Талғат Байсуфинов: "Әлем чемпиондарымен ойын жігіттерге тәжірибе болады"

1525

Ертең Қазақстан мен Франция арасында өтетін матчқа Бақтиер Зайнутдинов қатыса алмайтын болды.

Талғат Байсуфинов: "Әлем чемпиондарымен ойын жігіттерге тәжірибе болады"

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы Францияға қарсы матч алдындағы баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

- Біз өз дайындығымызды істеп жатырмыз. Ертеңгі ойын барлығын көрсетеді. Біздің жігіттер дайын. Әлем чемпиондарымен ойын жігіттерге тәжірибе болады. Жігіттер футболдан рахат алып, алаңға шығып жақсы ойын көрсетеді деп ойлаймын.

- Бақтиер Зайнутдиновты Гончаренко соңғы ойындарда сол қапталда қорғаушы ретінде пайдаланды. Ол кейде жемісін беріп, кейде бермеді. Сіз оны алаңның қай шебінде қолданасыз?

- Бақтиер Зайнутдинов туралы айтсам, ЦСКА сапында жарақатпен ойнап жүріпті. ЦСКА дәрігерлері бізге ешқандай ақпарат бермей, жарақатын жаттығудан кейін байқадық. Ол ойынға дайын емес. Ескі жарақаты қайтадан сыр беріпті. Кеше оған бір күн демалыс бердік. Таңертең сөйлестік, ол ойынға қатыса алмайды.

- Украина құрамасы 5-5-1 схемасымен ойнап, ол өз жемісін берді. Сіз қандай тактика таңдайсыз?

- Біз жақсы ойын көрсетіп, шабуыл жөнінде естен шығармаймыз. Қазір барлық құпиямызды ашпаймыз. Ертеңгі ойында көреміз. Жігіттерімізден жақсы ойын күтіп отырмыз.

- Құрамаға тоғыз жаңа ойыншы алынды. Соның нешеуі ертеңгі ойында дебют жасауы мүмкін?

- Бір-екі жас ойыншы шығып, ойынның атмосферасын сезінуі мүмкін. Украинаға қарсы ойын да бар. Қалай боларын көреміз.

- Ертеңгі іріктеу кезеңіндегі бірінші ойында команда капитаны кім болады?

- Капитан туралы әңгіме көтермедік. Ертеңгі ойын алдында бұл мәселені шешеміз.

- Франция құрамасы синтетикалық алаңда ойнауға үйренбеген. Бұл сіздің құрамаңыз үшін басымдылық па?

- Синтетикалық алаңға келер болсақ, иә, бұл кішігірм көмек болуы мүмкін. Бірақ Әлем чемпиондары үшін қандай алаңда ойнаса да, айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Біз басымдылық жөнінде ойламаймыз. Біз Франция құрамасына қарсы ойында жанкүйерлер мен Әлем чемпиондары және біздің ойыншылар ләззат алатындай футбол көрсетуді ойлаймыз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу