Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінде біздің азаматтарымыздың көбі әртүрлі интернет-платформаларда жұмыс істейді. Сарапшылардың дерегі бойынша 500 мыңға жуық қазақстандық интернет-платформалар аясында жұмыс істейді. Платформалық жұмыспен қамтудың кең таралған түрлері – курьерлік және такси қызметі. Платформалық жұмыспен қамтудың бірқатар артықшылығы бар, атап айтқанда икемді жұмыс уақыты режимі, яғни оны негізгі жұмыспен қатар алып жүруге болады", - деді бірінші вице-министр.
Спикер интернет-платформада жұмыс істейтін азаматтар үшін бірқатар тәуекелдер де бар екенін жеткізді.
"Тұрақсыз жұмыс әрі кірістер, көлеңкелі қарым-қатынастардың өсуі, азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауға мүмкіндік беретін әлеуметтік кепілдіктердің болмауы. Әдетте бұл азаматтар әлеуметтік тәуекелдер жүйесіне қатыспайды", - деді Ақмәди Сарбасов.
Осыған байланысты министрлік әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік қорғау шараларын ұсынудың маңызды екенін айтады. Осыған сәйкес бүгінде интернет-платформалардың операторлары салық агенттері деп танылып, платформалық жұмыспен қамтылғандарға бір мезгілде екі салық режимін қолдану құқығы берілді.