Таксистерді жиі ашуландыратын жолаушыларды жазалаудың жолы табылды

11269

"Яндекс.Такси" енді кейбір жолаушылар үшін көлікті баяу, шабан іздейді.

Таксистерді жиі ашуландыратын жолаушыларды жазалаудың жолы табылды Фото: gb5kirov.ru

Такси тауып беретін ресейлік агрегатор бұлай қырсығып қалмауы үшін сапардан жиі бас тарта бермеуіңіз керек.

"Яндекс.Такси" енді өзіне бағыт алған таксиден жиі бас тарта беретін жолаушылар үшін машиналарды әлдеқайда ақырын, асықпай іздейтін болады.

Сөйтіп, ресейлік агрегатор өз таксистерін жиі ашуландыратын, ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл жағдайына жеткізетін клиенттердің өзінің "жынына ойнап", жүйкесін жұқартуға шешім қабылдады.

Осы мақсатта компания тапсырыстарды бөлу алгоритмінің жұмысын қайта қарады. Оған сәйкес, бұдан былай әр қадамын ойластырып жасайтын, тапсырыстарынан өте сирек бас тартатын салмақты пайдаланушыларға басымдық беріледі.

Бұл туралы агрегатордың баспасөз қызметі мамандандырылған Rozetked порталына баяндады.

"Бүгіннен бастап, сервис өз жүргізушілеріне жоғары ықтималдылықпен жүзеге асатын тапсырыстарды бірінші кезекте ұсынатын болады. Яғни, тапсырыстарының жалпы санында бас тартылған сапарларының үлесі барынша аз жолаушылардың сұранысы алдымен өтеледі. Осы арқылы  "Яндекс.Такси" пайдаланушыларды қажеттіліксіз такси шақырмауға, тиісінше, тапсырысынан бас тарту санын азайтуға ынталандырады", – деп жазады портал.  

"Яндекс.Таксидің" түсіндіруінше, бұл қадам сервистің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.

"Кейбір адамдар ойланбастан, кейде ерігіп, таксиге тапсырыс береді де, іле-шала тапсырысын оп-оңай жоя салады. Дәл осы кезде таксиге өте зәру болған өзге жолаушылар машинаны зарығып, ұзағырақ күтуге мәжбүр болады. Жаңа алгоритмге сәйкес, жауапты жолаушылар машинаға жылдамырақ қол жеткізе алатын болады. Бұған қоса, жүргізушілеріміздің уақыты да барынша ұтымды жұмсалады. Осы өзгеріс сайып келгенде, такси қызметі бағасының қымбаттауын құрықтауға мүмкіндік береді", – деп уәде етті компанияның өкілдері.

Сервис әзірге сынақтан өтіп жатқан жаңашылдығының өмірге жолдама алғаны туралы тұтынушыларды қосымша арқылы құлақтандырып, ескертуге ниетті.

Бұл ретте әр пайдаланушы өзінің "сүйікті" клиент екенін, әлде ұнамсыз аутсайдер екенін біледі. Агрегатор әр пайдаланушысына сапарлардан бас тартуының дербес көрсеткішін көрсетеді. Ол көрсеткіші қордаланған статистика негізінде есептеледі екен.

Ресейлік сервис клиенттеріне, соның ішінде қазақстандықтарға басқа да "санкциясын" салғалы тұр. Тым жиі бас тарта беретін жолаушыларға  шектеу енгізіледі, яғни олар бір уақытта бірнеше машинаға тапсырыс бере алмайды.

Азаматтар кейде агрегатормен шақырылған таксишілердің өздері клиентті күтпей кетіп қалатынына шағымданады.

Бұл ретте "Яндекс.Таксидің" жаңа алгоритмі "мәжбүрлі бас тартуларды" да назарға алмайды, бәрін бірдей санайды. Мәселен, тапсырыс қабылдаған такси қысқы маусымда, кептелістер өршігенде, жарты сағаттан көп күттіріп қоятын кездері болады.

Сонда рейсіне, ауруханаға, басқа да шұғыл жұмыстарына асыққан тұтынушы оны күтпей, жол бойында қол көтеріп, басқа көлікті ұстауы немесе жұбайының, әріптесінің, жора-жолдасының машинасына отыра салуы мүмкін.

Сервисті жаны жоқ "құлтемір", жасанды зерде басқарады, ол әй-шәйыңа қарамайды, клиенттің жағдайына бас қатырмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу