Аптап ыстықтан қып-қызыл шоқтай қызған шөл даланың астында алып тоннелдер мен су құбырларының заманауи әрі тұтас желісі тартылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл – Мысырдың қазіргі тарихындағы ең өршіл инфрақұрылымдық мегажобалардың бірі саналатын "Жаңа Дельта". Оның мақсаты – шөл сақарасынан жаңа жерлерді тартып алып, оған ел қоныстандырып, халқы шамадан тыс шоғырланған өзен аңғарындағы демографиялық қысымды азайту. Жобаның құны қазірдің өзінде 800 миллиард мысыр фунтынан асты. Бұл 15 миллиард доллардан асады.
Мыңдаған жыл бойы Ніл атырабы Мысыр өркениетінің алтын бесігі болды. Бүгінде де оның тарихи маңызы зор. Алайда осы бірегей экожүйе мүмкіндігінің ақырына таяп қалғандай. Өзен ағысының өзгеруі, ондаған жыл бойы табиғи ортаға жасалған шаруашылық қысым және Каирдің қарқынды өсуі құнарлы жерлердің тозуына әкелді.
Осы мәселелерге жауап ретінде билік "жаңа Ніл" қалыптастыруға кірісті. Бұл – суды тазарту мен тасымалдауға, сондай-ақ құнарсыз аумақтарды игеруге арналған алып жүйе.
Демографиялық қысым және өткеннің мұрасы
Әлемде Мысыр сияқты бір ғана өзенге соншалықты тәуелді мемлекеттер тым сирек. Ел халқының шамамен 95% Ніл жағалауы мен өзеннің Жерорта теңізіне құяр тұсындағы атырауға шоғырланған. Ал, бұл аумақ бүкіл ел территориясының небәрі 5%-ын ғана алып жатыр!
Жағдай күн сайын күрделеніп барады. Мысыр халқы тәулігіне шамамен 5 мың адамға көбейеді. Оның үстіне оған көрші елдерден он миллионнан астам босқын ауды.
1990 жылы елде 60 миллионға жуық адам тұрса, бүгінде халық саны 120 миллионнан асып кеткен. Бос жер тапшы. Көлемі тоқтаусыз ұлғайған қалалар пирамидалардың айналасын ғана емес, егістік алқаптарды да жұтып қойып жатыр. Тамшылатып суаруға арналған құбыр жеткен жердің бәрі дерлік игеріліп болды.
"Ел шетелдік азық-түлік импортына қатты тәуелді. Табысы төмен миллиондаған тұрғынды дәстүрлі "аиш балади" нанымен қамтамасыз ету үшін жыл сайын миллиондаған тонна астық сырттан сатып алынады", – дейді саяхатшы-блогер Денис Блищ.
Шөлдегі технологиялық ғажайып
2018 жылы басталған "Жаңа Дельта" жобасы 9 200 шаршы шақырым шөлді жасыл алқаптар мен құнарлы шұрат-оазистерге айналдыруды көздейді. Жоба толық жүзеге асса, Мысырдағы өңделетін ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бірден 15 пайызға ұлғаяды. Мұнда бидай, жүгері, көкөністермен қатар экспортқа бағдарланған зәйтүн, інжір және басқа дақылдар өсіру жоспарланған.
"Жаңа Ніл" жүйесінің құрылысы әлі толық аяқталған жоқ. Дегенмен оның алғашқы ірі кезеңі іске қосылды. 2026 жылғы 17 мамырда Мысыр президенті Әбдел Фаттах әс-Сиси жобаның бірінші кезеңін салтанатты түрде ашты. Agrobiznes.ro басылымының хабарлауынша, бұл бастама егістік алқаптарды кеңейтумен ғана шектелмейді. Жоба аясында заманауи технологияларға негізделген жаңа өндірістік кластерлер құру да көзделген. Осының арқасында биыл Египет әлемдегі ұн экспортының көлемі бойынша екінші орында тұрған Қазақстанды қуып жетіп қалды. Бірінші орында Түркия тұр. Бірақ Мысыр елімізге бақталас емес: ол өз ұнын Африкаға, Қазақстан – Орталық Азияға сатады.
"Жаңа Дельтаның" инженерлік инфрақұрылымы Шейх Заид бағыты бойымен созылып, Матрух, Бухейра, Гиза және Файюм провинцияларын байланыстырады. Мегажобаның негізінде "ақылды" егіншілік жүйесі жатыр. Ол тамшылатып және орталықтан айнала суаратын жаңбырлатқыш қондырғылар арқылы суару технологияларын, сондай-ақ суару мен тыңайтқыш енгізу үдерістерін цифрлық басқару және қашықтан бақылау жүйелерін қамтиды.
"Бұл технологиялар су мен энергияны тиімді пайдалануға, сонымен бірге ресурстардың ысырабын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба жерүсті суын, тазартылған ауыл шаруашылығы ағынды суларын және жерасты суын біріктіретін кешенді сумен жабдықтау жүйесіне негізделген. Егістік алқаптарды сумен қамту үшін тәулігіне шамамен 10 миллион текше метр жерүсті суы және 7,5 миллион текше метр тазартылған ауыл шаруашылығы ағынды суы беріледі", – деп жазады Egypt Today.
"Жаңа Дельта" қазірдің өзінде аймақтың географиялық келбетін өзгертіп жатыр. Шөл біртіндеп жасыл желекке орануда. Бұрын тіршілік нышаны байқалмайтын құмды алқаптардың орнында мыңдаған жаңа егістік пайда болды. Олардың көпшілігі спутниктік суреттерден дөңгелек пішінімен ерекшеленеді. Бұл – айналмалы суару жүйелерінің нәтижесі.
Мысыр шөл далада мегаполистерді не үшін салып жатыр?
Президент Әбдел Фаттах әс-Сисидің өршіл жоспарлары фермерлерді шөлге көшірумен ғана шектелмейді. Мемлекет басшысы дамыған инфрақұрылым болмаса, құм арасында бидай мен құрма өсіруге тек романтиктер ғана қызығатынын жақсы түсінеді. Сондықтан билік аумақтарды игеруге жүйелі түрде кірісуде.
Біріншіден, жоғары оқу орнын бітірген әр түлекке енді бір акр жерді тегін бөлу қарастырылған. Екіншіден, елде жаңа қалалардың құрылысы жүріп жатыр. Солардың алғашқысы – Жаңа Тошка. Оның бір бөлігі қазірдің өзінде дайын. Қаланың атауы Насер көлінің астында қалған ежелгі нубиялық Тошка қаласының атауымен байланысты.
Енді әс-Сиси астананы көшіруге бел буып отыр.
Каирден шығысқа қарай 45 шақырым жерде, Суэц бағытына қарай жаңа мегаполис қарқынды бой көтеріп жатыр. Бұған дейін ол "Жаңа әкімшілік астана" деп қана аталып келді. Алайда 2025 жылғы 8 қарашада оның атауы ресми түрде "Жаңа астана" (el-Āṣima el-Gedīda) болып өзгертілді.
2026 жылғы ақпанда Парламент пен қоғамның қарауына мегаполиске "ерекше мәртебесі бар провинция" статусын беру жөніндегі заң жобасы ұсынылды. Құжаттың 119-бабында жаңа қаланы Каир құрамына Мемфис атауымен енгізу туралы ұсыныс та бар. Бұл заң жобасы әлі күнге Парламент қарауында жатыр.
Жаңа шаһар 6,5 миллион тұрғынға есептелген. Болашақта халық саны 7 миллионға дейін өсуі мүмкін. Қазірдің өзінде ол жерге 14 министрлік пен мемлекеттік мекеме көшіп барды.
2024 жылғы 2 сәуірде президент әс-Сиси қатарынан үшінші мерзімге ант қабылдаған күні Жаңа астананы Мысыр Үкіметінің ресми резиденциясы ретінде салтанатты түрде ашты. Бұл мегажоба елдің "Мысырдың 2030 жылға дейінгі даму көзқарасы" атты экономикалық стратегиясының негізгі бөлігі. Басты мақсат – көлік кептелісінен тынысы тарылған, халқының саны 20 миллионға жуықтаған Каирдің жүктемесін азайту.
Құрылыс бірнеше кезеңге бөлінген. Алғашқы кезең 2016 жылы басталып, 2026 жылы жоба ауқымы одан әрі кеңейтілді. Қаланың бастапқы өзегі 223 383 феддан аумақты алып жатыр. Бұл шамамен 907 шаршы шақырымға тең. Мұнда үкіметтік, парламенттік, сот және президенттік кварталдармен қатар орталық іскерлік аудан мен тұрғын үй кешендері орналасады.
Инфрақұрылымдық жоспарлар да таңғалдырады. Жобаға жасанды көлдер, 2 000 білім беру мекемесі, технологиялар мен инновациялар паркі, 18 аурухана, 1 250 мешіт пен шіркеу, сондай-ақ 93,4 мың көрерменге арналған стадион кіреді. Демалыс және ойын-сауық аймағында көптеген қонақүй, көлемі Диснейлендтен төрт есе үлкен тақырыптық ойын-сауық саябағы салынады.
Жаңа астананың бойымен "Грин-Ривер" немесе "Жасыл Ніл" деп аталатын алып орталық саябақ созылып жатады деп жобаланған. Ол Ніл өзенін бейнелейді. Жоспар бойынша саябақтың ұзындығы 35 шақырымға жетеді. Бұл – Нью-Йорктегі әйгілі Орталық саябақтан екі есе ұзын.
Мегаполис "ақылды қала" қағидатымен жобалануда. Қоғамдық қауіпсіздікті 6 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қамтамасыз етуге тиіс. Ал, жасанды интеллект су тұтынуын бақылауға, қалдықтарды басқаруға және басқа да қалалық үдерістерді үйлестіруге көмектеседі.
Мысыр баспасөзінің жазуынша, астананы көшіру туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін, 2010 жылдардың басында ел делегациясы Қазақстанның тәжірибесін егжей-тегжейлі зерттепті. 1997 жылы Алматыдан Ақмолаға көшірілген Астананың тәжірибесіне байланысты Қазақстан билігімен бірқатар кездесу мен кеңес өткізілген екен. Елорданың тәжірибе сәтті деп танылғаннан кейін Каир жаңа астананы көшіру бағытын түпкілікті таңдады.
"Бүгінде Үкімет аппараты, Парламент пен Мысырдың орталық банкі жаңа мегаполиске көшкен соң, қала іс жүзінде ел басқарудың жаңа орталығына айналды. Әйтсе де, қаланың болашақ атауына қатысты ұсыныстар әлеужелілерде қызу пікірталас туғызуда. Мысырлықтардың бір бөлігі атауды "Менф" деп қысқартуды ұсынады. Мемфис пен Менф атауларының екеуі де перғауындар дәуіріндегі ежелгі астанаға сілтейді. Басқалары Мысырмен тікелей байланысты арабша атауларды қолайлы санайды", – деп назар аудартты Al-Ahram Weekly басылымы.
Мысалы, Парламенттің бұрынғы депутаты Фарида аш-Шубаши "Әл-Махрусса" ("Құдайдың қорғауындағы") немесе "Баха" деген атауларды ұсынған. Президент әс-Сисидің өзі бұған дейін Жаңа астананы "жаңа мемлекеттің және жаңа республиканың дүниеге келуі" деп бейнелі түрде сипаттап еді.
Еске сала кетейік, 2021 жылғы қазанда Мысырдың көлік министрі Камель әл-Уәзир қаланың атауы "Ведиан" ("өзен арналары", "аңғар") немесе "Миср" (Мысырдың арабша атауы) болуы мүмкін екенін де мәлімдеді. Бұдан бөлек, "Кемет" (Төменгі Мысырдың құнарлы жерлерінің ежелгі атауы), "Әл-Мустақбаль" ("болашақ") және "Әс-Салам" ("бейбітшілік", амандасу сөзі) деген нұсқалар да ұсынылған.
Әзірге халықаралық құжаттарда қала қарапайым ғана "The New Capital", яғни "Жаңа астана" деп аталып жүр.
Бұл арада мегаполис тек аумағын кеңейтіп қана қоймай, биіктей де түсуде. Мұнда 30-дан астам зәулім ғимарат салынып жатыр. Олардың арасында Мысыр мен бүкіл Африкадағы ең биік ғимарат саналатын Iconic Tower бар.
Ал, 2030 жылдан кейін биіктігі бір шақырымға жететін Oblisco Capitale зәулім ғимаратын пайдалануға беру жоспарланған. Егер футуристік жоба жүзеге асса, ол Дубайдағы Бурдж-Халифа мұнарасынан асып түсіп, әлемдегі ең биік ғимаратқа айналуы мүмкін.