Тағы бір талантымыз Ресейге жол тартты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4616

Қазақстан ұлттық құрамасының жас футболшысы Бахтиёр Зайнутдинов Ресейдің "Ростов" клубына ауысты.

Тағы бір талантымыз Ресейге жол тартты

Осыдан үш күн бұрын "Астана" клубының әмбебап ойыншысы Бахтиёр Зайнутдинов Ресей премьер-лигасында ойнайтын "Ростов" клубына ауысты. Ал кеше түнде осы команда сапындағы алғашқы ойынын өткізді. Бірақ бұл ресми ойын емес, жолдастық кездесу болатын. Әйтсе де, бірінші ойынның қашанда жөні бөлек... Қызық болғанда, Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан "Ростов" біздің "Атырау" футбол клубымен кездесті.

Белекте өткен бұл ойында Ресей премьер-лигасында 7-орынды иеленіп тұрған ростовтықтар жеңіске жетті. Есеп – 1:0. Жалғыз голды екінші таймда Алексей Ионов соқты. Зайнутдинов алаңға екінші таймда шығып, шабуыл өтіне май құйып отырды. "Ростов" клубының баспасөз қызметі оның өнерін жоғары бағалап, алғы шепте ойын өрнегін үйлестіріп отыруға тырысқандығын бөле-жара атап өтті.

Бахтиёр – Ресей премьер-лигасына ауысып отырған екінші талантымыз. Өздеріңіз білесіздер, былтыр қыста Еркебұлан Сейдахмет "Уфа" клубының жейдесін киген болатын. Шыны керек, отандық жанкүйерлердің біразы "Астана" клубының Зайнутдинов секілді әлеуеті зор ойыншыны "оп-оңай жібере салғанын" түсіне алмай, дал болды. Бірақ олар жас футболшыны жоғары жалақымен де қызықтыра және тоқтата алмапты.

"Астана" клубының спорттық директоры Александр Коночкиннің елорда командасының ресми сайтындағы мәлімдемесіне сенсек, Зайнутдинов қомақты ақшаны емес, деңгейі жоғары доданы таңдаған.

"2017 жылғы футбол маусымы аяқталғаннан кейін, "Тараз" футбол клубымен және ойыншымен еңбек келісім туралы мәмілеге келіп, Бактиер "Астана" клубына ауысқан болатын. Бұл трансфер 20 миллион теңгеге бағаланған. Сөйтіп, біздің клуб пен Зайнутдинов арасында үш жылдық келісімшартқа қол қойылған. Бірақ футболшының агенттерінің өтініші бойынша, бір жылдың ішінде Зайнутдиновке шетелдік клубтардың бірінен ұсыныс түссе, келісімшартты 50 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеп, мерзімінен бұрын "сатып алу" мүмкіндігі қарастырылған еді. 2018 жылғы футбол маусымы аяқталғаннан кейін, ойыншы мен оның өкілдері келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу жөніндегі осы құқықтарын пайдаланып, 50 миллион теңге қарымақы төледі. Біз өз тарапымыздан оның жалақысын екі жарым есе көтеруге келісетінімізді білдіріп, еңбек келісімін ұзартуды ұсындық. Бірақ ол біздің ұсынысымыздан бас тартып, "Ростовқа" одан да төмен жалақыға ауысуды жөн көрді. Дегенмен, егер Бактиер осы жылдың ішінде "Ростовтың" негізгі құрамына іліге алмаса, ол Астанаға қайта оралып, біз онымен еңбек келісімін жалғастырамыз деген өзара келісіміміз бар", – депті ел чемпионының спорттық директоры.  

Ашығын айтсақ, соңғы жылдары біздің елде спорттық мансабы мен өз болашағынан ойлайтын футболшылар азайып кетіп еді. Тіпті жоққа тән, десек те болар. Дәл осы шақтағы жоғары жалақыларына тоқмейілсіп, кейбір ойыншыларымыз тоқырап қалғандай да болып көрінетін. Ал Бахтиёр басқа жолды таңдапты. Дұрыс-ақ! Тек сәттілік тілейміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу