Қазақстан футбол федерациясы "Хан-Тәңірі" клубының шабуылшысы Диас Төлеудің мезгілсіз дүниеден өткенін қайғырып қабыл алды.
"Жастығына қарамастан, футболға деген ынтасы мен таланты арқылы көзге түскен Диастың өмірден ерте кетуі – орны толмас қаза. Бұл ауыр сәтте оның отбасының, жақындарының және командасының қайғысына ортақтасамыз. ҚФФ Диастың ата-анасына, туыстарына және барша жақындарына шын жүректен қайғырып көңіл айтады", – деп жазылған хабарламада.
Қайғылы жағдай Бірінші лигадағы "Хан-Тәңірі" мен "Екібастұз" арасындағы ойында орын алды.
Диас Төлеу ойын кезінде кенеттен есінен танып, дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, 3 сағаттан соң көз жұмды.
Айта кетейік, Диас Төлеу "Қайрат" клубының түлегі еді. Биылғы маусымда "Хан-Тәңірі" сапында 25 ойын өткізіп, 3 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген.