретінде құрылды. Оны 1999 жылы Ресей, Үндістан мен Иран іске қосты. Бірақ қаптаған техникалық қиындықтарға байланысты артынша бұл дәліздегі контейнерлік тасымал шектелді.
2005 жылы маршрутке Әзербайжан қосылып, тиісті келісімді ратификациялады. Ізінше оған Қазақстан, Армения, Беларусь, Оман, Сирия, Өзбекстан және басқа елдер кірді. Бағыт жалпы саны 11 елдің аумағын қамтиды.
Қазақстанға бұл маршрут экспорттық жеткізілімдерін Қара теңізге және Парсы шығанағы елдеріне қайта бағыттауға жол ашты. Жалпы ұзындығы 7,2 мың шақырымды құрайтын "Солтүстік–Оңтүстік" дәлізі үнділік Мумбай және ақырғы нүктесі – ресейлік Петербор арасындағы жүк жеткізу мерзімін 15–25 күнге дейін қысқартты.
Бұл, KazLogistics дерегінше, Суэц арнасына қарағанда 2 есе тез. Себебі, египеттік каналға бағыттаса, Үндістан және РФ арасындағы жүк жеткізу 30–45 күнге ұзайды екен.
Егер осы маршруттен енді Қазақстан да шығарып тасталып, РФ пен Түрікменстан арасында тікелей қатынас беленді жолға қойылса, онда бұл мерзім тіпті азая түсуі мүмкін. Сондай-ақ ресейлік сарапшылар тасымалдау құнының да төмендейтініне назар аудартады.
"Оңайлатылған кеден дәлізін" құру сыртында Ашхабат пен Мәскеу осы "одақтастығын" одан әрі нығайтудың басқа да мәселелерін талқылауға кірісті. Басты назар кедендік рәсімдерді цифрландыруға, жүктерді бақылау мен рәсімдерді жеңілдету әрі жеделдету үшін озық электронды технологияларды ендіруге бағдарлануда.
"Сондай-ақ кадрларды даярлау және мамандармен алмасу мәселесіне ерекше мән беріледі. Бұл екі елдің кеден қызметтері қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға және тәсілдемелерді бірыңғайландыруға, унификациялауға септеседі. Сондай-ақ екі елдің серіктестігі енді халықаралық форматта өзара іс-қимылдарды да, соның ішінде Дүниежүзілік кеден ұйымы мен ТМД аясындағы ынтымақтастықты үйлестіріп, бірізділендіруді қарастырады", – деп жазды "Бизнес Түрікменстан" ресми іскерлік басылымы.
Түрікмендік басылым сарапшыларының байламынша, Түрікменстан және РФ өздерінің кедендік қағидаларын үйлестіріп, гармонизациялауға ұмтылысында нақты қадам жасады. Бұл – кезінде Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден одағы аясында жүрген процестерге қатты ұқсайды. Бәлкім, осыдан кейін болашақта қазіргі бейтарап Түрікменстанның да Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы ықтимал екенін жоққа шығаруға болмайды.
Өз кезегінде Ашхабат "Түрікменстан және Ресей арасында сыртқы сауда мен логистика салаларында да стратегиялық серіктестікті мақсатты түрде нығайтуды" мақсат тұтатынын мәлімдеді.
"NewsCentralAsia" порталының дерегінше, РФ пен Түрікменстан кеден саласындағы стратегиялық серіктестік келісімінің жобаларын 2023 жылдың соңына қарай, яғни, дамыған елдер мен Батыстың Мәскеуге қарсы санкциялары қатты күшейген жағдайда бастағанын еске салды. Сол жылғы 18 қыркүйекте РФ федералдық кеден қызметінің үлкен әрі мәртебелі делегациясы Ашхабатқа аттанған болатын.
Нәтижесінде, екі елдің кеден қызметтерінің арнайы жұмыс тобы құрылды. Топ кедендік серіктестікті жаңа белеске шығару үшін кедендегі уәкілетті экономикалық операторлар институтын өзара тану жобасын әзірледі.
Бұдан бөлек, Тауарлар мен көлік құралдарының қозғалысы кезінде кедендік операцияларды жүзеге асырудың жеңілдетілген тәртібін ұйымдастыру туралы Келісімнің жобасы жасалды.
Түрікменстан Мемлекеттік кеден қызметі және РФ Федералдық кеден қызметі арасында ақпаратты алдын ала алмасу жолға қойылып жатыр. Сонымен қатар, ресейлік мамандар Түрікменстандағы кедендік терминалдарды аралап, Аркадаг жаңа "ақылды" қаласындағы кеден басқармасында болып, түрікмен тарапының жаңа сипаттағы серіктестікке дайындығына куә болды.
Осының алдында, 2025 жылғы 14 қазанда РФ үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Григоренко бастаған ресейлік үлкен делегация да Түрікменстанға сапарлаған еді. Оның түрікпен Үкіметі басшылығымен жеке кездесулерінде экономиканы цифрландыру және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жан-жақты талқыға салынғаны хабарланды.
Тараптар ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінде қоян-қолтық қимылдауға келісті және Түрікменстанда мемлекеттік қызметтер саласында бірлескен (тұғыры – ресейлік) ІТ-платформаларды құру жайын пысықтады.
Ресейлік компаниялар түрікпен жерінде Data-орталықтар, яғни, деректерді өңдеу орталықтарын салатын болды. Мәскеу Түрікменстанның ең шалғай аудандарына дейін кең жолақты интернет жеткізіп беруге уәде еткен екен.
Бұл делегацияның сапары қоррытындысында цифрлық трансформация саласында өзара түсіністік туралы хаттамаға қол қойылды. РФ Цифрлық даму министрлігі мен Түрікменстан Байланыс министрлігінің ынтымақтастығы бастау алды.
Бұл елге енді спутниктік байланысқа арналған ресейлік жабдықты тікелей жеткізу жоспарланғаны мәлімделді. Сонымен бірге цифрлық сектор мен телекоммуникациялар бағытында бірлескен ғылыми жобалар қолға алынады. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, бұл ресейлік ІТ-компаниялардың Түрікменстан нарығын ен жайлауына кең өріс ашты.
Жалпы алғанда, 2025 жылғы 7 айда РФ пен Түрікменстанның өзара тауарайналымы бірден 30%-дан астамға күрт өсіп, 1,2 миллиард долларға жетіпті.