"Талдықорған-Қалбатау-Өскемен" автожолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Қажет Андас Қажет Андас
5026

2 жол айрық, 21 көпір, 404 су өткізетін құбыр салынады.  

"Талдықорған-Қалбатау-Өскемен" автожолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Биыл республикалық маңызы бар "Талдықорған-Қалбатау-Өскемен" автожолының 287-1073 шақырымы аралығындағы құрылыс жұмысы басталды. Осы жолдың 287-615 шақырымы Алматы облысының еншісінде. Қазір Талдықорған-Қапал жолының қиылысында, Қызылағаш, Сағабүйен ауылдарының арасында жол жасалып жатыр.

"Алматы облысына тиесілі жол бөлігі Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының шекарасын басып өтеді. Оның 31,5 шақырымы - 4, 282 шақырымы - 2 жолақты болады. Бұға қоса екінші деңгейдегі 2 жол айрығы, 21 көпір және 404 су өткізетін құбыр салынады", – дейді "ҚазАвтоЖол" ҰҚ Алматы облыстық филиалының сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің басшысы Сұңғат Жолдас.

"Каздорпроект" ЖШС жобалаған жол құрылысын жүзеге асыруды "CITIC Construction Co, LTD" ЖШС жауапкершілігіне алса, "ГК Инжиниринг" ЖШС техникалық қадағалауға жауап береді.

Бүгінде жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Талдықорғаннан шыға берістен бастап жер қазып, шағыл-тас тасып, құрылысқа қажетті басқа да материалдарды жеткізіп, сабылысып жүрген техникадан көз сүрінеді.

"Жобалау құжаттарына сай Талдықорған-Өскемен күрежолының 316, 362, 473, 532, 584 шақырымдарында 5 құрылыс алаңы орналасқан. Мұнда қаз-қатар үй көтеріліп, жол құрылысына қажетті техникалар мен материал дайындайтын зауыт салынған. Сонымен қатар жұмыстың тоқтаусыз жүруін бақылап отыру үшін Үшарал қаласының бұрылысында "Рубеж" бекеті, Қабанбай ауылының маңынан жол пайдалану пункті, Жансүгіров ауылы мен Үшарал қаласының маңынан жол пайдалану басқармасы құрылды", – дейді бөлім басшысы.

Ең бастысы, жол құрылысының басталғаны ауыл тұрғындарына көп көмек болды. Жұмыссыз отырған ауыл жастары жол құрылысы жұмысына тартылып, тіршілігін түзей бастады.

"Бұрындары бұл кезде қала жағалап, жұмыс іздеп кетуші едік. Енді демалуға уақыт таппай жүрміз. Ай сайынғы жалақымыз тұрмыстық қажеттілікті шешуге жетіп жатыр. Тіпті қала жағалап, пәтер жалдап жүретін таныстарымыз қайтадан ауылға орала бастады. Ауыл өміріне сән кірді. Күні бойы жол жұмысында болсақ, демалыс күндері үй-жайымызды реттеп, жаңаша өмірге талпынып жатырмыз", – дейді кран жүргізуші Асқар Бекенов.

Қажет Андас, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу