Таксопарктердің текетіресі

3237

"Astana taxi serviсe" бірыңғай такси қызметі "Яндекс таксимен" бәсекелеcе алмай отыр.

Таксопарктердің текетіресі

"Astana taxi serviсe" ЖШС бас директоры Олег Фатюхиннің сөзінше, "Яндекс такси" "Astana taxi serviсe" компаниясының алдын орап кетіп жатыр.

"Астанадағы таксопарктер тапсырысты дер кезінде орындай алмай жатыр. Өйткені "Яндекс такси" қымбат тариф ұсынып, біздің қызметкерлерді жолдарынан тайдырып жүр. Ал бізде жұмыс істеп жүрген жүргізушілер тез пайда тауып, таксопарктің күнделікті жарнасын жауып тастау үшін "Яндекс таксидің" тапсырысын орындауға уақыт бөліп жүр", – деді Олег Фатюхин.

Оның сөзінше, "Astana taxi serviсe" бірыңғай такси қызметінде ресми тіркелген көлік жүргізушілері жеткілікті. Дегенмен олар негізгі тапсырысты орындауға құлықсыз.

"Оларға "Яндекс такси" ұсынған тапсырысты орындаған тиімді болып тұр. Біз 500 теңге жөнелтетін көлік иелеріне бәсекелестеріміз 1200 теңге ұсынады. Мұндай тарифті көрген көлік жүргізушісі бірден өз тапсырысынан бас тартады. Ол жақта ешкімді тексермейді. Кез келген көлік жүргізушісін қызмет көрсетуші ретінде тіркей салады", – деді Астана қаласы бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында Astana taxi serviсe" ЖШС бас директоры.

Олег Фатюхиннің мәлімдеуінше, "Astana taxi serviсe" бірыңғай такси қызметінің тапсырысын орындағысы келмеген көлік жүргізушілері түрлі сылтау айтып, "Яндекс таксидің" тапсырысын алып кете беретін көрінеді.

"Астанадағы ресми таксопарктер нарықты толық қамтып отырған жоқ. Ал жолаушы тасымалымен айналысып жүрген "көлденең көк аттылар" көп. "Яндекс таксиге" келетін болсақ, олар кез келген жерге монополия орнатқанды жақсы көреді. Бұған дейін Мәскеу немесе Санкт-Петербургктің нарығын жаулап алған компания қазір Астананы басып алып жатыр. Бұл компания тасымалдаушыларға қосымша ақша төлейді. Шығынды инвесторлар мен биржадан түскен қаржымен өтейді. Ресми таксопарктер бұлай істей алмайды", – деді Олег Фатюхин.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу