Талғарда орналасқан ұлттық құраманың оқу-жаттығу базасында 15 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ойыншыларынан құралған ұлттық академияның ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ашылу рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов, Қазақстан жастар құрамасы бас бапкерінің көмекшісі Елдос Ахметов және ұлттық құрама ойыншысы Аслан Дарабаев қатысты.
Жобаға ФИФА техникалық директоры Арсен Венгер қолдау көрсетіп, ұлттық академияның бас бапкері қызметіне ағылшындық маман Стюарт Джон Холл тағайындалды. Бас бапкердің жетекшілігімен жыл басынан бері еліміздің түкпір-түпкірінен 1300-ден астам 15 жасқа дейінгі ойыншы іріктеуге қатысты. Жекеменшік мектептер мен ауылдық жерлердегі футбол секциялары да назардан тыс қалмады. Іріктеуден іркілмей өткен 25 футболшы енді Талғарда орналасқан ұлттық академияға қабылданды. Әрі қарай Қазақстан U-15 ұлттық академиясы ФИФА және УЕФА ұйымдастырған халықаралық турнирлерге қатысады.
"Балалар керемет мүмкіндік алды. Бұл Қазақстанда футболды дамытудағы маңызды қадам. Халықаралық жарыстарда Қазақстанның атын шығаратын таланттардың ортасы болады деп сенеміз", – деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов.
"Қазақстан футбол федерациясының ұлттық академияны ашу идеясы еліміздегі футболдың дамуында үлкен серпін беретіні сөзсіз. Бұл болашақ ұрпақ үшін тамаша мүмкіндік. Мүмкін балалар әлі оны толық түсінбеген болар, бірақ болашақта үлкен серпін береді", – деді Аслан Дарабаев.
"Академияның ашылуы – болашаққа деген үлкен қадам. Әне-міне дегенше, бұл балалар ұлттық құраманың ойыншысы болады. Өте жақсы жоба. ФИФА-мен бірлесіп істеп жатқан керемет бастама. Осындай жобалар көбейіп, академиялар ашылған дұрыс. Осылайша алдағы уақытта біздің ойыншылар да сұраныс ие болып, шетелде ойнайтын болады. Бұл жоба арқылы балаларға жаңа есіктер ашылады, жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Арсен Венгермен жұмыс істейтін Стюарт Холл мырзаның келуімен елімізде футболға деген көзқарас өзгеріп, балалар одан сайын дами түседі деп сенемін", – деп атап өтті Елдос Ахметов.
Айта кетейік, 2023 жылы таланттарды дамыту жөніндегі стратегиялық мақсат аясында Қазақстан футбол федерациясы ФИФА-мен келіссөздер жүргізіп, жас ойыншыларды дамыту туралы өз жобасын ұсынды.
Нәтижесінде ҚФФ Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) даңқты футбол бапкері Арсен Венгер басқаратын High Performance департаментімен серіктес атанды. ФИФА-ның техникалық директоры Арсен Венгер ҚФФ айқындаған мақсаты мен нақты жобасына қолдау білдірді.
Осы жоба аясында Қазақстанға UEFA Pro лицензиясының иесі, UEFA және AFC лицензиясының нұсқаушысы, ағылшын маманы Стюарт Джон Холл шақыртылды. Birmingham City академиясының басшысы қызметінде тәжірибесі бар және ФИФА-да әлемнің әр түкпірінде жұмыс істеген Холл Қазақстандағы футбол таланттарын дамытуда көп үлесін тигізеді.