Тағы да допинг...

2333

Қазақстандық ауыр атлетші Ниджат Рахимов допингке қарсы ережені бұзғаны үшін сегіз жылға спорттан шеттетіліп, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының алтын медалінен айырылды.

Тағы да допинг...

Спорттық арбитраждық сот (CAS) қазақстандық ауыр атлет Ниджат Рахимовты допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін спорттан сегіз жылға шеттетті, деп хабарлайды соттың сайты.

2021 жылдың қаңтарында Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) атынан жұмыс жасайтын Халықаралық допинг сынау агенттігі (ITA) Рахимовқа допинг қолданды деген айып тағып, спортшыны жарыстан шеттеткен. Ниджат бұл шешіммен келіспегендіктен, іс CAS допингке қарсы бөліміне жіберілді. Сот төрешісі зілтеміршіні төрт сынама үлгісін ауыстырғаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл IWF допингке қарсы ережелерінің 2.2-бабын (тыйым салынған әдістерді қолдану) бұзу болып табылады және Рахимовты 2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап сегіз жыл мерзімге жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдады.

Рахимовтың 2016 жылғы 15 наурыздан 2021 жылғы 18 қаңтарға дейінгі барлық нәтижелері жоққа шығарылды. Спортшы 77 келіге дейінгі салмақта Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы Олимпиаданың алтын медалінен айырылды. Енді алтынды қытайлық Лу Сяоцзюнь, күмісті мысырлық Мұхаммед Ахмед Махмуд, қоланы Чатупхум Чиннавонг (Таиланд) алатын болды.

28 жастағы Рахимов бұған дейін Әзірбайжан құрамасында өнер көрсетіп, 2015 жылы Әлем чемпионы атанған.

Қазақстанның "алтыннан" айырылуы еліміздің 2016 жылғы Олимпиаданың медальдық есептегі жағдайына тікелей әсер етті. 2016-жылы жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан үш алтын, бес күміс және тоғыз қола медальмен 22-орынға тұрақтады. Ал қазір екі алтынмен Қазақстан 30-орынға төмендеді. Нәтижесінде 2016 жылы өткен Олимпиада елімізден боксшы Данияр Елеусінов пен Дмитрий Баландин ғана чемпион атанды.  

Осылайша ауыр атлетикадан Қазақстан атынан өнер көрсеткен тек Алла Важенина ғана Олимпиада ойындарында алтын жүлде иеленді. Ол 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиадада 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік нәтиже көрсетті.

Айта кетейік, бұған дейін Илья Ильин (2008 және 2012), Светлана Подобедова (2012), Майя Манеза (2012) және Зульфия Чиншанло (2012) допинг қолданғаны үшін жарыстан шеттетіліп, алтын жүлделерінен айырылған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу