"Тәкаппарлық бар": Қанат Ислам қазақ боксшыларының жаппай жеңілуіне не себеп болғанын айтты

2154

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам қазақстандық боксшылардың Париж Олимпиадасындағы сәтсіздігіне не себеп болғанын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Тәкаппарлық бар": Қанат Ислам қазақ боксшыларының жаппай жеңілуіне не себеп болғанын айтты Фото: muftyat.kz

"Армысыздар, құрметті отандастар! Кәсіпқой спортшымын. Осы спортта жүргеніме 30 жылдың жүзі болыпты. Соңғы 12 жыл бойы Америкада кәсіпқой бокспен айналыстым. Осы жолы Францияда өтіп жатқан олимпиада ойындарын қарап отырып, өзіміздің боксшылардың жеңілгенін көрген кезде көптеген жанкүйерлер менің пікірімді сұрап жатыр. "Біздің бокс не болып жатыр? Не үшін жігіттер жеңіліп жатыр" деп жазып жатыр. Команданы басқарып отырған жаттықтырушылардың барлығын сыйлаймын, білікті маман деп есептеймін. Бірақ өзім кәсіпқой боксшы ретінде айтарым – қазіргі біздің әуесқой бокста істеп жатқан жаттығулар заман талабына сай емес", – дейді ол.

Боксшы жаттығу жиындарын жыл сайын бір таудың етегінде өткізу дұрыс емес екенін айтады.

"Мен өзім 12 жыл Америкада жүріп, көп нәрсе үйрендім. Бұрын мен сол жаттығуды дұрыс деп ойласам, қазір қате деп айтамын. Өйткені, біздің жігіттердің жаттығу жиындарының 80-90 пайызы бір таудың қуысында өтеді. Сол жерге тығады, ешқайда шығармайды. Жарысқа апараған соң қайтадан сол жерге әкеледі. Бүкіл облыстың жаттықтырушылары келіп, бас бапкердің қас-қабағына қарап отырады. Соның ығына жығылып, жігіттердің көбі бұрыннан келе жатқан жүрісінен жаңылады. Істейтін жаттығуды да, істемейтінін де бәрін жасаған соң, қарасаң, жігіттер шаршаңқы. Спортта бұрынғыдай "Кім қатты шаршаса, кім қатты жұмыс істесе, кім көп жесе чемпион болады" деген ұстаным жоқ. Қазір дұрыс жаттығу істесең және дұрыс тамақтансаң ғана арықтайсың деген талап қойылады", – дейді Қанат Ислам.

Ол шетелде жүріп жинаған тәжірибесін айтып, қазақ боксшыларына ізденісте жүруді ұсынды.

"Жігіттердің барлығының шаршайтын себебі – қажыған. Бір жерде, бір таудың қуысында жаттығу істете берген соң жалығады. Өйткені, өзіңді ойламай, бапкерді ойлап кетесің. Америкада, Мексикада тұрғанда көргенім – жігіттер машина секілді шаршамайды. Ол жерде тамақ, дұрыс жаттығу және сенің көңіл-күйіңе мән береді. Менің де бойымда қорқыныш болды. 10-20 мыңдық аренаға кіргенде қысыласың, қорқасың. Сол кезде саспай, өзіңді көрсету үшін не істеу керегін түсіндіретін мамандармен жұмыс істедім. 3 мың доллардан 10 мың долларға дейін сол мамандарға ақша төледім. Сөйтіп, тер төгіп қана қоймай, көңіл-күй, тамақ және витамин деген нәрсе бірге жүруі керек. Бізде спорттың түрлі саласындағы әрбір облыстан мықты мамандарды шетелге жіберіп, тәжірибе алмасу керек. Бокста да дәл солай. Көрші елдің жігіттері Америкаға шығып, кәсіпқой боксшыларға жақындап еді, бойларында сенімділік пайда болды. Біздің де спортшыларға "Өздерің де ізденіңдер" деп айтқым келеді. Кешке дейін "Ағай, ағай" деп қас-қабағына қарамай, ізденісте болыңдар. Шетелге шығыңдар. Шетелден жаттықтырушылар әкеліп, неге жұмыс істемеске? Өйткені, бізде бір тәкаппарлық бар. Қазақ боксында кеңес кезінен қалған мектебіміз бар деп жабысып алады. Оның да жақсысын, шетелдің мықты мамандарынан да кеңес алу керек. Әрқашан ізденісте болыңыздар, үйреніңіздер", – дейді боксшы.

Ал өзі қазақ боксшыларына көмектесуге әрдайым дайын екенін айтады.

"Мен де Мексикада, Кубада, Доминиканада жатқанда неше түрлі витаминдер алдым. Әрбір жарысымды жеңіл өткізген кездер болды. Қазір мен де ізденістемін. Спорт деген ізденісті талап етеді. Мені шақыратын болса, қазақ спортшыларына көмектесуге дайынмын. Бұл тек бір облыстың мүддесі емес, бүкіл елдің мүддесі. Қазаққа жаны ашитын мен деген азаматтар осылай пікір айтқаны дұрыс", – дейді Қанат Ислам.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу