Талдықорған – Өскемен тас жолы қолданысқа қашан беріледі?

"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан "Талдықорған – Қалбатау – Өскемен" автожолының құрылысына қадағалау күшейген сияқты.

Талдықорған – Өскемен тас жолы қолданысқа қашан беріледі?

Жақында Алматы облысына жедел сапармен келген Үкімет басшысы Асқар Мамин күре жолды пайдалануға берудің мерзімін айтып, өңірдегі тиісті мекемелердің жауапкершілігін нақтылып кетті.

Осы республикалық маңызы бар "Талдықорған – Қалбатау – Өскемен" автожолының 313,5 шақырымы Алматы облысының аумағынан өтеді. Қазір жол бойындағы құрылыс қызып тұр. Оның ішінде 2 учаскедегі жұмыстың алғашқы нәтижесі байқалып та қалды. 287-1073 шақырым аралығындағы жаңадан салынған жолмен жақын күндері көлік жүре бастайды. Құрылыс жұмысы қыза түсті. Мердігер мекеме – "CITIC Construction Co LTD" серікістестігі жол құрылысын белгіленген мерзімде бітірмек ниетте.

Жалпы, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының шекарасын басып өтетін автобанның 31,5 шақырымы төрт жолақты, ал 282 шақырымы екі жолақты болмақ. Әдетте, жол салудан көпір тұрғызудың машақаты ауыр екені белгілі. Жетісу жерінен өтетін автожолдың бойында жаңадан екінші деңгейдегі 2 жолайрығы, 21 көпір және 404 су өткізетін құбыр салу жоспарланған екен.

"Қарқынды жұмыс режимін одан әрі жеделдету үшін құрылыстың жобалау мерзімдеріне тиісті түзетулер енгізу қажет және жергілікті тұрғындарды нысандарды іске асыруға тарту мен еңбекақы төлеудің қажетті жағдайларын жасау керек. Құрылыста қазақстандық қамту үлесін арттырудың маңыздылығын да ескеру шарт. Инфрақұрылым жұмыс істеуі керек. "Өскемен – Талдықорған" және "Қарағанды – Алматы" жобалары бойынша басты міндет – 2020 жылы жолдағы қозғалысты іске қосу. Бұл – әкімдерге қойылған талап. Әсіресе, сапа мәселесі негізгі басымдықта болуға тиіс", – деді Асқар Мамин.

Жол құрылысы бойынша жергілікті жердің жауапкершілігін күшейту жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында айтқан болатын. Әсіресе, аймақтағы ішкі қатынас жолдарының сапасына қатысты сын көп айтылатынын ескерткен Президент бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырған еді.

"Облыс аумағынан өтетін "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автокөлік дәлізінің іске қосылуы өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасына серпін қосады. Бірақ, аймақтағы ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Қазіргі күні облыс жолдарының 22 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, Алматы облысындағы ішкі жолдардың ұзындығы 6138,6 шақырымды құрайды. Бұл облыстағы 17 аудан мен 2 қаланы жалғайтын қатынас өзегі. Алайда  жергілікті мамандардың пікірі бұл жолдардың сапасы нашар емес дегенге саяды. Мысалға, өткен жылдың соңында ішкі қатынас жолының сапасын сараптаған мамандар, жол сапасы 78,1 пайызға жақсарды деген шешім шығарыпты. Негізінен, Алматы облысында жергілікті маңыздағы жолдарды салу мен жөндеуге жыл сайын 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп келеді. Ал осы жылы ішкі жолдардағы қауіпсіз және үзіліссіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатына 17 359,815 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 6 374,117 млн теңге республикалық бюджеттен, ал 10 985,698 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлініпті. Бүгінде осы қаржыға аймақтағы 23 шақырым жолды қайта салу мен жаңғырту жұмыстары басталды.

Гүлжан Амангелдіқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу