Тағы да төбелес: шорт-трекшілер мен хоккейшілер нені бөлісе алмады

2629

Оралда сенімгерлік басқаруға берілген мемлекеттік нысан айналасында шу шықты.

Тағы да төбелес: шорт-трекшілер мен хоккейшілер нені бөлісе алмады

Орал қаласындағы Мұз сарайына қатысты жанжал елордаға дейін жеткенге ұқсайды: Батыс Қазақстан облысының шорт-трек командасына кірген балалардың ата-аналары әділет пен араша сұрап, Үкімет мүшелеріне жүгінді.

Олар аталған мұз сарайында жаттығатын балаларының жағдайына алаңдайды. Өйткені ата-аналардың айтуынша, шорт-трекшілерге хоккейшілер қысастық, буллинг жасауда.

Айта кету керек, бұрын бұл сарай әкімдіктің меншігінде болатын. Алайда мемлекеттің экономикаға араласуын мейлінше азайту саясаты аясында 2019 жылы жекешелендіріліп, кәсіпкер Аркадий Рубцовтың сенімгерлік басқаруына тапсырылды.

"Рубцов мырза "Ястребы" хоккей клубын құрып алды. Жалпы, ол өкілді биліктің өкілі болып табылады: облыстық мәслихаттың депутаты. Соған қарамастан, Президент Тоқаевтың ауыл-аймақта балалар спортын дамытуға жан-жақты жағдай жасау туралы тапсырмасын аяқасты етіп отыр. Рубцов өз хоккейшілерінің мүддесін ілгерілетіп, біздің мұздағы жаттығу уақытымызда тартып алуға бірнеше рет талаптанды. Сонымен бірге шорт-трекшілердің мұзда болу уақытын 20 минутқа дейін қысқартып тастады. Бізді киіну бөлмесінен аластады. Біз жаттығып жатқан кезде кейде жарықты, жылуды өшіріп тастайды. Ал өзінің хоккейшілері үшін керемет жағдайлар жасады", – дейді ата-аналар атынан сөйлеген Агрыс Шамуратова.

Олардың айтуынша, конькиші балаларға мұз үстінде немесе суық әрі қараңғы бұрыштарда қайта киінуге тура келеді екен.

Мұндай қиянат-қысастыққа ата-аналардың да, бозбалалардың да жүйкесі шыдамай кететінге ұқсайды.

"Қазақстанның чемпионаты қарсаңында Рубцов мырза және оның сенімді өкілі – Мұз сарайының директоры біздің жаттығу уақытымызды алып қойды. Содан биылғы 8 қыркүйекте шорт-трекшілер мен "Ястребы" ересектердің хоккей командасы арасында масқара оқиға, қақтығыс болды. Себебі, хоккейшілер конькишілердің жаттығу уақытының аяқталғанын күтпей-ақ, арсыз түрде мұз айдынына сау ете қалып, шайбаларын қуалай бастады. Бұл кезде жасөспірім шорт-трекшілер үлкен жарысқа қарқынды жаттығып жатқан болатын. Хоккейшілер байқамай істеген болып, балаларға шайбаларымен, клюшкаларымен соққы жасай бастады", – дейді А.Шамуратова.

Нәтижесінде, балаларының мұз айдынынан жарақатпен оралғанын байқап, ата-аналар дабыл қаққан.

Жасөспірім спортшылардың ата-аналары Үкімет мүшелерінен осы мәселенің байыбына барып, қолдау көрсетуді сұрайды.

Бұған дейін жергілікті "Мой город" порталы Оралдағы Мұз сарайының жұмысына қарапайым тұрғындар да шағымданып жатқанын хабарлаған. Бұқаралық сырғанауға келген оралдықтардың айтуынша, мұздың сапасы нашарлау, ойдым-ойдым. Ал прокатқа берілетін конькилер дымқыл тартып тұрады.

Оралдағы бұл мемлекеттік объекті 2019 жылдың ақпан айында 5 жылға сенімгерлік басқаруға беріліпті. Әкімдік шенеуніктерінің мәліметінше, осы уақыт ішінде кәсіпкер біраз іс тындырыпты. Кейбір бөлмелерді ретке келтіріп, киіну бөлмесі ретінде жабдықтаған. Нәтижесінде, мұндай бөлмелер ауданы керісінше, көбейген. Яғни, ата-аналардың киінетін жер жетпейтініне қатысты шағымын негізсіз санайды. Инвестор суық еденге ішінара резиналы жабынғы төсепті. 

Бұған қоса, Финляндиядан мұз құятын машина сатып алған. Мұз сапалы әрі тегіс болуы үшін суды тазарту жүйесін орнатуды жоспарлауда.

"Біз сенімгерлік басқару туралы келісімшартта көрсетілгеннен әлдеқайда көп нәрсені жасайтын боламыз. Себебі, қандай олқылықты түзету керектігін білеміз. Сондай-ақ коньки паркін толығымен жаңартуды ойластырып отырмыз. Жұртшылықтың бұқаралық сырғанауы үшін кәсіби конькилер сатып алынады", – деп уәде етеді мұзды спорт сарайының сенімді басқарушысы Аркадий Рубцов.

Аркадий Анатольевич Рубцов биылғы жылы Мәжіліс сайлауымен бірге өткен мәслихат сайлауында қайта жеңіске жетіп, БҚО-ның VII шақырылған облыстық мәслихатының депутаттық корпусіне кірді. Жергілікті тұрғындардың бір бөлігі оны құрметтейді.  

Өз кезегінде Уральская неделя газеті 2017 жылғы мамырда мұз айдынында осы мәслихат депутатының қатысуымен төбелес болғанын хабарлады. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада "Стекло-Сервис" компаниясының директоры, облыстық мәслихат депутаты Аркадий Рубцовтың хоккей матчы кезінде спортшылармен жағаласқаны түсірілген көрінеді. Оқиға Оралдың "Орал" және ресейлік Орынбордың "Буревестник" хоккей клубтарының кездесуі кезінде болыпты. Басылымның жазуынша, видеода Рубцовтың алдымен "Буревестниктің" ойыншысымен соқтығысып қалғаны, артынша оған жұдырық ала жүгіргені бейнеленген. Қызу жұдырықтасу үстінде депутат пен хоккейші төрешіні және өзге ойыншыларды мұзға сұлатып салады. Сөйтіп, жекпе-жек жаппай төбелеске айналған. 

Мұз сарайының сол кездегі директоры Есқабыл Жалмырзиев төбелеске ұласқан оралдық және орынборлық командалардың ойынына куә болыпты. Бірақ журналистерге түсініктемесінде оның ешқандай шиеленіс еместігін, жай ғана ойын сәттерінің бірі болғанын айтқан. Не болса да, қарсыластар қол алысып, бір-біріне кек сақтамай, жылы шырайлы тарасыпты. 

Жалпы, Олимпиадада жүлде алмақ түгіл, оған жолдама да ала алмай жүрген, сондай-ақ NHL (АҚШ пен Канаданың ұлттық хоккей лигасы) төрінде жасындай жарқылдайтын жаңа жұлдыздарды шығара алмаған, тек Ресейлік КХЛ-мен шектелген, мемлекетке шаш етектен шығын келтірген хоккейді мүлдем жабу туралы ұсыныстар айтылуда.

Қазақстанның конькимен жүгіру ұлттық федерациясының мәліметінше, елімізде шорт-тректің келешегі зор. Қазақстанда бұл спорт түрі 80-ші жылдары пайда болғанымен, шын мәнінде тек тәуелсіздік жылдарында дами бастады.

"Содан бері бізде шорт-тректің деңгейі айтарлықтай жоғарылады. Бұған 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында біздің команданың эстафетада 5-ші орын алуы дәлел. Ал 2016/2017 маусымдағы Әлем кубогінде шорт-тректен ерлер командасы 9 медаль олжалады. Әлем кубогы кезеңдерінің финалдық классификациясында конькишілердің жаһандық үштігіне кірді. 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасында Қазақстанның ерлер құрамасы 6-шы орынға тұрақтады. Ал 2018/2019 жылғы маусымда шорт-тректен қазақстандық команданың лидері Абзал Әжіғалиев канадалық Калгариде күміс медаль алды. 2018 жылғы желтоқсанда Алматыдағы жарыс кезеңінде қола жүлдені қанжығалады", – деп мәлімет берді федерация.

Демек, хоккейшілердің өктемситін жөні жоқ болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу