Тағы бір көршіміз "соғысқа" дайындығын күшейтті

2188

Әзербайжан әскери қуаты жөнінен №2-ші армияға айналды.

Тағы бір көршіміз "соғысқа" дайындығын күшейтті Фото: gazeta.ru

Әзірге, әрине, әлем бойынша емес, ТМД кеңістігі елдері арасында.

Президент Ильхам Әлиев Әзербайжанның кез келген мезетте соғысқа дайын болуға тиістігін мәлімдеді. Бірақ мемлекет бірінші болып соғысты бастамайды және бейбіт саясат даңғылынан таймауға күш салады. Әзербайжандар көшбасшысының бұл мәлімдемесін "Интерфакс" келтірді.

"Біз кез келген мезетте соғысқа әзір болуға тиіспіз! Өйткені әлемдегі процестердің барысы, қазіргі алмағайып заман ертең не болатынын болжап білуді беймүмкін етті. Біздің елдің қауіпсіздігінің кепілі – біздің өзіміз!", – деді Президент Әлиев Кәлбажар (Kəlbəcər) қаласының тұрғындарымен кездесуде.

Ол елдің егемендігін, жердің бүтіндігін, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Әзербайжанның әрі қарай да әскери қуатты қарқынды арттыратынын нықтады.

"Сонымен бірге, біз бейбіт саясат жүргізуге талпынамыз. Біз соғысты қаламаймыз. Біздің қалауымыз – бейбітшілік!", – деді Ильхам Әлиев.

Президент елге пилотсыз ұшатын ең заманауи аппараттар, жаңа артиллериялық жүйелер жеткізілгенін, жаңа әскери ұшақтарды сатып алуға контрактілер бекітілгенін, қолданыстағы әскери әуе көліктері тегіс жетілдірілгенін мәлім етті.

Бұл елдің армиясының қайрат-қуатын шетелдік, соның ішінде батыстық әскери сарапшылар да жоғары бағалап отыр. Global Firepower халықаралық сараптама орталығы 2025 жылғы жаңа рейтингінде Әзербайжанның Қарулы күштерін ТМД көлеміндегі екінші ең қуатты армия деп таныды.

Оның алдына тек Ресей ғана шыға алды. Бұл ретте Әзербайжанның Оңтүстік Кавказ өңіріндегі сөзсіз көшбасшылығы кезекті рет мойындалды.

Әлем армияларының жаһандық рейтингінде Әзербайжан 29-шы тұғырға көтерілді. Салыстырсақ, осыдан 6 жылдай бұрын Әзербайжан Global Firepower рейтингінде 52-ші орында болған екен.

Айтқандай, Қазақстан бұл әлемдік рейтингте биыл 57-ші орыннан табылды.

Каспий бойынша көршіміз бұл ғаламат жетістігіне қорғаныс әлеуетін белсенді дамыту, әскери техникасын модернизациялау, озық елдердің қаруын сатып алу, жауынгерлерінің әскери шеберлігін жеріне жеткізе шыңдау арқылы қол жеткізді.

Өткен ғасырдың соңында бір сәуегөй Әзербайжан елінің осылай алыпқа айналатынын айтса, ешкім сенбес еді. Мысалы, Қазақстан егемендігін жариялағанда, оның жүйелі жолға қойылған, ортақ тәртіпке бағынған армиясы болды. Оның арсеналында тіпті ядролық қару болғаны да мәлім. Осы күштер кейін ҚР Қарулы күштеріне айналды.

Ал, каспийлік көршімізде жағдай мүлдем басқаша еді. 1991 жылы тәуелсіздік алғанда Әзербайжан терең әскери күйзеліске тап болды.

"Тұрақты армиясының болмауы, материалдық-техникалық базасының жайрап қалуы Қарабақ қарулы қақтығысы аясында республиканың егемендігін жоғалту қаупін туғызды. Алайда азаматтардың өздері құрып алған ерікті батальондардан – тұрақты армиялық құрылымдарға көшу, мемлекеттің ресурстарын мобилизациялау арқасында жағдай өзгере бастады. Тарихи бетбұрыс 1993 жылы билік басына Гейдар Әлиевтің келуімен бірге жүзеге асты. Ол елдегі заңсыз қарулы жасақтарды таратып, бірыңғай қолбасшылық құрды, кәсіби Қарулы күштерді қалыптастыруға кірісті", – деп еске салды EDnews.net сарапшылары.

Гейдар Әлиевтің жетекшілігімен, Әзербайжан армиясы терең әрі жан-жақты реформалардан өтті. Кеңес кезінен қалып, кері тартқан генералдар шетінен шеттетілді, оның орнын дамыған елдерде даярлықтан өткен жас қолбасшылар формациясы басты. Әскери-өнеркәсіптік кешен тақырдан тұрғызылып, елде қару-жарақ өндірісі жолға қойылған.

Бұл істі оның ұлы, қазіргі Президент Ильхам Әлиев жалғастырды. Ол Түркия, Израиль сияқты әскери өндірісі озық елдермен тығыз ынтымақтастықты жолға қойды, жауынгерлерді мұздай қаруландырды, Қарулы күштердің инфрақұрылымын жаңғыртты.

Осының арқасында 2020 жылғы 27 қыркүйек пен 11 қараша аралығында болған, "Ұлы Отан соғысы" деп аталған 44 күндік соғыста Әзербайжан армиясы 30 жылдан астам оккупацияда болған территориясының басым бөлігін азат етті.

Кейін, 2023 жылғы 19 қыркүйектегі "антитеррористік операция" барысында, бір күн ішінде, әп-сәтте қалған елді мекендерді де кері оралта алды.

30 жылдай жат қолында болған Қарабақ пен Шығыс Зангезур қайтарылды, "Таулы Қарабақ республикасы" аталған, ешкім мойындамаған құрылым жойылды.

Әзербайжан Республикасының егемендігі оның бүкіл территориясында толығымен қалпына келтірілді.

Сарапшылар бүгінде бұл елдің армиясы заманауи әскери техникамен, соның ішінде соққылаушы және барлаушы дрондармен, әуе қорғанысы жүйелерімен, артиллериямен, радиоэлектронды күрес құралдарымен жоғары деңгейде жасақталғанына назар аудартады.

Батыстық үлгіні негізге алған және жоғары маневрлілік пен тиімділікті қамтамасыз ететін, құрлықта да, теңізде де, жау тылында да ұрыс пен ойран сала алатын жаңа "коммандос" бригадаларын құру жалғасуда.

2025 жылы Әзербайжан бюджетінің әскери шығыстары 8,4 миллиард манатты құрады. ҚР Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша бұл 2 триллион 671 миллиард теңгеден асады.

Сондай-ақ армияны қаржыландыру Мемлекеттік мұнай қорына қосымша түсімдер есебінен де қамтамасыз етілетін болады. Осының өзі каспийлік көршінің көшбасшысы айтқандай, оның кез келген соғысқа сақадай сай дайындығын паш етсе керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу